Елордада күрес түрлерінен өткен әлем біріншілігінде жанкүйерлер көруге асыққан жекпе-жектердің бірі грек-рим күресінің өкілдері қазақстандық Мейрамбек Айнағұлов пен Бразилияның намысын қорғайтын тараздық Марат Гарипов арасында болғаны анық. Гарипов 2016 жылы спорттық азаматтығын ауыстырып, бірден Бразилияның көшбасшы балуандарының біріне айналды. Былтырғы әлем біріншілігінде небәрі 20-орыннан көрінсе, биыл алғашқы айналымда Айнағұловтан 0:9 есебімен жеңіліп қалды. Бұл сәтсіздікке қатысты пікір білдіруден бас тартқан Марат өзге сауалдарымызға жауап беруге келісті.

– Қазақстанда балуандар арасында бәсекенің тым жоғары екенін өздеріңіз де білесіздер. Дарынды, мықты жастар көп. Олармен тайталасудың өзі қиын. Ірі халықаралық турнирлерде бірнеше рет жеңілсең, ешкімге де керек емессің. Сәті түсіп Мәскеудегі әлем чемпионатында Бразилияның күрес түрлерінен федерация президенті Педро Гама Фильомен танысып, олардың жеңілмеген чемпиондарынан басым түскен видеомды көрсеттім. Ол кісі аң-таң болды. Бірақ құрмет ретінде жейде сыйлап, «бізге керек балуансың» дегенді алға тартты. Сырт келбетім жергілікті тұрғындарға ұқсайтыны қол болды. Себебі ол елдің тұрғындарының қаны араласып кеткен. Онда еуропалықтар да, афроамерикалықтар да бар. Ауа райы да жақты. Бала күнімде бронхитпен ауырғандықтан, күн суыса болды, қиналып қалатынмын. Ал ол жақта үнемі жаз, – деп бастады әңгімесін Марат.

 – Бразилия сізді қалай қабылдады, түріңіз ұқсағанымен тілі бөлек қой…

– Қай кезде де адамға мақсат керек. Португал тілін тез үйрендім. Екі айда сұқбат беретін жағдайға жеттім. Тіпті ата-бабам латынамерикалықтар болған ба деген ой келді. Бастапқыда ыстық әрі қапырық болып тұратын Рио-де-Жанейрода тұрдым. Сол кезде ауа райына байланысты қиындықтар болды. Бірақ артылған сенімді ақтауым керек екенін түсіндім. Ал жергілікті халықпен тез тіл табысып кеттім. Олар өте ашық.

– Білуімше, ол жақта өз үйіңіз бар…

– Баспаналы болуыма федерацияның вице-президенті Элизио Макамбироның көмегі зор. Ол кісі Сан-Пауло штатында тұрады, қаладағы депутаттар мен мэрлердің көпшілігімен жақсы араласады. Сол кісінің арқасында Жоао Карлос маған үй сыйлады. Қазір сонда тұрып жатырмын. Достарым да көп. Қайта-қайта қонаққа шақырып тұрады.

– Қазір Бразилияның азаматысыз ба?

– Қазақстан азаматтығынан бас тартқан жоқпын, спортшы ретінде ғана сол елдің атынан өнер көрсетіп жүрмін. Дегенмен елге жақын арада оралатын ойым жоқ. Мені бұл жақта кім күтіп отыр? Бізде менсіз де «жұлдыздар» көп. Іріктеу сындарында өзіңді үнемі дәлелдеумен жүресің, босаңсуға еш мүмкіндік жоқ. Қазақстан біріншілігіне 50 адам қатысса, Бразилияда бес адам бақ сынайды. Айырмашылық көп. Ал менің әзірге бозкілемнен кеткім келмейді.

 – Өзге елге кеткеніңізге өкінбейсіз ғой?

– Өкінетіндей себеп жоқ. Өзім туған Таразда да сен тұр, мен атайын дейтін жігіттер көп. Бұл ойланып қабылданған шешім.

 – Бразилия құрамасында көшбасшы балуандардың бірісіз. Мұхиттың ар жағында қандай жетістіктерге жетіп үлгердіңіз?

– Бразилия сапында алғаш рет Куба астанасы Гаванада өткен жарысқа қатысып, финалда жергілікті балуанға есе жібердім. Кейіннен Бразилия кубоктарында топ жарып жүрдім. Перуде ұйымдастырылған Панамерика чемпионатында қола жүлдегер атандым.

– Қазақстан балуандарға жасалған жағдай жағынан топ басында тұрған мемлекеттердің қатарында. Бірақ проблемалар да жоқ емес. Ал Бразилияда тапқан табысыңыз қара басыңызды асырауға қаншалықты жетеді?

– Төленетін жалақы Қазақ стандағыдай. Айталық, ел чемпионы – 300 доллар, халықаралық турнирлерде жеңіске жеткендер 500 доллар алады. Әлемдік рейтингте 20-орында тұрғандарға – мың доллар, 15-орындағыларға екі мың доллар беріледі. Алғашқы үштіктегілердікі көбірек – бес мың доллар. Әлі үйленген жоқпын. Сондықтан әзірге табысым өзіме жетеді.

– Латынамерикалық балуандардың күресу тәсілі несімен ерекшеленеді екен?

– Оңтүстікамерикалықтар да, Орталық Америка өкілдері де салқындатқышсыз, ақ тер, көк тер боп күресіп жүре береді. Соған әбден үйренген. Ал халықаралық аламандарда жарыс белгілі бір температурада өтуі керек. Салқындау жерде күресу мен ыстықта күресудің айырмашылығы бар.

Әлгінде күрестен жақын арада кетпейтініңізді айтып қалдыңыз. 17 қыркүйекте 35-ке толыпсыз. Құттықтаймыз! Ол жақта сіздің жасыңызға қатысты ешқандай сын айтылмай ма?

– Рақмет! Ол жақта тәжірибеге, физикалық қабілетіңе қарайды. Ең бастысы, өзім ешқандай ауыртпалық сезінбеймін. Дәл бұрынғыдай арқанға өрмелеп, жүгіріп жүрмін. Тек жаттығу алдында көбірек дене қыздыру керек. Әйтпесе жарақат алып қалу қаупі бар.

– Елге қаншалықты жиі келіп тұрасыз?

– Уақытым барда Тараздағы анамды көруге келіп тұрамын. Туыстарыма күнделікті хабарласамын. Ол жақта Қазақстан туралы көп айтамын. Себебі жергілікті халықтың көбі біздің ел туралы біле бермейді. Ал осында келгенде бапкерлердің қолын алып, құрамадағы жігіттермен бірге оқу-жаттығу жиындарына қатысамын. Сырт жақта да командалас әріптестеріммен жиі кездесіп тұрамыз. Қазақстанда болып жатқан оқиғаның барлығынан хабардар болуға тырысамын. Байланысымыз үзілген емес. Осы жолы да таныстарым кезек-кезек қонақ қылып күтті.

 – Қазақтың етін әбден сағынып қалған боларсыз?

– Дәл солай. Бразилияда ет тағамдары пен қуырдақты сағынамын. Жат жерде қазақ, тіпті орыс тілінің өзі жаныңа жақын болып тұрады. Естіген бойда барып танысып, сөйлесуге тырысамын. Осы уақыт аралығында португал тілі мен сол жақтың стейкіне де үйреніп қалыппын. Біздің бразилиялықтармен ұқсас тұсымыз – етті жақсы көретіндігімізде. Бірақ олар жылқының етін жемейді. Елге оралғанда көбінде қоғамдық көлікпен жүремін, көзіме ыстық жерлердің бәрін көріп, мауқымды басамын. Жырақта жүргенде туған жердің қадірін шынайы түсінесің. Өзге елдің намысын қорғасам да, Қазақстанның орны бөлек. Күрестің қыр-сырын үйреткен бапкерлеріме зор алғыс айтамын.

–Күресті таңдамауыңызға амал да болмаған шығар, атаңыз Жамбыл облысында грек-рим күресінің негізін қалаушылардың бірі ғой…

– Рас, күреске 10 жасымда келдім. Бірақ оған дейін футбол ойнап, велосипед теуіп жүрген баламын ғой. Футболдан кейін өзімізше балалармен бірге белдесіп, көбінде ұтылып қалатынмын. Атам Майкоп Абданбаевтың атында турнир өтіп жатқан. Қатысып бағымды сынап көрейін деп шештім. Сол жарыс қызығушылығымды арттырып, жарты жылдан соң облыс чемпионы атандым. Анамның мамандығы дәрігер. Бірде анамды біліктілігін арттыру мақсатында Тараз қаласына жіберді, мен де еріп бардым. Сол кезде күрес залын тауып, бапкерім Серік Қалдығұловпен таныстым.

– Спортты аяқтаған соң Қазақстанға оралу жоспарда бар ма?

– Бапкер ретінде көмегің қажет десе, жұмыс істеуге қуана келісуші едім. Дегенмен елге бүгін-ертең ораламын деп айта алмаймын. Себебі бәрі уақыттың еншісіндегі дүние.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №42
15 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз