Жер бетінде ең алғаш сулы орта пайда болған. Су Жер шарының ¾ бөлігін алып жатыр. Тірі ағзалардың 60-70%-ы, өсімдіктердің 90%-ы судан тұрады. Осыдан-ақ су – тіршіліктің көзі деген тұжырымның дəйекті екенін аңғаруға болады.

Судың адам ағзасына пайдалы екенін білеміз. Ал судың қандай түрі бар, оның пайдасы мен зияны қандай екенін білесіңдер ме? Мысалы, жеңіл су дегеніміз – төмен дейтерийлі немесе сутегісінің ауыр изотопы кем су. Судың бұл түрі ХХ ғасырдың ғылыми жаңалығы болды. Ал соңғы онжылдықта əлемдік трендке айналды. Жеңіл судың феноменін ғалымдар тек 60 жыл бұрын зерттей бастады. Қазақстанда бұл зерттеулер белсенді түрде жеті жыл бұрын басталған.

Жақында Астана медициналық университетінің ғалымдары жеңіл суға қатысты тағы бір тың зерттеу жұмысын жүргізді. Ол «Жеңіл физиологиялық толыққанды ауыз судың ғарышкер ағзасының функционалды резерв деңгейі жəне өмір сапасына əсері» деп аталады. Астана медицина университеті, Қазақ тамақтану академиясының тамақтану мəселелері институты, Asia Waters ғылыми қызметі мен Ресей эксперттерінің жетекшілігімен өткізілген ғылыми зерттеуге қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов қатысты.

Зерттеу барысында 2018 жылдың желтоқсанынан бастап қазақстандық ғарышкер дейтерийі төмен TURAN жеңіл суын ішті. Қайнатылған судың құрамында дейтерий мөлшері күрт өсетіндіктен, зерттеу барысында шай, кофе сияқты барлық ыстық сусын жеңіл суды 90 градусқа дейін ысыту арқылы дайындалған. Айдын Айымбетов күніне 1,2-1,4 литр жеңіл су ішкен. Алайда ғарышкердің күнделікті тұрмысы, тамақтану əдебі өзгерген жоқ.

Ғарышкердің айтуынша, ол барлық жерде тек жеңіл суды қолданған. «Бұл зерттеуге қатысу менің өмірімдегі жəне кəсіби қызметімдегі ең жеңіл сынақтың бірі болды. Себебі менің міндетім – тек су ішу. Сынақ тəулік бойы, ұзақ уақыт жүргізілгендіктен, үйреніп кеттім. Қиындық та кездесті. Мысалы, қонаққа
барғанда «Шай ішесіз бе?» деп сұрағандарға: «Жоқ, рақмет, өзімнің суым бар,
соны ішемін», – деп жауап беретінмін. Ғалымдар маңызды зерттеу жұмысын
жасап жатқандықтан, талаптарын барынша сақтауға тырыстым»,
– дейді
Айдын Айымбетов.

Зерттеу барысында ғалымдар ай сайын ғарышкердің бойын, дене массасын, жүрек жиырылу кезеңдерін, қан қысымын, бұлшықет күшін, өкпенің өмірлік сыйымдылығын, жүйке жүйесінің жұмысын өлшеп отырған. 138 күн бойы жеңіл су ішудің нəтижесінде ғарышкердің жалпы денсаулық көрсеткіші 14%-ға жақсарған дейді ғалымдар.

Ал Қазақ тағамтану академиясы тамақтану мəселелері институтының ғылыми қызметкері, Asia Waters ғылыми қызметінің дəрігер-диетологы Евгений Бекаевтың айтуынша, жеңіл су ішу нəтижесінде ғарышкердің дене массасының индексі 0,6%-ға төмендеп, тəждік қанайналым 8%-ға өсіп, өмірлік индекс 2,8%-ға жақсарыпты. Күш индексі 7,5%-ға, жүрек-қан тамырлары жүйесінің төзімділігі 40%-ға, эмоционалды тұрақтылық 11%-ға, сабырлылығы 20%-ға артқан. Демек, күнделікті тұтынатын судың сапасы мен құрамының, химиялық қасиеттерінің адам ағзасына əсері көп.

«Егер осындай суды дайындап, күрделі технологиялық процестерге байланысты басқа елдерге бір литрін 8-20 еуроға сатсақ, ел экономикасына үлес қосар едік. Қазақстан жеңіл судың табиғи кен орнымен, қолжетімді бағасымен мақтана алады. Жеңіл судың орталығы Ақмола облысындағы Көкшетау қыратында орналасқан. Қазақстандықтарға бұл кен орнының суы TURAN табиғи минералды суы ретінде белгілі. Судың құрамындағы дейтерийдің мөлшері өте төмен – 133,3 ppm. Əлемде жеңіл судың құрамындағы ауыр сутегінің максималды көрсеткіші 135 ppm екенін ескерсек, Қазақстандағы судың көрсеткіші жоғары екенін аңғаруға болады», – дейді ғалымдар.

Академик, гидрогеолог, Қазақстандағы табиғи жеңіл суды ашқан ғалым, Asia Waters ғылым директоры Евгений ПЯТОВ: «Біз бұл кен орнын байқаусызда таптық. Ұңғыманы бұрғылап, алынған судың изотопты құрамын зерттегенде, оның жеңіл суға жататынын байқадық. Мұны Украина, Ресей, Германия ғалымдары да растады. Кейін тағамтану институтына хабарласып, адам ағзасына жеңіл судың əсерін бірлесіп зерттей бастадық», – дейді.

Медицина ғылымдарының докторы, Қазақ тамақтану академиясы тамақтану мəселелері институтының директоры Ерболат ДАЛЕНОВ жеңіл судың қан қысымын төмендету мен ұйқының жақсаруына əсер ететінін айтады. «Үш жыл бойы құрамында дейтерий төмен су ішіп жүрдім, соның арқасында қан қысымын төмендететін дəрі-дəрмектен бас тарттым. Гипертония мен ұйқысыздықтан қиналатын зейнет жасындағы емделушілерім де жеңіл суды бір жыл ішкен соң ұйқысы мен қан қысымы жақсарғанын айтады», – дейді ол.

Ағзаның жалпы жұмысының жақсаруы оның дейтерийдің төмендеуіне байланысты. Ғарышкер Айдын Айымбетовтің ағзасында дейтерий көрсеткіші 142,9 ppm көрсеткішінен 135,8 ppm көрсеткішіне дейін төмендеген. Ғарышкер де мұны жоққа шығармайды. Оның айтуынша, адам денсаулығының 70%-ы қандай су ішетініне, қалай тамақтанатынына байланысты. Қалған 20-30%-ы ғана сыртқы фактордың əсеріне тəуелді.

Жеңіл су ағзаға емдік əсерін беріп, зат алмасу, иммунитетті арттыру, қатерлі ісік жасушаларының өсуін төмендету, қартаю үдерісін тежеу, өмір жасын ұзарту процесін жақсартатын қасиетке ие. Сонымен қатар, сəулелендіруден, радиация қатерінен қорғайды. Сондықтан оны ғарышкерлердің реабилитациясында қолданады. Жеңіл суды ғалымдар «ғарышкерлер суы» деп атайтыны сондықтан.

Дайындаған
Дана МАРАТОВА

Ұлан» газеті, №42
15 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз