Ханс Кристиан Андерсеннің «Үйректің сүйкімсіз балапаны» деп аталатын ертегісін оқыған боларсыз. Үйрек аққудың жұмыртқасын басып шығаратыны есіңізде шығар. Әркім сұлулықты өзінше түсінеді емес пе? Үйректер аққудың әппақ балапанын «сүйкімсіз үйрек» деп атайды. Оны үйректер қоғамы мазақ етіп, өзі қатарлас балапандар түртпектей береді. Мазақ етеді. Ертегінің негізгі оқиғасы осылай өрбиді. «Сұлулықты мансұқтаған үйректер-ай!» дейсің оқып отырып.

Алғаш мектеп пайда болған б.з.д. 500-жылдары да сыныптағы бір баланы мазақ ету, оны түртпектеу оқиғалары болып тұрған. Ол жаман әдет бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Сол түртпектеуде жүрген баланы бейнелі түрде «сүйкімсіз үйректің балапаны» деп атауға болады.

Қазіргі таңда жұмыста, үйде, мектепте адамдардың 50 пайызы жәбір көретіні дәлелденген. Сонымен, егер сіз «сүйкімсіз үйректің балапаны» болып, осы 50 пайыздың қатарына кіретін болсаңыз…

Мектепте

Статистика бойынша әрбір үшінші оқушыға қатарластары жәбір көрсетеді екен. Жәбірлеудің екі түрі болады. Психологиялық және физикалық. Мектептерде осы
жәбірлеулердің екі түрі де кездеседі. Бұл оқиға жалғаса беретін болса, оқушыда
дидаскалейнофобия пайда болады. Яғни мектепке баруға қорқыныш. Бұл фобиямен әлемде жүз мыңдаған оқушы ауырады. Сонымен қатар мектептегі өзін жәбірлеу туралы әңгімені оқушылардың 11 пайызы ғана ата-анасына айтып келеді екен. Оның өзінде мұндай істің тек төрттен бірі ғана шешіледі. Бұл мәселенің барлығын қатарластарыңның бетін қорықпай қайтару арқылы ғана жеңуге болады.

Отбасында

Мектеп баланың жәбір көретін жалғыз жері емес. Мұндай жағдайлар отбасында да болуы мүмкін. Статистика бойынша он баланың екеуі отбасында психологиялық және дене соққыларын алады. Бұл жағдай баланың тәбетіне, ұйқысына әсер етіп, оның ашушаң болуына әкеп соғады. Осындай жағдайда өмір сүріп жатқан баланың бойындағы серотонин гормонының бөлінуі бір жылдан кейін үш есе азайып, оның депрессияға түсуіне жеткізеді. Әлем ол үшін күңгірт тартып, мәнсіз күй кешеді.

Бұл тығырықтан көбіне психологтың көмегімен шығуға болады. Бұл дәрігерлермен жұмыс істеген науқастардың үштен бірінің мәселесі шешілетінін ғалымдар дәлелдеген.

Сонымен сіз «сүйкімсіз үйректің балапаны» ретінде осындай жәбірленулерге тап
болуыңыз мүмкін. Олардың шешімдерін біз жоғарыда жазып өттік.

«Егерде…» айдарының келесі санында үлкен өмірдегі қысым мен жәбірлеу төңірегінде сөз қозғаймыз.

ТӨЛБАСЫ

Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз