ҚАҢТАРДАҒЫ МОЗАИКА

Айдың әлсіз жарығы.
Қаңтар.
Соқпақ.
Күміс қар.
Қысқы тірлік сарыны –
Үнсіздік һәм дыбыстар.

…Ұйықтамайды бұл қала
қақпас бір сәт кірпігін.
Асфальт жолдар сұрлана
Күтер Көктем «дүмпуін».

Айдың әлсіз жарығы –
Түн жанары қыраулы.
Дүниенің қалыбы
Дүниедей тұманды.

Мезі қылған мезеттен,
Уақыт та жалыққан.
Күн қайтады кезекпен
Күнделікті «сауықтан».

Айдың әлсіз жарығы.
Қаңтар.
Соқпақ.
Күміс қар.
Түн…
Уақыт үнсіз ағады –
Уыстан…

ТҮНГІ АБСУРД

Ақпан түні.
Шамның жарық көз жасы құйылады әйнектен.
…Төрт қабырға төрткүл дүниеге ұмсынған.
Тереземнің түбіне қатқан суық ақ қар тірі –
Буланады даурыққан кіл қоғами былшылдан.
…оны мәңгі ұмыттырар қай Көктем?!

Жалыққандай Мезет Сәттің өзінен,
Ғасыр Жылдан шаршаған.
Ақ қар тілі ұшынған дертті қоғам Сөзінен…
Төртбұрышты ойлар жадын қоршаған –
Тереземнің көзімен.
Ақпан түні.

Ақпан түні.
Ақ кебіндей суық әрі ызғарлы.
Жалқы сәтте көрінді алғаш ақ қар кірі –
…Тереземде Қоғам кірі сіңіп кеткен із қалды.
Әр тұрғынның жүрегіне қатқан түбі.

Ал не дейсіз, Сіз жарлы?!

УРБАНИЗАЦИЯ

Қара басты…
Табанымнан Құт кетті – Дала қашты.
Кірпігіне Күн қонған күлімкөзім,
Қайтпас!..
Теңіз болып кетсе де жанар асты.

Көшті Дәуір,
Көшті бауыр – өшті ошақ.
Кеңістіктің түбінде бір көш жосап…
Балалықтың елесі жүр бұл маңда –
Балбал-күннің маңдайына тас қашап.

Құлазыған ақ шағыл,
Қайтем,
қоштасуым жүрегіне батса ауыр.
…Теңіздей-ақ шулап қалар қара орман,
Жоқтап болар ертең мына шақ сәуір.

Гүлің едім өсіп шыққан өртеңге,
Қасиетіңді ұға алдым ба, Мен пенде?!
…Қашып барам қадірі жоқ Бүгіннен
Бәрі кеткен соқпақпенен Ертеңге.

Сенде өткен әрбір күн –
Әліппесі болды білем Тағдырдың.
Жан қалмады. Мен де кеттім.
Қош, аман…
Өткенімді аманат қып қалдырдым.

* * *

Селт еткен жоқпын Дүбірге,
Жалт еткен жоқпын Тасырға.
Түңілген жоқпын Күбірге,
Үңілген жоқпын Жасынға,
Не дейсің, Өмір,
Расында?!

Өмір,
Мен емес – соңың, басың да,
Сынағың бар ма?
Тосылма!
Жұмбағың бар ма?
Жасырма!
…Сенен артық жалғанда
Жоқ, білем,
досым, қасым да.

…Не дейсің көңілі бос ұлға,
Көмілген жоқпын Жақұтқа.
Айнала алмадым Ғасырға,
Байлана алмадым Уақытқа…
Жиырма жеті жасымда.

МЕЗГІЛ КӨШІ

Күз – Өлеңнің соңғы нүктесі,
Мен үшін.
…Белгілі  жолды күтпесім –
Келісім.

Көктемді өлтірдім өзім
Түнде қоңыр.
…өлді жəне сол түнгі сезім –
Сүрген өмір.

Ғасыр сандырақтайды,
Уақытқа жұтылып.
…Қосайырық.
Жол жырақтайды –
Іште Күн тұтылып.

Күз – Өлеңнің соңғы нүктесі –
Соңғы жазба.
…Өзгені енді күтпеші,
Қалды Жазда…

* * *

Он жыл бұрын…
Ол кезде әлі баламыз –
Әрі жақын, әрі шалғай арамыз.
…Бір-ақ күнде таныстырды көктеме,
Бір-ақ сәтте табыстырды қара Күз.
Сол уақытта аштым жаңа Әлемді,
Сол уақытта жаздым алғаш Өлеңді.
Жарық дүние қапелімде жаңарды –

Ішкі дүние ғалам сынды көнерді.
Ұмыта алмай сол бір көркем кезеңді,
Сан төңкердім Тағдыр тартқан көземді…
Қанша раушан көкірегімде гүлдеді –
Айтылмастан іште қанша Сөз өлді.

Жан жылыған әрбір ыстық хаттардан,
Жанарымда әр әріпі жатталған.
Әр күн сайын қаншама рет оқылып,
Әр күн сайын жүрегімде сақталған.
…Уақыт өтті.
Бәріне де «қош» дедік.
Өмір ғой бұл!
Өмір деген – естелік.
Кеттік сосын екі тарау жолменен,
Кеттік, солай…
«кетеміз деп дос болып».
…Солай, солай Қылықтым,
Мұз құрсаған жетім көлдей тыныппын.
…Қаншама жыл ұмытам деп жүргенде
Бір-ақ күнде өз-өзімді ұмыттым.
Он жыл бұрын…
Ол кезде әлі баламыз.
Әрі жақын, әрі шалғай арамыз.
…Он жетінші көктемімде ғайып боп –

Алғаш рет мұңға ораған қара Күз.

Он жыл өтті…
Қазір соның бәрі аңыз!

Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2019

Суретті салған Н.Ященко

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз