Бүгінгі кейіпкеріміз «ұландық» оқырманның біразына таныс. «Көк пакет» деген шағын əңгіме естеріңде шығар? «Арман құшағында» атты əңгімелер жинағы да
шыққан. Ол – Аида Жеңіс. Менің курстасым. Аидамен алғаш танысқаннан-ақ тез
достасып кеттік. Əрқашан жайдары, көңілді.

Аида Америкада 3 жарым айдай тұрып келіпті. Ол Америкаға Cultural exchange program арқылы барған. Бұл бағдарлама студенттердің мəдениет алмасуына көмектеседі. Аида бір жарым ай бір отбасымен, екінші айда екінші бір отбасымен тұрып көріпті. Америкалықтармен өмір сүрген қыздың көзқарасын білгіміз келді. «Мен тұрған екі отбасында да кішкентай балалар болды. Олардың өмірі бізге қарағанда өзгешелеу. Мысалы, таңғы аста міндетті түрде бір немесе екі шыныаяқ кофе ішеді. Көбіне өздері үшін өмір сүреді. «Ел не дейді, жұрт басқаша ойлап қалмасын» деген көзқарас жоқ. Өздеріне қалай ұнаса, солай өмір сүреді.

Америкада ең қиыны, яғни үйрене алмай кеткен нəрсем – адамдардың көзіне тіке қарап сөйлесу. Өйткені Америкада адамның көзіне тіке қарап сөйлеспесең,
жақтырмады немесе ұнамай тұр дегенді білдіреді. Ал біздің елде қыз бала ер
адамның көзіне тіке қарап сөйлемейді ғой. Америкада көп адам менен неге төмен
қарап сөйлейтінімді сұрады. Қазақтың салт-дəстүрін түсіндіруге тырыстым»,
– дейді Аида.

Оның айтуынша, өзі тұрған екі отбасы да кішкентай балаларымен ересек адаммен сөйлескендей сөйлеседі екен. Бала сұрақ қойса, ерінбей жауап береді. Ұрсу, қол көтеру, зеку сияқты жағдайларды байқамапты. Бір нəрсені бүлдіріп қойса, жеке отырып түсіндіреді екен. Кейін өскенде психологиясына əсер етеді деп есептейді. Баланың психологиялық қабілеттерін дамытуға күш салатыны Аидаға қатты ұнапты.

«Америкада адамдар үнемі күліп жүреді. Мұңайып, төмен қарап жүрген жандарды кездестірмедім. Супермаркетте кезекте тұрып, танымайтын адаммен əңгіме-дүкен құра аласыз. Америкалықтар үшін «күндеріңіз сəтті өтсін», «бүгін əдемі киініп келіпсіз» деген сияқты жанды жадырататын сөздерді айту дағдыға айналған».

Аида шетелден тіл үйреніп қана қоймай, рухани жағынан дамып келгенін айтады. Əсіресе, сыпайылық сақтау жағына мəн беріпті. Отбасында ғана емес, қоғамдық көліктер мен қоғамдық орындарда да бір-біріне сыпайы қарайды екен. «Америка мен айтып отырғандай керемет те емес шығар. Бəлкім ашуланып, қоғамдық көліктерде ашу шақыратын кездері де болар. Алайда менің көзіммен қарасаңыз, бəрі де сыпайы», – дейді замандасым.

Аида сұқбат барысында америкалықтардың адамға сенім білдіретіні ерекше екенін атап өтті. Мəселен, танымайтын адамды үйлеріне тұрғызуға келісуі – соның белгісі. Екі отбасы да Аиданың рухани демалуына барынша жағдай жасапты. Қаланы аралатып қана қоймай, біздің ел туралы да қызыға сұрап, ықыласпен тыңдапты.

Аида жиырма жасқа толған туған күнін Disney World-та қарсы алған екен. Онда «туған күн иесі» деген арнайы төсбелгі табыс етіпті. Аида бала кезден Disney-дің анимациялық фильмдерін көп көріп өскен. Бала қиялындағы арманы жиырма жасында орындалыпты.

«Америкада журналистика бойынша да тəжірибе жинадым. New York Times
газетінің редакциясында, Today Show таңғы бағдарламасы мен The Voiсе бағдарламасының түсірілім алаңында болдым. Ол жақтағы медиа біздікінен
өзгеше. Бір бағдарлама шығару арқылы содан бренд жасайды. Қазіргі кезде елімізде адамдардың көбі бағдарламаларды теледидардан көрмейді. Ал Америкада міндетті түрде теледидар алдына отырып, уақыт бөліп, сүйікті бағдарламасын тамашалайды.

Америкаға барудағы басты мақсатым – New York Film Academy-ді көру еді. Онда журналистика жəне видео инженерияны үйретеді. Одан бөлек Нью-Йорк қаласында New York National Library деген əлемдегі ең үлкен кітапхана бар. Сол кітапханаға бару да естен кетпес сəт болды. «Америкада адамдар кітапты көп оқымайды» деп ойлайтынмын. Бірақ керісінше екен».

Аида Флорида штатының Джексонвилл қаласында болыпты. Одан бөлек Орландо, Сан-Августин, Валдоста, Нью-Йорк қалаларына саяхаттапты. Болашақта Америкаға тағы барып жатса, Голливудқа жəне Ниагара сарқырамасына баруды мақсат етіп отыр.

«Америкада мəңгілікке қалғым келмейді. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай,
олардың түсінігі бізден басқа. Иə, өмір сүруге жағдай жасалған, өте дамыған ел.
Бірақ бəрібір Қазақстанға жетпейтін сияқты. Өйткені ата-анамды, туған-туыстарымды, достарымды қатты сағындым»,
– дейді Аида.

Ол жалғыз өзі басқа елге баруға жүрексінбепті. Оған басты себеп – əлемді көруге деген құлшынысы. Мысалы, біздің елден Америкаға (Флоридаға) дейін 30 сағатқа жуық ұшып барған. Уақыт айырмасы – 10 сағат. Сондықтан мұхиттың ар жағына сапарлағандар күн режимін қалпына келтіре алмай, біраз əбігерге түседі екен.

Аидадан шетелде жүргенде көрген қызықтарын сұрауды да жөн санадық: «Менен бұрын да бұл бағдарлама бойынша студенттер барған. Америкалықтар күрішті (палауды) немесе лағманды қазақтың тамағы деп ойлайды екен. Өйткені
бізден барғандар сол тамақтарды жасап берген екен.

Америкалық отбасыма палау өзбектің, лағман ұйғырдың ұлттық тағамы екенін түсіндірдім. «Бізге осы бағдарламамен талай студент келді. Күнделікті жейтін
тағамдарымыз осы деп дайындап берді. Сондықтан палау мен лағманды қазақтың ұлттық тағамы деп ойладық», – дейді. Отбасым Қазақстанның тағамын жеп көргіміз келеді деген соң, оларға кəдімгі өзіміздің еттің суретін көрсеттім. Қалай асып, дайындайтынымызды айтқанда, таңғалды. Олар да ет жейді. Алайда біз секілді қойдың ішек-қарыны мен бас-сирағын мүлде жемейді. Жылқының етін де жемейді екен. Себебі жылқыны үй жануары санайды. Біздің мысық пен иттің етін жемейтініміз сияқты, олар да жылқының етін жемейді. Олар үй жануарларын
өте қатты жақсы көреді. Америкаға бармай тұрып иттен қатты қорқатын едім.
Өйткені кішкентай кезімде 3-4 рет ит қапқан болатын. Бірақ Америкада иттен
қорыққан жоқпын»,
– дейді Аида.

Аиданың айтуынша, біздің екі немесе үш тіл білетініміз америкалықтар үшін өте қызық көрінеді екен. Аида төрт тіл білетінін айтқанда, қатты таңғалыпты. Өйткені олар тек қана ағылшынша сөйлейді. Бір адамның бірнеше тілде сөйлеуі қиын деп ойлайды екен.

Р.S. Мүмкіндік болса, Аида секілді жер көріп, таным көкжиегін кеңейткенге не жетсін! «Ұланның» оқырмандарына барлық нəрсенің мүмкін екенін айтқым келеді. Аида да өздерің секілді «Ұланға» жазып өскен. Аида пайдаланған мүмкіндікті сендер де пайдалана аласыңдар.

Алмабек ИБРАЙЫМОВ,
«Ұланның» жас тілшісі.

Ұлан» газеті, №43
22 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз