«Ақ желкен» журналы бұрыннан «Ержеттім… Бойжеттім…» айдарымен балалар мен жасөспірімдерді мазалайтын тақырыптар бойынша әртүрлі мақалалар жазып келеді. Бұрын ата-аналар қарсылық танытса, қазір дұрыс ақпарат алғысы келетінін айтады. Бүгінде қоғамда жыныстық сауат жөнінде ашық айтыла бастады. Редакциямызға да ата-аналар тарапынан осы тақырыпта жиі жазу туралы өтініштер келеді. Бала ақпаратты қайдан алуы тиіс? Егер қиын жағдай туындағанда кімнен кеңес сұрауы керек? Жыныстық жетілу үдерісі қалай жүреді? Біздің сауалымызға Бинеш Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығының урологы Айнаш Сейітжанқызы жауап берді.

– Ұл баланың жыныстық жетілуі қанша жастан басталады? Процес кезінде қандай өзгерістер болады?

– Бір шындықты мойындау керек. Қазіргі балалар бұрынғыға қарағанда тез жетіледі. Ақпараттық ағынның әсерінен жыныстық жетілуге қатысты нәрсенің бәрін ерте біледі. Соның әсерінен жыныстық қатынас мектеп кезінен басталып жатады. Негізі жыныстық жетілу он-он екі жастан басталады. Бұрын қыз балаларда етеккір он төрт жастан бастап келсе, қазір он-он бір жастан бастап келетін жағдайлар кездеседі. Ұлдарда да жыныстық жетілуі он жастан басталады десек болады. Өтпелі кезеңде дауысы жуандайды, жыныс мүшесінің айналасына түктер шығады. Бала өзінің денесін сезе бастағаннан кейін әртүрлі қызығушылықтары басталады. Бәрі үйдегі тәрбиеден басталғаны жөн. Балаға он жастан бастап ата-анасы жыныстық өмірдің бар екенін байыппен түсіндіре беруі керек.

– Балаға жыныс гигиенасы туралы қай кезден бастап айтқан жөн? Осы мәселеде нені ескеру керек?

Жыныстық гигиена сақтау өте маңызды. Бұған да күнделікті тазалыққа мән берген секілді қарау қажет. Мысалы, оған ішкиімді дұрыс таңдау жатады. Синтетикалық әрі тар ішкиім кимеген дұрыс. Сондай-ақ бір ішкиіммен ұзақ уақыт жүрмей, жиі ауыстыру керек. Мұсылмандық заңы бойынша балалар төрт-бес жасынан бастап сүндеттеледі. Сүндеттелудің пайдасы көп. Ол жыныс мүшесінің басына микроб жиналудан сақтайды әрі таза тұрады. Бірақ таза екен демей, күнде жуып отыру ләзім. Егер сүндеттелмегендер болса, онда жыныс мүшесін күніне кемі екі рет жуып отыруға тура келеді. Жалпы балаға гигиена туралы ертерек айтып, түсіндіре берген артық етпейді.

– Баланың анайы фильмдерді көруі оның жыныс мүшесіне, жалпы жыныстық жетілуіне қаншалықты әсер етеді?

– Кәмелеттік жасқа жеткенше анайы фильмдерді көруге болмайды. Алайда бүгінгідей ашық заманда шектеу қою мүмкін емес. Десек те оның бәрі жыныстық сауат мәселесіне келіп тіреледі. Әрине, анайы фильмдерді ерте көру денсаулыққа айтарлықтай әсер етеді. Он екі-он үш жастағы жетілу барысында эрекция (жыныс мүшесі көлемінің ұлғайып, қатаюы) болады. Егер эрекция жиі болса, іштегі ұрық сыртқа шығуы керек. Адамның бойында гормондар ойнап, құмарлығы арта түседі. Оның салдары простатитке (қуық асты безінің қабынуы) әкеп соғады. Яғни ұрық сыртқа шықпаса, қуық асты безінен бөлінетін сөл жиналып, қан айналымы бұзылып, простатит ауруы пайда болады.

– Ұрықтың жансыздауына қандай факторлар әсер етеді? Оның сапасын жақсарту hәм белсіздіктің алдын алу үшін не істеген жөн?

– Белсіздік дертіне шалдығу жас талғамайды. Тіпті он сегіз-жиырма жастағылар да осы дертке ұшырап жатады. Оның негізгі себебі ретінде адамның өмір сүру салты, радиация, экология, дұрыс тамақтану мәселелерін айтуға болады. Сондай-ақ жыныстық жол арқылы берілетін небір инфекциялар бар. Ештеңе себепсіз болмайды. Адам өз тағдырына жауапты. Ес білгеннен бастап денсаулықтың аманат екенін түсініп, үнемі күтініп жүрсе деймін. Бұл аурудың алдын алуға болады. Тек адамдар дәрігерге уақытында келіп тексеріліп, себебін анықтап, ұзақмерзімді терапия қабылдауы керек. Ал бізде қалай? Адамдар уақытында келмейді, жыныстық ауру туралы айтуға ұялады, қорқады. Өз бетінше дәрі ішіп емделу мүлдем дұрыс емес. Оның соңы әртүрлі таблеткаларға тәуелділікке, одан қала берді басқа да аурулардың туындауына себепші болады.

– Қанша жастан бастап жыныстық қатынасқа түскен дұрыс?

Қазір асықпай отбасын құратын жастар да бар. Физиологиялық тұрғыдан кеш үйлену зиян. Денсаулығын ойлаған адам мейлінше ерте үйленгені немесе тұрмыс құрғаны дұрыс. Дінімізде ерте үйленуді насихаттайды ғой. Себебі адам ағзасы он сегіз жаста толық дайын болады. Әртүрлі аурудың алдын алып, өздерінің физиологиялық функциясын дұрыс атқаруы тиіс. Әр нәрсе өз уақытында болғаны абзал.

– Астыртын ләззат (мастурбация немесе онанизм) қаупі бар ма?

– Астыртын ләззатпен айналысу жасөспірімдерде жиі болады. Тіпті ұйықтап жатқанда да мұндай сезімдер болып жатады. Мұны ғылым тілінде поллюция дейді. Яғни ерлер мен жасөспірімдерде еркінен тыс ұрықтың шығуы. Бұл он төрт-он алты жастан басталады. Поллюция – жыныстық жетілудің бір көрінісі. Осының бәрі мастурбацияға әкеледі. Оны зиян деп те, пайдалы деп те айтуға болмайды. Себебі бұған ғалымдар тарапынан біржақты көзқарас жоқ. Әрине, мұны дінімізде құп көрмейді. Ұрықтың жиі сыртқа шығуы белсенділікті төмендетеді, әлсіздікке апаруы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге ерекше көңіл аудару қажет деп есептеймін.

P.S. «Уролог маманға бару ешқашан кеш емес», – деді Айнаш Сейітжанқызы сөз соңында. Ол тіпті деніңіз сау болса да жылына бір-екі рет қаралып тұруға кеңес берді. Аурудың жақсысы жоқ. Ал ең жақсысы – ауырмай тұрып кез келген дерттің алдын алу. Жыныстық сауат туралы балаға жиі айту да еш артық етпейді.

Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ

Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз