Білім аламын деген адамға мүмкіндік те көп, таңдау да жеткілікті. Бірден екі дипломның иесі атануды қаласаң немесе біліміңді арттырғың келсе, Қазақстан аумағымен шектелмей, шетел асып кетуге де болады. Шетелде оқуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар да, оның көмегімен шетел асқандар да көп. Мысалы, Global UGRAD АҚШ-тың Халықаралық студент алмасу бағдарламасы, Германияның жоғары оқу орындарымен академиялық алмасуды іске
асыратын DAAD бағдарламасы жəне жыл сайын еліміздегі жастарға əлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасы бар. Барлығы дерлік білім алушының шығынын өтейді.

Осындай мүмкіндікті пайдаланған талапкердің бірі – Қазақ Ұлттық университеті шығыстану факультетінің 2-курс студенті Мөлдір Советова. Ол академиялық алмасу бағдарламасы бойынша Қытайда оқыған. Ол жақтағы оқу жайлы, жалпы бағдарлама туралы білу үшін Мөлдірмен əңгімелескен едік.

– Мөлдір, оқуға қандай бағдарлама бойынша бардың?

– Мен оқып келген бағдарлама «Бір белдеу – бір жол» деп аталады. Біздің қытайтану кафедрасы, шығыстану бөлімі жыл сайын осылай студенттер жіберіп отырады. Бұл бағдарлама студенттерге Қытайдың кез келген қаласында төрт ай тегін оқуға мүмкіндік береді. Оқуы тегін, ал қалған шығындары өз мойныңда.

– Қытайдың қай қаласында оқыдың?

– Мен білім алған жоғары оқу орны Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласында орналасқан. Beijing Foreigh Studies University деп аталады. Қытайдың лингвистикалық оқу орындары арасында беделді. 1941 жылы ашылған. 13 факультеті, 7 акаде- миялық бөлімі жəне онға жуық ғылыми-зерттеу институты бар.

Оқу процесінде қытай тіліне ерекше мəн беріледі. Сағат 8-ден 12-ге дейін төрт сағат таза қытай тілі оқытылады. Түскі асқа бір сағат беріледі. 1-ден бастап кешкі 5-ке дейін қосымша сабақтар болады. Бұл кезде қайтадан қытай тілі, ағылшын немесе басқа да тілдер оқытылады. Қытайда оқытушылар студенттермен жақсы тіл табысады. Ешқашан дауыс көтергенін көрмейсің. Кез келген сұрағыңа жауап беріп, мазалаған мəселені шешуге барынша тырысады.

– Артықшылығы мен кемшілігі туралы не айта аласың?

– Негізгі артықшылығының бірі – ерекше оқу процесі. Себебі ол менің білім жағынан дамуыма зор септігін тигізді. Дүниетанымың кеңейіп, интернеттен немесе кітаптан біле алмайтын дүниелерді біле аласың. Шетелде оқудың тағы бір артықшылығы – қаланың тарихи жерлерін аралап, таңғажайып көрікті жерлерін көріп, жергілікті халықтың мəдениетімен таныса аласың. Осы көрген-білгеніңнен алатын əсер рухани жағынан дамытады. Жеке мен үшін бұл кішігірім саяхат жəне зор тəжірибе болды.

Мен үшін қолайсыздық туғызған – тамақ мəселесі болды. Қытайда ет жəне нан өнімдері қымбат, сондай-ақ тағам мəзірі біздікінен əлдеқайда басқаша болғандықтан, жей алатын тағам табу қиын. Алайда кетер уақытқа дейін жергілікті тағамдарға қалай үйреніп қалғанымды аңғармай қалдым. Еліңді, отбасыңды жəне достарыңды сағынасың.

Ата-анаң мен достарыңның қадірін тек алысқа кеткенде ғана түсінеді екенсің. Елге оралғанда көпке дейін сағынышымды баса алмадым, ата-анамның қасынан шықпай, одан кейін көп уақытымды достарыммен өткіздім. Айналамыздағы адамдардың, еліміз бен жеріміздің қадірін тек шетел асып кеткенде ғана түсінбей, дəл қазіргі уақытта бағалауды үйренейік дегім келеді.

– Əңгімеңе рақмет!

Жазып алған
Аружан АҚҚҰЛОВА,
Абылай хан атындағы Қазақ
халықаралық қатынастар жəне
əлем тілдері университетінің
2-курс студенті.

Ұлан» газеті, №43
22 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз