Олжас Сүлейменовтің: «Алматы қаласының Алма Ата деген бұрынғы атын қайтару керек» дегенін естігенде, есімнен танып қала жаздадым. Себебі кеңес өкіметі қайта орнап қалғандай көрінді.

Біз мектепте оқығанда Алматы сөзі орыс тілінде жіктелмейтін де, септелмейтін де. «Я родился в городе Алматы» деп жазатынбыз. Өткен ғасырдың 70–90–жылдары Алматы сөзінің орысша мағынасы «отец яблоки» дейтіндер пайда болды. Оның дұрысы «яблоневый» болуы керек екенін ешкім ескермеді. Ол кез орыс тілінің қазақ тілін әбден тықсыртып тастаған кезі болатын. Ақырында Алматының аты  Алма – Ата болып, «я родился в городе Алма – Ате» деп, ол сөзді орысша септейтін де, жіктейтін де болдық. Сол тұста Алматыдағы Есентай өзені әуелі Есеновка, көп ұзамай Весновка аталып кеткен, қазақ тілінің бағы тайған тұс болатын.

1854–жылы патша өкіметі Алматының орнына Верный бекінісін   салып, орысқа сенімді болсын деп, қаланың атын да Верный атаған болатын. Өткен ғасырдың 20–жылдарында Ораз Жандосов Алматы «Семиречее», «Семиреченская область» дегенді орысша да Жетісу, Жетысуская деп атауды жүзеге асырған-ды. Тәуелсіздік алғаннан соң Алма – Атаны да Алматы деп өзгерткенбіз. Алайда қазақтың өзін де, сөзін де өзгерткісі келіп тұратындар бар екені ежелден белгілі. Іле өңірінде  «алма» сөзіне байланысты ежелден үш қала болған. Біріншісі –  Шығыс Түркістанда, кәзір Қытай жерінде қалған Алмалық . Кезінде Шағатай ұлысының орталығы болған. Қазақтың Тоқай Темірі сонда жерленген. Екіншісі – Жәркент өңірінде Ақ Бұрқан деген жердегі Алмалы қаласы. Сол көне қаланың орны маңында кәзір Алмалы ауылы бар.  Үшіншісі – Үйсін мемлекетінің орталығы Шығу қаласының батысындағы Алматы. Ол атау алмалы деген мағынаны береді. Ілеті йағный Іле бойында Нараты (Қытай жерінде), Дардамты (Ұйғыр ауданында), Бұғыты және Сөгеті (Еңбекшіқазақ ауданында), Ырғайты(Қордай ауданында) деген су-жер аттары – соноу Үйсін дәуірінен келе жатқан атаулар. Алматы да сол дәуірдің қаласы. Қазақ жерінде сол үлгімен аталған Бұланты, Мойынты, Шідерті, Сілеті, Өлеңті атты атаулар әлі де сақталған. XIII – ғасырдың басында Шыңғыс хан мен кездескен қытайдың  емшісі естелік жазып қалдырған, ол Шыңғыс хан жорналында жарыйаланған. Алматының сол кезде де Алматы аталғанын ол да жазған. Карл Байпаков көне Аламытының орнынан тапқан теңгеде де қаланың аты Алматы деп жазылған.

Орбұлақ шайқасында  жеңілген кегін қайтару үшін, 1658 – жылы Батур қонтайшының ұлы Сенге бастаған қалмақтар Алматы қаласын басып алып, жеті жыл ішінде қаланы да, оның тостағандай таза көлін де қыйратып тынған. Алайда қазақтар Алматыны қайта тірілткен. Аты шулы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған зобалаң тұсында қала Үш Алматы аталған. XIX – ғасырда да солай аталғанын Шоқан бір емес бірнеше мәрте жазған.
Ақ Арыс бабамыздан тарайтын Шапырашты тайпасынан шыққан ертеде Алма деген адамның болғанын шежіреден белгілі. Ол кісі аса білгір бағбан үздік емші болыпты. Алманы өзге де жемістерді Мичуриннен әлде қайда бұрын бір-бірімен будандастырып біріне-бірін егіп алма мен жемістердің жаңа түрлерін жасап шығарған. Соның бірі – құлжа алма. Кәзіргілер оны «апорт» деп жүр. Сондай атақты емші білгір адамды жұрт Алма ата деп құрметтеген. Алматы қаласы о кісінің тұсында да Алматы атанған. Сондықтан Алматы мен Алма атаны бір-бірімен шатастыруға да, алмастыруға да болмайды. Олжастың: «Алматы қаласының Алма – Ата деген бұрынғы атауын қайтару қажет», – дегені – орыс бодандығын тілімізге де таңудың бір түрі. Қазақ өз сөзіне де өз қаласына да ійе бола алады деп ойлаймын.

Бексұлтан Нұржекеұлы,
жазушы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз