Әдепкі төрт әріппен,
Шалқарды шарлар көлікпін.
Одан соңғы үш әріппен,
Денеге біткен көрікпін.
Одан кейінгі екі әріппен,
Батырмын, сертке берікпін.
Үшеуін қоссаң – данышпан,
Данаға кемел серікпін.

(Кеме – мең – ер, Кемеңгер)

***

Әдепкі төрт әріптен,
Білесің атын құм-төстің.
Ортаңғы үш әріптен,
Өтірік айтсаң көнбеспін.
Ең соңғы бес әріптен,
Көресің жердің күмбезін.
Үшеуін қоссаң – дәрілік
Шөбі болам түз-белдің.

(Адыр – рас – аспан, Адыраспан)

***
Алғашқы үш әріппен,
Саясы жайлы тыныспын.
Алдыңғы бес әріппен,
Жаныңа жақын туыспын.
Одан әргі бес әріп –
Дәуірі көне ұлыстың.
Үшеуін қоссаң – мәзірлі
Дастарқан дәмі – ырыспын.

(Бау – бауыр – сақ, Бауырсақ)

***
Бастапқы үш әріппен,
Шырынды гүлдің иісімін.
Одан соңғы төрт әріппен,
Күйедей заттың түсімін.
Ең соңғы төрт әріппен,
Кішіге үлкен кісімін.
Үшеуін қоссаң – ағашпын,
Өзгертпей тұрар пішінін.

(Бал – қара – ағай, Балқарағай)

***
Алдыңғы төрт әріппен,
Білдірем бардың көлемін.
Одан соңғы бес әріппен,
Жабуды кейін түремін.
Ең соңғы үш әріппен,
Денеге қорек беремін.
Үшеуін қоссаң тербеліп,
Шадыман күйге енемін.

(Алты – бақан – қан, Алтыбақан)

***
Алғашқы бес әріппен,
Жазылған мүлік қорымын.
Одан соңғы үш әріппен,
Патшалық дәуір зорымын.
Ең соңғы үш әріппен,
Жан болам өмір сыйлаған.
Үшеуін қоссаң, үй болам,
Рухани байлық жинаған.

(Кітап – хан – ана, Кітапхана)

Суретін салған Елана ЛЫСЕНКО

«Балдырған» журналы, №9
Қыркүйек, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз