Цирк дегенде, көз алдымызға үлкен арена, жан-жануарлар, көпшілікке күлкі сыйлайтын сайқымазақтар елестейтіні анық. Ал цирк өнерінің жанрлары мен қыр-сырын қарапайым адамдар толық танып біле бермейді. Цирк – сахналық өнердің бір түрі. Ол асқан ептілік пен күштілікке негізделген пантомималық ойын-сауықтар мен клоунның күлкілі әзіл-әжуаларын қамтиды.

Басқа өнер салалары сияқты циркте де соңғы жылдары өзгеріс пен даму қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Мысалы қазір циркте жаңа шеберлік әдістермен қатар, жануарларсыз цирк деген жаңа бағыт пайда болды. Жақында Қазақ Мемлекеттік циркінде халықаралық «Цирк Востока» атты ерекше қойылым өтті. Қойылым кезінде цирктің түрлі ерекше әдіс-тәсілдерімен танысып, тәнті болып қайттым.

«Күлкі өмірді ұзартады» деген сөзді күнделікті өмірде  жиі естиміз. Егер осы тұжырым рас болса, онда цирк ұзақ өмір сүрудің кілті деген сөз. Әуені бағындыра білген акробаттар, жан-жануарлардың тілін тауып, оларға би үйреткен бапкерлер, ат құлағында ойнайтын шабандоздар, сиқырға толы алаң… «Цирк востока» бағдарламасын осылай сипаттауға болады. Қойылымда Кубаның танымал әртістері Magic show DUO MAGIQVA өнер көрсетті. Әлемді аралап, әдемі қойылымдарымен көрермендерін қуантып жүрген олар Қазақстанға алғаш рет келіп отыр екен. Әртістерді әңгіме тартып көрген едік, сиқырлы бағдарламаның сырымен бөлісті.

«16 жасымда әртүрлі сиқырлы фокустарға қызыға бастадым. 5 жылдай Omar Ferrer атты сиқыршыдан білім алып, тәжірибе жинап цирк алаңына келдім. Сиқырлы Magic show бағдарламасын жасап жүргенімізге  2-3 жыл болды. Біз өнер көрсететін цирк жанырының ерекшелігі – 1-3 секундта трансформация жасап үлгеру, яғни тез киім ауыстыру өнері. Цирк біздің өмірлік мекенімізге айналды», – дейді DUO MAGIQVA әртістері.

«САЙҚЫМАЗАҚ БОЛУ – КҮЛКІ БОЛУ ЕМЕС»

«Шығыс циркі» қойылымына Ресейден сайқымазақ Андрей Попыловский, халықаралық цирк өнері фестивальдерінің бірнеше дүркін жүлдегері, семафордағы акробат Руслан Файзулин қатысты. Андрей Попыловский Алматы циркінде екінші рет өнер көрсетіп отыр екен. Оның есімі ТМД елдеріне танымал. Әйгілі сайқымазақтың айтуынша, ол ешқашан осы саланы таңдағанына өкінбепті.

«Сайқымазақ, клоун дегенді жағымсыз бейнеде сипаттайтындар да кездеседі. Ал мен үшін клоун болу – тек күлкі үшін емес. Менің мақсатым – көрермендерді күлдіріп қана қоймай, көрерменнің шынайы эмоциясын сыртқа шығару, ересектердің ішкі балалық  шағын көрсету. Цирктің ішкі өмірін адамдар біле білмейді. Сырттан қарап отырғанда нөмірді орындау оңай болып көрінеді. Ал оны жеңіл орындау ауыр еңбекті, күш-қуат пен ізденісті талап етеді. Цирк әртісінің міндеті – көрермендерді басып алу, оларды таңқалдыру, «осындай да болады екен ғой» деген ойға қалдыру. Цирк біздің өмірімізде өсіп жатқан  жасыл бұтақ сияқты»,-дейді Андрей Попыловский.

Цирк бағдарламасы бізді таңқалдырудан жалықпады. Әйгілі Алексей Храменковтың жетекшілігімен «Steel» атты экстремалды-күштік шоуы көрермендерге қызық нөмір дайындаған екен. Бұл ерекше нөмір АҚШ-тың  Firebird Production Inc компаниясының Президенті Петр Дубинскийден шілде  айында өткен 12 халықаралық цирк өнері «Азия жаңғырығы» фестивалінде беделді арнайы сыйлық алған екен. Алматы халқы мен қонақтары осындай қойылымды тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Қойылым әртүрлі бағыттағы шоуымен қуантты. Равиль Сейдгариевтің жетекшілігімен дайындалған «Даршы» нөмірінің тұсаукесері де жоғары деңгейде өтті.

Қазақ мемлекеттік циркі жақында тағы бір жаңа бағдарламаның дайындық жұмыстарына кірісіпті.

«Жаңа қойылым әуе гимнастикасы, акробатика, эквилибрика, иллюзия, күш атлетикасы және сайқымазақтар қойылымын қамтиды. Мұнда бас айналмалдыратын трюктер, таңғажайып өзгерістер, үйретілген жануарлар болады. Адамдар нағыз мерекелік  атмосфераны сезіну үшін барымызды саламыз», – дейді цирк басшылығы. Жаңа бағдарламалық қойылым қазан айының 27-сінен бастап көрермендерін күтеді. Біз де Қазақ мемлекеттік циркінің кезекті қойылымын асыға күтеміз.

Ақерке Қасымбекқызы

«Ұланның» жас тілшісі

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз