Цирк дегенде көз алдымызға үлкен арена, хайуанаттар, көпшілікке күлкі сыйлайтын сайқымазақтар елестейді. Ал цирк өнерінің жанрлары мен қыр-сырын толық біле бермейміз. Цирк – сахналық өнердің бір түрі. Ол асқан ептілік пен күштілікке негізделген пантомималық ойын-сауықтар мен клоунның күлкілі əзіл-əжуасын қамтиды.

Басқа өнер салалары сияқты циркте де соңғы жылдары өзгеріс пен даму қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Мысалы, қазір циркте жаңа шеберлік əдістермен қатар, жануарларсыз цирк деген жаңа бағыт пайда болды. Жақында Қазақ мемлекеттік циркінде «Цирк Востока» тақырыбымен халықаралық ерекше қойылым өтті. Қойылым кезінде цирктің түрлі ерекше əдіс-тəсілімен танысып, тəнті болып қайттым.

«Күлкі өмірді ұзартады» деген сөзді күнделікті өмірде жиі естиміз. Егер осы тұжырым рас болса, онда цирк ұзақ өмір сүрудің кілті деген сөз. Əуені бағындыра білген акробаттар, жан-жануарлардың тілін тауып, оларға би үйреткен бапкерлер, ат құлағында ойнайтын шабандоздар, сиқырға толы алаң… «Цирк востока» бағдарламасын осылай сипаттауға болады. Қойылымда Кубаның танымал əртістері Magic show DUO MAGIQVA ұжымы өнер көрсетті. Əлемді аралап, əдемі қойылымдарымен көрермендерін қуантып жүрген олар Қазақстанға алғаш рет келіп отыр екен. Əртістерді əңгіме тартып көрген едік, сиқырлы бағдарламаның сырын айтты.

«16 жасымда əртүрлі фокусқа қызыға бастадым. Бес жылдай Omar Ferrer деген сиқыршыдан білім алып, тəжірибе жинап цирк алаңына келдім. Сиқырлы Magic show бағдарламасын жасап жүргенімізге 2-3 жыл болды. Біз өнер көрсететін
цирк жанрының ерекшелігі – 1-3 секундта трансформация жасап үлгеру, яғни тез
киім ауыстыру өнері. Цирк біздің өмірлік мекенімізге айналды»,
– дейді DUO
MAGIQVA əртістері.

«Сайқымазақ болу – күлкі болу емес»

«Цирк Востока» қойылымына Ресейден сайқымазақ Андрей Попыловский, халықаралық цирк өнері фестивальдерінің бірнеше дүркін жүлдегері, семафордағы акробат Руслан Файзулин қатысты. Андрей Попыловский Алматы циркінде екінші рет өнер көрсетіп отыр екен. Оның есімі ТМД елдерінде танымал. Əйгілі сайқымазақ ешқашан циркті таңдағанына өкінбепті.

«Сайқымазақ, клоун дегенді жағымсыз бейнеде сипаттайтындар бар. Ал мен үшін клоун болу – тек күлкі үшін емес. Менің мақсатым – көрерменді күлдіріп қана қоймай, олардың шынайы эмоциясын сыртқа шығару, ересектердің ішкі балалық шағын көрсету. Цирктің ішкі өмірін адамдар біле білмейді. Сырттан қарап отырғанда нөмірді орындау оңай болып көрінеді. Ал оны жеңіл орындау ауыр еңбекті, күш-қуат пен ізденісті талап етеді. Цирк əртісінің міндеті – көрерменді
баурап алу, оларды таңғалдыру, «осындай да болады екен ғой» деген ойға қалдыру. Цирк біздің өмірімізде өсіп жатқан жасыл бұтақ сияқты»,
– дейді Андрей
Попыловский.

Цирк бағдарламасы таңғалдырудан жалықпады. Əйгілі Алексей Храменковтың
жетекшілігімен Steel атты экстремал-күштік шоуы көрерменге қызық нөмір дайындаған екен. Бұл ерекше нөмір АҚШ-тың Firebird Production Inc компаниясының президенті Петр Дубинскийден шілде айында өткен ХII халықаралық цирк өнерінің «Азия жаңғырығы» фестивалінде беделді сыйлық алған екен. Алматы халқы мен қонақтары осындай қойылымды тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Қойылым əртүрлі бағыттағы шоуымен қуантты. Равиль Сейдгариевтің жетекшілігімен дайындалған «Даршы» нөмірінің тұсаукесері де жоғары деңгейде өтті. Қазақ мемлекеттік циркі жақында тағы бір жаңа
бағдарламаның дайындық жұмыстарына кірісіпті.

«Жаңа қойылым əуе гимнастикасы, акробатика, эквилибрика, иллюзия, күш атлетикасы жəне сайқымазақтар қойылымын қамтиды. Мұнда бас айналдыратын трюктер, таңғажайып өзгерістер, үйретілген жануарлар болады. Адамдар нағыз
мерекелік атмосфераны сезіну үшін барымызды саламыз»,
– дейді цирк басшылығы. Жаңа бағдарламалық қойылым қазан айының 27-сінен бастап көрерменін күтеді. Біз де Қазақ мемлекеттік циркінің кезекті қойылымын асыға күтеміз.

Ақерке
ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.

Ұлан» газеті, №42
15 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз