Адина Нұрланбаева – 11-сынып оқушысы. Адинаны о баста есте сақтау қабілеті нашар болғаны үшін жылдам оқу үйірмесіне берген екен. Курста қабілетін дамытқан жасөспірім бүгінде жылдам оқудан Қазақстанның чемпионы. Ресейдің «Удивительные люди» шоуына, отандық бірнеше шоу-бағдарламаға қатысқан Адина туралы бұрын да жазған болатынбыз. Ал бүгінгі əңгімені соңғы жаңалықтарынан бастадық.

– Адина Нұрланбаева атындағы жылдам оқудан халықаралық мектеп аштым. Кітапты тез оқу бойынша онлайн, оффлайн курс жүргіземін. 13 жыл бимен айналыстым, билеген ұнайды. Шахматтан 3-разряд алдым. Жылдам оқу курсына 2016 жылы келдім. Соңғы бес айда глобал техникамен де айналысуды бастадым. Бұл да жылдам оқуға ұқсайды. Жалпы атауы – мнемотехника. Қазір №125 мектептің 11-сынып оқушысымын. Қосымша ҰБТ-ға дайындық, сабақтарым бар.

– Рекордың жөнінде айтып берші…

– Кішкентай кезімде есте сақтау қабілетім нашар болған. Қанша оқысам да, жаттай алмайтынмын. Бесінші, алтыншы сыныпта тарих, география пəндері қосылды. Барлық сабақтан үздік болсам да, оқығанымды есте сақтау қиын болды. 2016 жылы анам мені жылдам оқу курсына берді. Сол жылдың маусым айында бір минутта 94 мың сөзді 90 пайыз түсінумен алғашқы курсымды аяқтадым. Кейін қабілетімді арттыру үшін 2017 жылдың тамыз айында минутына 132 мың сөзді 100 пайызға түсініп оқыдым. Осылай жылдам оқу бойынша Қазақстан чемпионы атандым. Мұндай нəтиже болатынын, сертификат беретінін білмедім. КТК арнасындағы «Наша правда» бағдарламасы шақырды. Бұл – бірінші телевизиялық шоуға қатысуым еді. Осы шоудан соң Ресейдегі «Удивительные люди» бағдарламасының редакторлары байқап, бірінші тамызда шақырту келді.

Біздің уақыт бойынша түн ортасы еді. Ұйқылы-ояу дұрыс түсіне алмадым. Жай қонақ ретінде шақырған шығар деп ойладым. Анам Мəскеуге баратынымызды естіп, қатты қуанды. Мен де қуандым, бірақ сену қиын болды. Ресейдің «Удивительные люди» бағдарламасына барғанға дейін мен туралы деректі фильм түсірілді. Ол 130 елде көрсетіліп, төрт тілге аударылды. Бірақ оны көбі біле бермейді.

– Мектеп ашуға не түрткі болды?

– 2019 жылдың сəуір айында сабақ бере бастадым. Балабақшаның балаларына шеберлік сабағын өткізуге ұсыныс түсті. Презентациямды жасап, сабақ өткіздім. Балалар жақсы нəтиже көрсете бастады. Екі күн ішінде ең үздік көрсеткіш 1200 сөз болды. Қатты таңғалдым. Бір күнде екі жарым сағат уақытымды арнадым. Осылай тəжірибе жинай бастадым. Басқа орталықтарға барып курс өткізіп жүрдім. Бір күні анам екеуміз өзіміз неге орталық ашпаймыз деп ойланып, ақылдасып, бастап кеттік. Қазір онлайн курстың адамдарын қоспағанда 100-ге жуық адамды тез оқуға тəрбиеледім.

– Қанша жастағы адамдарды оқытасың? Курс қалай өтеді?

– 13 жастан асқандарды қабылдаймын. 9-13 жас аралығындағы балаларға тек шеберлік сабағы болады. Сексен бес жастағы əже де келіп оқыған. Қысқасы, жүз жасқа дейін келе беріңіздер (күліп). Курс бағдарламасы да ересек адамдарға арналған. Маған көбіне 25-55 жас аралығындағылар келеді. Ересек адамдар тез қабылдайды, тез түсінеді. Курсты жеке жəне топпен өткіземін. Топпен жұмыс екі күнге созылады, сенбі, жексенбі күндері қабылдаймын. Топта он адам болады. Жеке қабылдау бағасы қымбаттау, уақыты графигіме қарай қойылады. Жеке қабылдауыма жазылатындар көп. Себебі ол жерде əр адамның қабілетін еркін бақылап, бір адаммен ұзақ уақыт жұмыс істей аласыз. Сол үшін де оларға қолайлы деп ойлаймын. Шетелдерден онлайн оқитын қатысушылар да бар. Курс соңында арнайы сертификат табысталады.

– Осы салада авторлық методикаң бар ғой?

– Иə, оқыған дүниені ұзағырақ есте сақтау үшін арнайы техника ойлап таптым. Методикамды интернетке салмадым. Бірақ курсқа қатысқан оқушыларыма, ақша төлеп тұрған соң, суретке түсіруге, көшіруге рұқсат беремін. Мені белгілеп қойса болғаны. Алғашқы деңгейді оқи бастағанда бес əдіс қолданамын, оның екеуі өзімдікі.

Эпилепсиямен, аутизммен ауыратындар да келеді

– Курсқа қызығушылар көп пе?

– Иə, өте көп. Инстаграм парақшама жазып, сұрап жатады. Эпилепсиямен, аутизм синдромымен ауыратын адамдар да келген. Курсқа бір қыз келді. Есте сақтау қабілеті он пайыз ғана екен. Жұмыс істей бастадық. Бір күннің ішінде 1100 сөз оқитын нəтижеге жетті. Оған ұнады, қатты қуанды. Сондай-ақ, компания басшылары, заңгерлер, спортшылар келеді. Курста жылдамдыққа оқимыз, түсінуге үйренеміз, артикуляцияға жұмыс істейміз. Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, АҚШ елдерінен де қызығатындар бар. Əркім əртүрлі себеппен келеді. Ең алдымен не үшін келгенін сұраймын. Ол мен үшін өте маңызды.

– Қазақстанда осы бағыттағы басқа да курстар бар ғой?

– Мен Ресейдегі бағдарламаға барып келгеннен кейін Алматыда төрт курс ашылды. Олар интернеттегі материалдармен ғана сабақ өткізіп жүрді. Аз уақытта осынша сөз оқу мүмкін емес деп келеді. Неге? Себебі кейбір курстар кітапты Ресейден сатып алады. Өздері əдіс-тəсілін білмейді. Сосын нəтижелі болмайды. Алматыдағы тез оқу курстары бір ай жүріп, екі жүз сөз оқытады. Менің курсымда бұл сөздерді үш сағатта оқи алады. Алғашқы тобымның оқушылары қазір елу мың сөз оқиды. Осы уақытқа дейін өзімді жарнамалаған емеспін. Қатысушылар өздері келіп, нəтижесін көрген соң, алғыс айтып, Инстаграм парақшамды белгілеп, курс жайлы айтып жатады.

– Жылдам оқу тілге тəуелді ме?

– Жоқ, тəуелді емес. «Абай жолын» сегіз сағатта оқыдым. Аудармасын білсем оңай. Кейбір қазақша терең мағыналы сөздерді түсінбей қаламын. Негізі тез оқу əдісі барлық тілге ыңғайланған. Ең алдымен өз тіліңде оқыған дұрыс. Шетелдегі қатысушылармен онлайн курс өткізгенде өз тілінде оқып, маған орысша аударып береді. Тілде шекара жоқ.

– Адинаның бір күні қалай өтеді?

– Ұйықтауға жəне тамақ ішуге уақыт өте аз. Кейде үлгермеймін. Сағат таңғы 8:00-ден түскі 14:00-ге дейін мектепте боламын. Сабақтан соң үйге келіп, киімдерімді ауыстырып, үштен алтыға дейін онлайн курсымды жүргіземін. Жеті мен тоғыздың арасында өзім қатысып жүрген курс бар. Жүргізушілерге арналған қазақстандық курс. Түнгі 10-ға дейін шет елдегі оқушылармен онлайн курс болады. Өйткені олармен уақыт сəйкес келмейді. Сосын үй тапсырмасын орындап, демалуға жатамын. Байқағаныңыздай, тамақ пен ұйқыға уақыт жоқ.

– Қанша тіл білесің?

– Қазақ, орыс тілдерін білемін. Түрік, украин тілін түсінемін. Бірақ, жетік меңгердім деп айта алмаймын. Ұнайды. Ағылшын тілін түсінемін, мектепте оқып жатырмын. Шетелдегі оқушыларыммен ағылшынша сөйлесемін. Одан бөлек IELTS-қа дайындалып жатырмын. Оқуға түсу жайлы айтар болсақ, Қазақстанда оқимын деп ойлаймын. Магистратураға қайда түсетінімді кейін ойлана жатармын.

– Көзге көп салмақ түсе ме, əлде миға ма?

– Көзге көбірек салмақ түседі, миға да. Көздің көруін, мидың есте сақтау қабілетін жақсартады. Маған келген бір баланың көзі -0,5 болды. Курстан кейін көзі жүз пайыз көріп кетті. Кей адамдарға кері əсер етеді. Курсқа дейін адамдар кітаптың үш жолын көре алады. Қатыса бастағанда алғашқы жарты сағаттан бастап кем дегенде бес жолды бір қарағаннан көре алады.

Күніне кем дегенде бір кітап оқимын

– Кітапты жиі оқисың ба?

– Күніне кем дегенде бір кітап оқимын. Қазір уақытым аз болып, оқи алмай жүрмін. Аптасына 200 бет қана оқуға мүмкіндік болып жүр. Белгілі бір жанр ұнайды деп айта алмаймын. Өзіме қажетті деген кітаптарды оқыған ұнайды. Мектепке қатысты кітаптар болса, сабаққа жарты сағат қалғанда оқимын.

– Бос уақытыңда немен айналысасың?

– Достарыммен, жақын құрбыларыммен сирек кездесемін. Үш айда бір рет шығар. Отбасымның жанында боламын. Анама көмектесіп, ініме қараймын.

– Болашақта өзіңді қай саладан көре аламыз?

– Бизнес саласын немесе халықаралық қатынасқа байланысты мамандықтардың бірін оқитын шығармын.

– Алдағы жоспарың қандай?

– Қазақстанның əр түкпірінен шақырту алып жатырмын. Осы салада шəкірт тəрбиелегім келеді. Менің орныма сабақ берсе екен деймін. Өзім оқумен шетелге кетіп, алыстан басқарып, жұмыс істегім келеді.

– Рақмет, Адина! Бағындырар биігің көп болсын.

Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №42
15 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз