Сəнім Абибулланың бойында жақсы қасиеттер көп. Табандылығы мен талантына тəнті болдым. Ол еліміздің көк байрағын көтеріп жүрген жас гимнаст. Жақында «ҚР спорт шеберіне үміткер» атанды. Мектебіне іздеп барып, қоңырауда əңгімелестік.

Ұлан: Сəнім, спорт шеберіне үміткер атанғаныңа қуанып жүрген боларсың?

Сəнім: Бала күнімнен гимнастикаға қатты қызығамын. Ешқашан жаттығуымды тоқтатқан емеспін. Көп уақытым жаттығуға кетеді. Атақ мен үшін маңызды емес. Мақсатым – гимнастика мектебін ашу. Көп шəкірт тəрбиелегім келеді.

Ұлан: Қандай жетістіктерің бар?

Сəнім: Осы күнге дейін біраз жарысқа қатыстым. Республика көлеміндегі ірі жарыстарда бақ сынадым. Атырауда ұйымдастырылған турнирлерге талай рет шақырылдым. Қызылорда қаласындағы жарыста жеңімпаз болдым. Бішкек қаласындағы халықаралық деңгейдегі жарысқа екі рет қатысып, 2-орын алдым. Əлемнің гимнаст жұлдыздарымен танысып, тəжірибе жинадым. Ресейдің қыздары мықты. Оларда гимнастиканың барлық деңгейі дамыған. Түрлі техникалармен өнер көрсетеді. Олардан көп нəрсе үйрену керек екенін түсіндім. Елге келіп, жаттықтырушыммен көрсеткен өнеріме талдау жасадық. Хорватияда өткен байқаудан соң əлі де еңбектену керек екенін түсіндім. Онда үздік ондыққа кірдім.

Ұлан: Шетелдегі достарыңмен араласып тұрасың ба?

Сəнім: Əлеуметтік желі арқылы байланыстамыз. Жарыстарда жиі көрісіп қаламыз. Хорватияға жарысқа барғанда əр өңірден келген құрбыларыммен қаланың көрнекі жерлерін араладық. Бір үйдің қыздарындай болып жүрдік. Бір-біріміздің жетістігімізге шын қуанамыз. Көрсететін өнерімізді ақылдасып, пікірлесеміз. Кем-кетігімізді түзейміз. Оған қыздар ренжімейді.

Ұлан: Бəрекелді! Өзіңе қатты талап қоятын сияқтысың…

Сəнім: Көркем гимнастикада жоғары көрсеткішке ие болу үшін ең алдымен сабыр қажет. Жаттығуларға белсенді қатысып, əр уақытта орындайтын бағдарламаларыңды жетілдіріп жəне құралдардың техникасын жақсы игеру керек. Біздің үздіктерге осы қасиеттер жетіспей жатады. Сосын күн режимін сақтаған жөн. Дұрыс тамақтану – басты талап. Артық салмақ өнер көрсетуге кедергі келтіреді. Ұн өнімдерінен жасалған тамақты жемеймін, газдалған сусын ішпеймін. Сабақ пен спортты қатар алып жүрген оқушымын. Жаратылыстану бағытын тереңдетіп оқытатын мектепте оқимын. Бос уақытым жоқ. «Жаттығуға бармаймын, сабақ оқығым келмейді» деп ата-анама еркелеген емеспін. Міндетімді білемін.

Ұлан: Көркем гимнастикаға да ата-анаң əкелді ме?

Сəнім: Анам – дене шынықтыру пəнінің мұғалімі. Алғаш рет спортқа қызығушылығымды оятып, гимнастика залына ертіп апарды. Ең бірінші жанкүйерім – анам мен жаттықтырушым Айнұр Найзабайқызы. Осылардың арқасында жарыстардан жүлдесіз қалмадым. Көркем гимнастикаға қыздарды үш жасынан бастап береді. Бірақ бес жастан берсе де кеш емес. Мен сегіз жасымда келдім.

Өте қиын болды. Себебі гимнастикамен айналысқанда созылып, иіліп, жаттығуларды дұрыс орындау керек. Гимнастикада шыдамды жəне осы спортқа махаббаты зор спортшылар ғана қалады.

Ұлан: Еліміздің атын шығарып жүрген гимнастика аруларын танисың ғой?

Сəнім: Көркем гимнастика десе Əлия Жүсіпова есімізге түседі. Қазақтың тұңғыш гимнаст аруы болып тарихта қалды. Əлия əпке секілді əлемдік додаларға қатысқым келеді. Шəкірттерінің алды олимпиада ойындарында өнер көрсетіп жүр. 2016 жылы Сəбина Əшірбаева Рио олимпиадасында өнер көрсетті. Болашақта қазақ гимнастикасында аңызға айналған спортшымен бірігіп жұмыс істегім келеді. Оның Шымкенттен ашқан мектебі туралы да білемін. 400-ге жуық қызды көркем гимнастикаға баулығанын естіп, қатты қызықтым. Содан кейін менде де дəл осындай мақсат пайда болды. Шəкіртке үлгі болатын ұстаз болғым келеді. Гимнастика десе қыздар ғана еске түседі. Ұлдар да бұл спорт түрімен айналыса алады. Болашақта ер балаларға арналған дайындық тобын да ашуды армандаймын.

Ұлан: Ұлттық ойындарды жақсы көреді екенсің…

Сəнім: Ұлттық ойындарды білу – парыз. Көшпелі халықтың ұрпағы болғандықтан салт-дəстүрді құрметтеу керек. Спорттан тыс уақытта логикамды дамытамын. Тоғызқұмалақ, Бес тас, Асық ойынын жақсы меңгеріп алдым. Тоғызқұмалақ –шахмат, дойбы ойындары сияқты адамнан шыдамдылықты, салқынқандылықты, терең жəне логикалық ойлауды қажет ететін ақыл-ой спорты. Күрделілігі жағынан тоғызқұмалақ алдыңғы орындағы спорт түрі. Тоғызқұмалақтың басқа есеп ойындарынан ерекшелігі – өте нəтижелі, тең аяқталу өте сирек кездеседі. Қазақ халқы атам заманнан бері спортқа əуес. Атпен шабу, көкпар тарту, ит жүгіртіп, құс аулау секілді небір сайысқа түскен. Адамды тəрбиелеу, ой-санасын шынықтырып, жетілдіруге арналған ұлттық спорт түрі өте көп. Қыз болсам да, асық ойнаймын.

Айсұлу СЪЕЗХАН,
Абай атындағы
мектеп-гимназияның
11-сынып оқушысы.
Қаскелең қаласы,
Алматы облысы

Ұлан» газеті, №41
8 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз