Жауқазын

ҮКI НЕГЕ ҰЙҚЫШЫЛ?

(Ертегi)

Бұрынғы өткен заманда ит тұмсығы батпайтын  ерекше орманда бiр үкi өмiр сүрiптi. Өзi өте жалқау болса керек. Ерiншектiгi ұстай қалса, тiптi бiр бұтақтан екiншi бұтаққа  ұшуды ауырсынып, қонақтап отыра бередi екен.

Жаймашуақ күндердiң бiрiнде үкi ұйқы құшағында жатқанда ала тоқылдақ оятып жiбередi. Үшкiр тұмсығымен ағашты ұрғылап, орманды жаңғырықтырған  даусын жақтырмады.

– Сен неге мазамды аласың? Тып-тыныш ұйқымды бұздың! – деп көзiн алартыпты.

– Барлығымыз еңбектенiп жүрмiз. Тек сен ғана ұйықтап жүрсiң.

– Маған ақыл үйреткенше, аулаққа барып тоқылдат, – деп үкi то­қылдақты қуып жiбередi. Тәттi ұйқысын тағы да жалғастырмақ болғанда, төбесiнен сыбдыр естiледi. Қараса, бiр шымшық аузына балшық, шөп-шалам тiстеп, ұясын жасаумен әлектенiп жүр екен.

Кеш түсiп, күн де салқындай бас­тайды. Бағанадан берi ұйқы қысқан үкi ендi тоңазып, жылы жер iздейдi. Шым­шыққа барса, сый­майды. Тоқыл­дақпен шекiсiп қал­ды. Амалсыз, таңның атуын күтедi. Ертесiнде күн шығып, ұйқысы­ра­ған ол тағы да  мүлгидi. Осылай өмiр сүруiнiң арқасында ерiншек атанып кетедi.

Балауса МҰСАҚҰЛ,

М.Ғабдуллин атындағы орта мектептiң 6 «А» сынып оқушысы.

Балуан Шолақ ауылы,

Шу ауданы,

Жамбыл облысы

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ

Соңғы пән химия сабағы едi. Алдыңғы сабақтарға белсене қатысқан  8-сынып оқушылары сабаққа мүлде селқос. Тек осы пәндi құлшыныспен оқитын  Жансая мен Қайрат қана үйге берiлген «Қышқылдар» тақырыбын айтуға әзiрлiк үстiнде. Ботагөз апай сыныпқа кiргенде оқушылар сүлесоқ орындарынан көтерiлдi.

Бiр ерекшелiгi, апай оқушылардың жанын түсiнетiн. Олардың не себептi ұнжырғасы түсiп отырғанын сұрады. Нұрасыл: «Апай, шарша-а-а-ап кеттiк. Күнде жетi сабақ. Түстен кейiн қосымша, қала бердi тестке дайындық. Қалжыратып жiбердi» , – дедi. Мұғалiм бәрiн сергiту үшiн мына бiр жайды сөз еттi.

«Балалар, бұдан бiраз жыл бұрын болған оқиға едi. Сәуле ұстаз химия сабағына  кiрiп келгенде, 10-сынып оқушылары  орындарынан  опыр-топыр кө­терiлдi.  Сәуле сабақ түсiндiрiп  ортада тұрғанда,  бәрiнiң көзi бiр затта болды. Ол – мұғалiмнiң тоз-тозы шыққан етiгi едi.  Өте ескiрiп кеткен аяқ киiм апайдың ажа­рына нұқсан келтiрiп тұрғанын бәрi де сездi. Сабақ аяқталысымен бәрi ақылдасып, апайға етiк  сатып алып бердi. Алғашында қысылған оқытушы шынайы пейiлден туған iске алғысын бiлдiрдi. Қашанда iзгi ниетпен жасаған шаруа ғана сауапты iске жатады».

Бойын ауырлық басқан оқушылар бiр серпiлiп қалды.

Ғазиза МҰХТАРОВА,

№45 «Ақ Орда» гимназиясының 9 «Ә» сынып оқушысы.

Шиелі кенті,

Қызылорда облысы

АНАНЫҢ СЫЙЫ

(Қаз қалпында)

Алан биыл 6-сыныпта оқиды. Бiр үйдiң еркесi ғана емес, жалғызы да. Барыс жылында өмiрге келген-дi. Азан шақырып, ат қойғанда алдымен сөздi ата-әжесi алды. «Немеремiз өскенде елiне айбар болсын, қорғаны атансын» деп атын Алан деп қойды.

1-сыныпқа барғанда Алан алғыр­лығымен көзге түстi. Жазуы да мар­жандай. Талпынысы да ерекше. 4-сыныптан бiрден 6-сыныпқа аяқ басқан.

Оның бойындағы үлгi аларлық тағы бiр қасиетi – «үйдiң жалғызымын, маған ойыншық керек, мен мынадай киiм кие­мiн» деген емес. Керiсiнше, ата-анасына қолғанат болуды ғана ойлайтын.

Кейiнгi уақытта жүзiнде бiр сынық бар секiлдi. Ойы да бөлiне бередi.  Сабақ қарап отырып та, теледидар қарап отырып та ойы басқа жақта болады. Бiр күнi анасы баласының неге тұйықталып жүргенiн сұрады.

– Анашым, мен жалғыздықтан шаршадым. Неге менiң iнi-қарындасым жоқ? Сыныптағы достарым үнемi «Iнiм­дi ойнаттым, қарындасымды қыдырт­тым, бауырыма сыйлық әпер­дiм», – деп  мақтанып   жүредi.   Ал мен… –  жылам­сырап, даусы дiрiлдеп кеттi.

– Ақылдым менiң! Алда бәрi бола­ды күнiм! – дедi анасы маңдайынан иiскеп.

Аланның тiлегi қабыл болды. Көп өтпей-ақ бұл үйде сәби үнi естiлдi. Анасы өмiрге бiр ұл, бiр қыз әкелдi. Бәрiнен Аланның шаттанғаны-ай! «Ендi менiң де iнi-қарындасым бар. Олардың есiмдерi Сағыныш, Сағындық болсын» дедi ата-анасына.

Ол бауырларының тез-тез есейiп, қасында бiрге жүргенiн армандады.

Гүлiм ЕРКIНБЕК,

С.Сауранбаев атындағы орта мектептiң 11-сынып оқушысы.

«Ұланның» жас тiлшiсi.

Сарыбастау ауылы,

Райымбек ауданы,

Алматы облысы

Ақыл мен амал

Әкесi күнде үйiне шаршап ке­ледi. Босағадан аттай сала жығы­лады. Осы көрiнiстi жиi көретiн  жетi жасар ұлы Ерден әкесiнiң жұмысы ауыр екенiн сезетiн. Бiр кү­нi алдынан жүгiрiп шығып, қар­сы алды.

– Әке, сiзге күнiне ақша төлей ме?

– Оны қайтесiң? – дедi ашу­ланған әкесi.

– Жай сұрағаным ғой. Бiлсем бола ма?

– Екi мың теңге.

– Маған бiр мың теңге бере аласыз ба?

– Тағы да ойыншық алмақпы­сың?  Беретiн ақшам жоқ!

Ерден жыламсырап терiс айналып кеттi.

Аз-кем тыныққан әкесiнiң ойына осы оқиға орала бердi. Ақ­шаны нелiк­тен сұрады? Мүмкiн басқа бiр зат ал­ғысы келдi ме екен? Дереу ұлының бөлмесiне кiрдi.

– Балам, ақша не үшiн қажет бол­ды? Ашуланып,  сұраған жоқ едiм, –  дедi маңдайынан иiскеп. Ерден әкесiнiң берген мың теңге­сiн жасты­ғының астындағы умаж­далған ақшаға қосып, санай бастады. Мұншама ақшаны көр­ген әкесiн тағы да ашу қыс­ты.

– Балам-ау, өзiңде бар болса да  неге менен сұрайсың?

– Мiне, алыңыз. Тура екi мың теңге болды. Бүгiн жұмысқа бар­май-ақ, менiмен әңгiмелесiңiзшi, – дедi қиы­лып. Әкесiнiң ұлымен сөйлесуге мұр­шасы болмай жүр­генi ендi есiне түстi.

Шалқар ЕРХАНҰЛЫ,

6 «А» сынып оқушысы.

Балуан Шолақ ауылы,

Шу ауданы,

Жамбыл облысы

Беттi әзiрлеген Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ

(«Ұлан», №17. 26.04.2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз