Жақында «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында 2019 жылдың 13 ауысымы «Атаның сөзі – ақылдың көзі» атты жас тарихшылар мен географтардың Республикалық кездесуінің ашылу салтанаты өтті.

Иә, аталар сөзі – кешегі өткен қариялардан, ғұлама ойшылдар мен шешен-билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден мұра, мирас болып қалған ұлы тәрбие құралы екені белгілі. Десек те, бүгінгі салтанатты ашылу рәсімінде қойылған сахналық қойылым мың жылда бір-ақ көрінетін кометалардай сыры да, сезімі де терең, тұңғиық дана тұлғаларымыздың көріністерімен ерекшеленді.

Көрерменнің жан-дүниесін тебірентіп, рухани байлыққа кенелткен айтулы іс-шара қатысушыларымыздың бойына Отанға, Туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, тамыры терең тарихымызға қайта үңілдіргендей.

Ауысымның ашылу салтанатында Орталығымыздың Бас директорының міндетін атқарушы Қуат Қайырұлы Нұрмұханов сөз сөйлеп, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған балаларды ауысымның ашылуымен құттықтап, оларға дарынды да тапқыр, білімді де білгір болуларына, тарихымызды жалғайтын «Мәңгілік елдің» мызғымас ұландары болуға тілек білдірді.

Дайындаған Баспасөз хатшысы Ерденова Айнур Жетпісбайқызы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз