«Төле би» телехикаясының жарық көргеніне бірнеше ай болды. Фильмдегі
актерлар туралы бұрын да жазылды. Оқырманға Төле бидің жас кезін сомдаған
Ерсұлтан Сіргебайдың есімі де жақсы таныс. Киноға түсіп жүргенде-ақ сұқбат беріп
үлгерген. Көрерменнің көзайымына айналып, «Қалқанқұлақ» атанған Ерсұлтан
қазір қайда жүр? «Ерекше сыйлық», «Қуат», «Дақ», «Мейірім аңсағандар», «Өмірдің өзі новелла», «Даналық ағашы», «Арманға апарар жол», «Менің атым Вальдемар» фильміне түскен. «Қалқанқұлақ» телехикаясында Олжасты да балалар ұмыта қоймады.

Ұлан: Жақында Шымкент қаласына қоныс аудардың. Киноға түсу үшін бе?

Ерсұлтан: Түркістан облысы, Бəйдібек ауданының Қазата ауылында дүниеге келдім. Ауылдық жерде тұрдық. Шымкент қаласындағы Т. Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысымын. 4-сыныпқа дейін ауылда оқыдым. Бірінші тоқсанды аяқтап, Шымкентке қыдырып бардым. Ол кезде «Мейрам» киностудиясында кастинг өтіп жатқан еді. Жеңгем ертіп апарып, кастингке қатыстырды. Бірнеше күннен кейін киноға шақырту алдым. Сосын Шымкент қаласына ауыстым. Бала кезде əн айтқан ұнайтын, киноға түсуді ойламаппын.

Ұлан: «Төле би» телехикаясына қалай дайындалдың?

Ерсұлтан: Алғаш рет тарихи фильмге түстім. Төле би атамыздың ұлы тұлға, дуалы ауызды, өткір тілді шешен екенін білеміз. Жастайынан көпшіліктің алдына шығып дау-дамайды шешіп, істің ақ-қарасын анықтап, əділ төрелік айтқан. Тарихи туынды болғандықтан қиынға соқты, бірақ актер деген атқа сай болып, кез келген рөлді сəтті алып шығу керек болды. Осы жоба арқылы «Əкеге қарап ұл өсер» мақалын түсіндім. Өйткені Төле би əкесіне қарап бой түзеген, асыл қасиеттерін бойына сіңіріп, ақылын тыңдады. Əкесі де оның шаруаға епсіз болғанымен, сөзге шешендігін көріп, жанынан тастамады. Əкесінің арқасында ел ағаларымен араласты.

Ұлан: Өзіңнің əкеңмен қарым-қатынасың қалай?

Ерсұлтан: Əкеммен жиі сырласамын. Менің үлгі тұтар тұлғам. Достар сияқты араласамыз. Барлық шаруаны əкеме айтамын. Мен қаладамын, ата-анам ауылда. Алғашында қатты сағынатын едім. Кейін үйреніп кеттім.

Ұлан: «Қалқанқұлақ» телехикаясы да танымалдық əкелді. Рөлің өзіңе ұнады ма?

Ерсұлтан: Осы кинодан кейін «Қалқанқұлақ» атанып кеттім. Көп уақыт түсірілім алаңында жүрдік. 300-ден астам бала кастингке қатысып, түсірілім тобы мені таңдады. Сенімді ақтауға тырыстым. Талай қызықты оқиға есте қалды. Есімнен кетпейтін 5-бөлімдегі оқиғаны айтып берейін. Мыстан кемпірдің үйіне бара жатқанда шалшық судан өттік. Өте бере шыбын-шіркей мен маса маған лап қойды. Көзімді шағып, денемді қызартты. Түсірілімді тоқтатуға тура келді. Жақпамай əкелгенше күтіп отырдық. Осындай қызық оқиғалар бастан өтті.

Ұлан: Маған əсер еткені, мыстан кемпірдің үйі деп ағашқа кірдіңдер. Осы эпизод туралы айтып берші…

Ерсұлтан: Бұл эпизод Түркістан қаласында түсірілді. Ағаш VIII ғасырдан бастау алып, тамыр жайған, 1300 жылдан астам уақыт тарихы бар. Ағашты мыстан кемпірдің үйі ретінде пайдаланғаны сəтті шықты. Ол ағаштың емдік қасиеті де бар екен. Адамдар іздеп келіп, сырқатына шипа сұрайды екен. Негізі мұндай ағаштар 300-500 жыл ғана өмір сүреді. Мыңжылдық тарихы бар ағаштың іші кеуіп кеткенімен, əлі күнге дейін жапырағын жайып, жеміс береді.

Ұлан: Кинодағы кейіпкерлеріңе қаншалықты ұқсайсың?

Ерсұлтан: «Қалқанқұлаққа» қатты ұқсаймын. Асығыс шешім қабылдап қоямын да, кейін бармақ тістеп қаламын. Олжас та сондай еді. Қайсарлығы мен ептілігі, шапшаңдығы менің бойымда да бар. Жақында «Немене» атты ситкомның түсірілімі аяқталды. Жандос деген қарапайым ауыл баласының рөліндемін. Əрі қарай көрерменге қызықсыз болып қалады. Экранға шыққанда көріп, бағалауға болады.

Ұлан: Оқу үлгерімің қалай? Бос уақытыңда немен айналысасың?

Ерсұлтан: Футбол ойнаған ұнайды. М.Əуезовтің шығармаларын жақсы көремін. «Көксерегін» қайталап оқудан жалықпаймын. Қандай адам болса да, білімді болу керек деген ұстаныммен өмір сүремін.

Ұлан: Əңгімеңе рақмет!

Айсұлу СЪЕЗХАН,
Абай атындағы
орта мектеп-гимназияның
11-сынып оқушысы.
Қаскелең қаласы,
Алматы облысы

Ұлан» газеті, №43
22 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз