Айжан – үйдің тұңғышы, әжесінің еркесі. Ол еркелігін мектепке барған соң да қоймады. Әрине, әжесі күні-түні айналып-толғанса, шолжаңдағанын қайдан қойсын.

Әжесі оның сабақтан келуін асыға күтеді. Ас-суын дайындап қойып, жолына қарап отырады.

Бір күні Айжан мектептен көңілсіз оралды. Әжесі алаңдап:

– Не болды, құлыным? – деп сұрап еді, ол:

– Пальтомның түймесін үзіп алдым, – деді бұртиып.

– Ештеңе етпейді. Кісі соған да ренжи ме екен? – деді әжесі оның көңілін аулап. – Түймең үзілсе, қайта қадайсың.

– Мен түйме қадауды білмеймін ғой…

– Білмесең, үйренесің… мен үйретем.

Ойламаған жерден бұл ұсынысты жылы қабылдаған Айжан:

– Жақсы, әже, мен үйренемін, – деді қайта көңілденіп.

– Жақсы. Бірақ, ең бірінші, оған қандай заттар керек екенін білуің керек, – деді әжесі.

– Оған ең әуелі түйме керек, – деді Айжан.

– Дұрыс, – деді әжесі Айжанның пальтосын қолына алып жатып. – Одан кейін ше?

– Одан кейін ине.

– Одан кейін?..

– Одан кейін жіп.

– Ал одан кейін ше?..

– Одан кейін.. жоқ, – деді Айжан қос алақанын бірдей ашып.

– Дұрыс. Бірақ жіп кесетін қайшыны ұмыттың. Енді сол айтқандарыңды тауып, алып келуің керек.

Шамалы ойланып қалған Айжан жүгіріп барып, әжесінің іс тігетін мәшинесінің тартпасынан түйме, ине және жіп, қайшы тауып әкелді.

– Дұрыс. Менің құлыншағым үлкен қыз болды. Керек нәрсенің бәрін тауып әкеліпті, – деді әжесі Айжанды көтермелей сөйлеп. – Енді іске кірісуімізге болады. Мұнда отырып, жұмысты баста.

– Әже… – деді осы тұста Айжан ернін бұртитып.

– Не боп қалды?…

– Түймені сіз қадай салыңызшы. Мен білмеймін ғой…

– Білмесең, үйренесің. Түк те қиындығы жоқ, – деді әжесі ине-жіпті немересінің қолына ұстатып жатып. – Ол сенің сабағыңнан қиын емес. Әрі қыз бала деген мұндай нәрселерді білуі керек. Білмесең, жұрт мені сөгеді. Әжесі ештеңе үйретпепті деп… Сен әжеңнің жаман атанғанын қалайсың ба? Кел, мұнда отыр!

Айжан әжесі нұсқаған жерге келіп отырды. Алдымен инені  сабақтады. Сосын пальтосын алдына қойды.

– Енді үзілген тименің орнын тап. Сосын түймеңді сонда қой. Инені тесігінен ары-бері өткізіп, қада, – деді әжесі.

Бұл жұмысты қызық көрген Айжан әжесінің айтқанын істеп, дегенін жасай берді. Басында инені қалың матаға кіргізе алмай қиналып еді. Әжесі көмектесіп, ол қиыншылықтан тез құтқарды.

– Мынаны саусағыңа ки, – деді бармақ басындай домалақ темірді беріп жатып. – Мұны осындай қалың киімдерге түйме қадағанда және сырмақ сырғанда киеді.

– Иә, білем, әже, оны «оймақ» дейді. Сіз жазда сырмақ сырғанда кигенсіз, – деді Айжан.

Жұмыс ары қарай бірден жүріп кетпегенімен, шамалы жеңілдей түсті. Әдетте қиқаңдап тіл алмағанымен, бұл жолы Айжан көп қиғылық салмады. Пышылдап жүріп шаруаны соңына жеткізді. Оның алғырлығы мен ептілігіне сүйінген әжесі:

– Міне, жарадың! – деді бас бармағын көрсетіп. – Қырық жыл тігіншілік істеген менен жақсы қададың. Сенен үлкен шебер шығады!

Айжан мәз. Алғашқы еңбегіне үлкен баға алғанына көңілі өсіп, желпініп қалды.  Таққан түймесіне қайта-қайта қарап, мәз болды.

Бір қызығы содан кейін Айжан еркелігін тастап, әжесінің маңынан шықпайтын елгезек қызға айналды. Мұның сырын сұрғандарға әжесі:

– Кейбір ерке ақылды болады, кей ерке ақылсыз болады. Ақылды ерке ақыл кіргенде  еркелігін тастайды, ал ақылсыз ерке өмірбойы шолжаңдайды да жүреді, екеуінің айырмасы осы, – деп жауап берді.

«Балдырған» журналы, №9
Қыркүйек, 2019

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз