Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Диас Жиренбай. Мəнерлеп сырғанаумен айналысады. Жуырда Челябі қаласында өткен жасөспірімдердің Гран-при жарысында еліміздің атынан бəсекеге түсті. Диастың халықаралық аренаға қадамы осы турнирмен басталды. Жас досымыз бұл сында 15-орыннан көрінді. Таразда туған Диас бұл турнирде астанамыздың атынан өнер көрсетті. Ал Алматыдан Ажар Жұмаханова, би жұбынан Анна Шнайдер мен Федор Варламов өнер көрсетті. Турнирде ерлер мен əйелдер жеке конькимен жүгіру жəне мұз үстінде билеуден сынға түсті.

«Мəнерлеп сырғанаумен айналысуды кеш бастадым. Негізі көп спортшы 4-5 жасынан бастап дайындалады екен, ал мен бұл спортқа 9 жасымда келдім. Бірақ тез үйреніп алдым», – дейді Диас.

Диас спортты кеш бастағанына қарамастан, Шымкентте өткен мəнерлеп сырғанаудан жастар арасындағы үшінші қысқы ойында 1-орын алған. Еркін бағдарлама бойынша Спорт шебері атағына үміткер.

«Челябіде бəрі керемет өтті. Жарыстан көп тəжірибе жинадым, жаңа адамдармен
таныстым. Көрермен мені қолдап отырды. Көпшіліктің алдында өнер көрсету маған қатты ұнады»,
– дейді жас спортшы.

«Мəнерлеп сырғанау Қазақстанда енді дамып келеді, бірақ бұл спорт түріне көп көңіл бөледі деп үміттенемін. Мен Сарыарқа велотрегінде жаттығамын, жағдайы жақсы. Бірақ жаттығуға аз ғана уақыт береді. Күнделікті мұз айдынында жаттығамын. Негізінде, одан да көп уақыт дайындалғым келеді», – дейді Диас.

Қазақстанда спорттың бұл түрі негізінен 2011 жылғы қысқы Азиададағы Денис Теннің жеңісінен соң ерекше қарқын ала бастады. Халықаралық жарыстарда бой көрсеткен Денис Тен, Абзал Рақымғалиев пен Элизабет Тұрсынбаева өзіміздің елде дұрыс жағдай жасалмаған соң, шетелдің мұз айдындарында жаттыққан болатын. Ал қазір ареналарымыз бар. Біршама жағдай жасалған. Бірақ, мəнерлеп сырғанау қымбат спортқа жатады. Екінің бірінің қалтасы көтере бермейді.

«Бізде мұз айдынын жалға алу қымбат. Бір сағаты 15000 теңгеден басталады.
Олар мұзды жалға алады. Біз Диасты Astana Diamond Skates-ке жаттығуға жібереміз. Сол жерде 1 сағат жəне Олимпиадаға дайындау мектебінде 1 сағат тегін дайындалады. Сонда жалпы 2 сағат дайындалады. Қымбат болғандықтан, көп ата-ананың қалтасына салмақ»,
– дейді Диастың ата-анасы.

«Балаңыз түрлі халықаралық турнирге қатысу үшін шетелге шығады. Сондайда жол шығыны қалай болады? Қазақстаннан демеушілер бар ма?» – деп те сұрадық.

«Жылына бір рет мектеп төлейді, қалғанын өзіміз төлейміз. Бірақ Диаспен бірге бапкері де баруы керек. Тренер баруы үшін өзіміз төлейміз», – дейді Диастың
əкесі Ержан мырза.

Мені Тутберидзе дайындаса…

«Жаттықтырушым – Айгүл Шавалеева. Əрине, Этери Тутберидзе де мені
дайындағанын қалаймын. Америкалық Натан Чен сияқты спортшылардан үлгі
алып, еліміздің атын əлемдік аренада танытқым келеді»,
– дейді Диас.

Жаттықтырушысы Диастың өте еңбекқор, əдепті, мақсатты, мінезді, жауапкершілігі жоғары бала екенін айтты. «Ол мəнерлеп сырғанауды кеш бастады. Халықаралық жарыстарда тəжірибесі жоқ, бірақ көп үміт күтеміз», – дейді Айгүл ханым.

Диастың Челябі қаласында көрсеткен өнерін ютубтан тамашалап, əуеде айналу секілді қиын элементтерді бірде-бір рет құламай орындағанына сүйсініп отырдым. Əдетте олимпиадаларда қанша жылдан бері қатысып жүрген спортшылар кейбір
элементтерді орындаймын деп құлап жатады. Диастың бойынан өзіне сенімділік пен жігерді көрдік. Халықаралық спорт журналисі Руслан Меделбек те «Денис Теннің ізін басар осы Диас болса екен» деп отыр.

Нұрлыхан ЖҰМАХАН,
«Ұланның» жас тілшісі.

Ұлан» газеті, №43
22 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз