Жаманшың метеоритті кратері – ерекше табиғи нысан. Жерге құлаған метеориттен пайда болған. Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында орналасқан.
Кратер шамамен 1 миллион жыл бұрын пайда болған деседі.

2019 жылдың қыркүйек айында Ертіс-Кереку елінен Оқушылар сарайының «Антарес» астроклубының жетекшісі Гүлнар Баубекова жəне жас ғалымдар Алексей Беличенко мен Əмір Қаратай осы таңғажайып құбылысты зерттеп, Жаманшың кратерін зерттеу экспедициясына арнайы қатысып қайтты.

«Қазақстанның киелі жерлері» географиясына Ақтөбеден 10 нысан енген. Соның бірі – Жаманшың кратері. Зерттеушілер Жаманшың осыдан 1 миллион жыл бұрын оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарап ұшқан ірі метеориттің жерге қиғаш (көлбеу) құлау салдарынан пайда болғаны анықталған. Ойпаттың диаметрі – 5-6 шақырым, түбі жайпақ, тереңдігі 700 метрдей. Метеориттің диаметрі 200-400 метрге дейін жетеді деп тұжырымдайды ғалымдар. Жас ғалымдардың танымын кеңейтетін экспедиция Ақтөбедегі облыстық планетарийдің бастамасымен өтті.

Қазақстан мен Ресейдің астрономия жəне геология саласының атақты ғалымдары да ғылыми зерттеу экспедициясына қатысқан. Олар: Флоренский Павел Васильевич – профессор, Ресей жаратылыстану академиясының академигі, əлемге əйгілі геолог (Мəскеу қаласы); Зейлик Борис Семенович – Қазақстанның атақты геологы, профессор, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Минералды ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі (Алматы); Виктор Ирохович Гроховский – Урал федералды университеті физика-технологиялық институтының доценті; Сергиенко Елена Сергеевна – халықаралық метеорит қауымдастығының мүшесі, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің доценті; Жүніс Сахиев – фантаст жазушы, астрогеодезист қауымдастығының қатысушысы.

Біздің жас астрономдар кратерді жүріп өтіп, жер бетінде сирек кездесетін, ғарыштан түскен шыны əйнектерді тапты. Клуб жетекшісі мен мүшелерінің айтуынша, экспедиция кезінде ғалымдар мен өлкетанушылар, тарихшылар кратерді қорғау, геопарк құру, жаратылыстану ғылымдарының жас мамандарын оқыту, ғылыми-зерттеу жəне іс-тəжірибе алмасу орталығына айналдыру жұмыстарын жүргізген екен. Экспедиция мүшелері бізге алған əсерлері туралы бөлісті.

Əмір ҚАРАТАЙ:

– Біз алғаш рет күрделі экспедицияға бардық. Павел Васильевич Флоренский туралы бұрын да естіген болатынбыз. Бұл сапарда оны жақсырақ танып-білдік. Ол ғылымның нағыз аңызы. Мен де болашағымды геологиямен байланыстырамын деп үміттенемін.

Алексей БЕЛИЧЕНКО:

– Экспедицияға барған кезде шатырда тұрып, төтенше жағдайда өмір сүруді үйрендік. Түнде жұлдызды аспанды бақыладық, экспедицияда телескоп болды. Онда аспан өте ашық екен, сондықтан бақылау ерекше, ұмытылмастай болды. Əмір екеуміз ғылыми жұмысымыз үшін материал жинақтадық, оны жақында аймақтық конференцияда ұсынамыз.

Гүлнар БАУБЕКОВА:

– Экспедициядан соң Ақтөбе қаласының тарихи мұражайында Жаманшың кратеріне арналған конференция өтті. Жаманшың кратеріне əлемдік деңгейдегі геобақ мəртебесін беру туралы шешім қабылданды. Бұл біздің Жаманшыңға барған соңғы сапарымыз емес. «Антарес» клубының барлық тəрбиеленушісін осы жерге əкелемін деген жоспарым бар.

Оқушылар экспедициядан жаманшит, иргизит, тектит деп аталатын əдемі тастар тауып əкелді. Жер бетіндегі жұмбақ тастардың бірі – тектиттер. Атауы латынның тектос сөзінен шыққан. Ол – балқытылған тас. Чехословакия, Үндістан, Оңтүстік Африка жəне Австралия жерінде кездеседі. Жаманшың тектиттерінің ерекшелігі – əлем бойынша метеорит кратерінен табылған ең əдемі тастар тек біздің елде ғана кездеседі. Флоренский оларды «Ырғыздар» деп атайды екен. Ырғызидтер араб тілінен аударғанда «бүрку» деген мағына береді.

«Антарес» астроклубының тəрбиеленушілері метеориттік кратерді зерттеу жөніндегі халықаралық экспедициядан мол мəлімет жинап, білімдерін толықтырып, танымал ғалымдармен танысып, елге тамаша көңіл-күймен оралды.

Оқушылар сарайындағы «Антарес» жас астрономдар клубының мүшелері зерттеулерін жасап, жобаларын іске қосып жатыр. Болашақта үйірмеден Қаныш Сəтбаев атамыз секілді ғалымдар, Тоқтар ағамыз секілді ғарышкерлер шығады деген үмітіміз бар.

Əсем АИПОВА,
М.М.Катаев атындағы
Оқушылар сарайының
əдіскері.
Павлодар қаласы

Ұлан» газеті, №41
8 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз