Қазір Youtube желісінде қазақтілді арналар көбейіп келеді. Олар қазақтілді контентті ешкім көрмейді деген пікірді жоққа шығарып жүр. Бүгінгі кейіпкеріміз – жоқтан бар жасап, небəрі екі жарым жыл ішінде екі күміс батырма сыйлығына қол жеткізген ағайынды блогерлердің үлкені. Есімі – Əли Бақытов. Ағайынды жігіттердің ютубте бірнеше арнасы бар. Олар бұл іске қалай келгені, қалай дамытқаны жайлы əңгімелеп берді.

Ағайынды үш жігітпіз. Менің атым Əли, інілерім Əділ мен Алмас. Үшеуміздің де мамандығымыз – құрылысшы. Алматы құрылыс жəне менеджмент колледжін бітіргенбіз. 2019 жылдың көктеміне дейін мамандығымыз бойынша құрылысшы болып жұмыс істедік. Сосын үшеуміз отырып тек қана ютуб арнамен айналысайық деп шешім қабылдадық. Жарты жылдай уақыт болды, тек арнаны дамытумен айналысып жүрміз.

Басында істейтін жұмысымызды бөліп алдық. Əділ дыбыстаумен айналысты, Алмас монтажда, мен сценарий жаздым. Алмас техникалық жағынан мықты. Камера, жарық мəселесіне жауап береді. Бастапқы уақытта солай болды. Ал қазір екі жарым жыл ішінде бəріміз бір-біріміздің жұмысымызды үйреніп алдық. Монтаж жасау керек болса, кімнің қолы бос, сол монтаж жасай береді. Ал сценарий жазу қажет болса, кімнің қолы бос, сол сценарий жазады. Одан бөлек мен осындай кездесу, PR жағында жүремін. Командада ішкі менеджер сияқтымын.

Pazl арнасын ашу жайлы

Негізі ютубпен 2011 жылдан бері айналысып келе жатырмыз. Алмаста техникаға қатысты болса, Əділдің де жеке қызығушылығына арналған арнасы болды. Ал менің музыкамен байланысты арнам болған. Сол аралықта (2011-2017 жылдары) біз 7-8 ютуб жоба жасадық. Алайда жобаларымыздың «жолы болмады». Олардың көбі орыс тілінде еді. Ал 2017 жылы ютуб арнасына неге қазақша жасамасқа деген идея келді. Сосын үшеуміз бірігіп, жинаған тəжірибемізбен бір арна аштық. Солай 2017 жылдың 19 қаңтарында Pazl арнасы ашылды. Кейін Pazl life, 10line, «Aғайын» арналары пайда болды. Қазір осы арналардың барлығына видео салып, дамытып жатырмыз.

Негізгі арнамыз – Pazl. Танымдық жəне көңіл-күйді көтеруге бағытталған. Аты айтып тұрғандай, арнаның жанры көптеген бөлшектен құралған. Əлемдегі ең қызықты, ерекше, таңғаларлық заттардан бастап, тарих, спорт, ғылым, технология, əлемде жəне елімізде болып жатқан соңғы жаңалықтар мен трендке айналған заттарды талқылау – арнамыздың негізгі бағыты. Қазіргі уақытта арнамызда 835 мыңға жуық жазылушы, 112 миллионнан астам қаралым бар. Бұл арнаны көтергеннен кейін неге өзіміз жайлы істемеске деп, Pazl Life арнасын аштық. Pazl life – екінші Youtube арнамыз. Ондағы видеолар үшеуміздің өмірімізбен байланысты. Pazl life-та влог, ойын, реакция, стрим, тағам əзірлеу мен ой-көзқарасымызды бөлісеміз. Pazl life арнасында 182 мың жазылушы, 7 миллионнан асатын қаралым бар. Бірде Pazl life-та ойын жайлы видео жасайық деп ойладық. Кейін бұл тақырыпты араластырмай, бөлек арна ашқанымыз дұрыс деп шештік. Солай келесі үшінші арнамыз – Ағайын пайда болды. Мұнда let’s play түсіреміз. Өзіміз ойындарды ойнап көріп, қалай ойнайтынын көрсетеміз. Бұл арнамыз 74 мың жазылушы, 623 мың қаралым жинаған. Ал төртінші арнамыз – 10line (26 мың жазылушы, 750 мыңға жуық қаралым). Қоғамдағы өзекті мəселелерге тоқталамыз. Дегенмен, саясат тақырыбына кірмейміз. Соңғы бесінші арнамыз – Мысық-пысық (19 мың жазылушы, 306 мың қаралым). Мұнда біз əртүрлі тəжірибе жасап көріп, соны бөлісеміз.

Қазақстандық аудиторияны қандай контент қызықтыратыны туралы

Біздің контентімізді кез келген жастағы адам көреді. Аудиториямыздың тең жартысы 18-34 жас аралығындағы адамдар, қалғаны 18 жасқа дейінгі немесе 35 жастан жоғары ютуб қолданушылары. Бұл жай сөз емес, YouTube Analytics статистикасына сүйеніп айтып отырмын. Дегенмен кейбіреулер біздің арнаны балалар көреді деп ойлайтын шығар. Иə, балалар – ең белсенді көрермен. Олар лайк басып, пікір жазады. Ал ересек адамдар тіпті лайк та баспай, жай видеоны көріп қоя салады. Пікірді оқып, тек балалар ғана көреді ғой деп ойлайды. Балалар аудиториясы пікір жазуға белсенді, ал ересектер жай видеоны көріп үндемей өте шығады.

Кез келген жерде аудиторияға көңіл көтеру жағы қызық. Əзіл-қалжыңмен байланысты контент тіпті қызықты болады. Қандай тақырып болса да, беру тəсіліне де байланысты. Аудиторияға кез келген тақырыпты ұсынуға болады. Алайда көп адам көріп, аудиторияға қызық болуы – ақпаратты қалай бергеніңе байланысты. Мысалы, тарихпен байланысты тақырыпты алсақ. Оны мектептегі мұғалім айтқандай берсе де болады немесе оның форматын өзгертіп, əзіл қосып, көңіл-күйді көтеретін етіп істесе, көрерменге ұнайды. Сол себепті нақты тақырыпты алып, қазақстандық аудиторияға осы қызық деп айта алмаймын. Оның бəрі видеоның авторына байланысты.

«Қазақша контентті ешкім көрмейді» деген пікірмен келіспеймін

Бұл пікірмен келіспеймін. Біздің арналарымызда 150 миллион қаралым бар. Бұл үлкен көрсеткіш. Қазақша контент көрмейді деген пікір интернет медиа саласында 2-3 жыл бұрын болған. Бізге ютуб кішкене кешірек келді. Оның өзінде жол апаты, қандай да бір жерде болып жатқан жарылыстар туралы видеолар болды да, нақты бір салалық тақырып жоқ еді. Дəл сондай жағдай Ресейде де болған. Шамамен 2010-2011 жылдары Ресейде ютуб арналары ашылды. Сол кезде оларда орысша контент пайда бола бастады. Бірақ оның алдында ешкім ондай контентті көрген жоқ, тек телевидение ғана болды. Салыстыратын болсақ, жаңалықтар АҚШ-тан Ресейге 4-5 жыл, ал Ресейден бізге шамамен 2-3 жыл кеш келеді. Дəл солай бізде блоггинг пайда болғаннан кейін аудитория көре бастады. Кезінде қазақ тілінде контент жоқ болды да, сондықтан ешкім көрмейді деген ой пайда болған. Ал белгілі бір тақырыптар пайда болғаннан кейін оны көреді.

2,5 жылда 800 мың жазылушыға қалай жеткені жөнінде

Біз арнамызбен 2011 жылдан бері айналыстық деп жоғарыда айттым. Содан бері 7 жылдың тəжірибесін қосып, үшеуміз бірігіп жұмыс істеудің арқасында осылай дамып кеттік деп ойлаймын. Ең бастысы – еңбек. Видео түсірмесең, сені ешкім көрмейді. Сондықтан əрдайым видео жасап, трендтерді қарап, аудиториямызбен сөйлесіп, оларға не ұнайтынын ескеруге тырысамыз. Енді зерттеп деп айта алмаймын. Қалай ұнайды, несімен ұнады, соған мəн береміз. Күнделікті кішкентай нəрседен болсын қосып, дамытып отырғандықтан жазылушы көп жиналған шығар. Одан бөлек Вконтакте парақшамызда 100 мың, Инстаграмда 29 мың адамымыз бар. Бəрін алып жүруге тайм-менеджмент көмектеседі. Осы аптада мұнша видео шығару, осынша дыбыстау жасау керек, міндетті түрде мынадай пост жазып, фото салу керек деген секілді контент жоспар бар. Бəрі жоспармен сағатына дейін көрсетілген.

YouTube әкімшілігінен екі күміс батырма сыйлығын алу жайлы

Негізі ютуб өзінің авторларымен Инстаграмға қарағанда жақсы қарым-қатынас жасайды. Instagram əкімшілігі вайнерлермен байланысқа шықпайды. Ал ютуб болса, əрдайым байланыста. Кез келген уақытта менеджерлерімен сөйлесе аласың. Оларда тренингтер өткізіледі. YouTube əкімшілігі авторларына арнасындағы жазылған адамның санына қарай əртүрлі (күміс, алтын, бриллиант) батырмалар сыйлайды. Алғаш 100 мың жазылушы болған кезде күміс батырма береді. Ал бір миллионға жеткенде алтын батырманы тарту етеді. Алтын батырмадан кейін бриллиант батырма – 10 миллион жазылушыға беріледі. Одан кейін лағыл (рубин) батырма – 50 миллион жазылушы. Ең соңында қызыл бриллиант батырмасы бар, ол 100 миллион жазылушыға беріледі. Əлемде 100 миллион жазылушыға тек екі арна ғана жетіп, осы сыйлықты алған. Олар: Т-Series, PewDiePie. Оның ішінде Т-Series (музыкалық
арна, Үндістан) 2019 жылы 29 мамырда алса, PewDiePie (швед видеоблогері) биылғы 25 тамызда қол жеткізді. Ал өзімізге оралсақ, көрерменіміз100 мыңнан асқанда бізге күміс батырма сыйлады. Қазіргі уақытта жобамызда екі күміс батырма бар: Pazl мен Pazl life арналарына берілді.

YouTube желісінен ақша табу

Иə. Платформаның ішінде өзінің монетизациясы бар. Егер серіктестікке қосылсаңыз, сол арқылы да болады. Видео көре бастағанда 5 секундтық жарнама шығып, өткізіп жіберу (пропустить) деген жерін басасыз ғой. Адамдар сол жарнаманы көрген кезде сізге ақша түседі. Дегенмен, Қазақстанда платформаның монетизациясы өте аз. Youtube желісінде жарнаманы көру статистикасын шығаратын CPM деген көрсеткіш бар. Соның деректеріне қарап айтсам, бізде, яғни Қазақстанда ең арзан. Тіпті көрші Қырғызстанда, Өзбекстанда
оның көрсеткіші жоғары. Бізде 0,7 болса, оларда 0,8-0,9 болып тұрады. Ал батыс елдерінде 5,7, 6-7 деген көрсеткішті көрсетеді. Бізде 0,7 болғанда оларда 6,0 айырмашылық көрініп тұр. Платформа ішіндегі монетизациядан $400-500 табыс табамыз.

Ютубта блогер болудың жақсы жақтары мен кемшін тұстары

Кез келген саланың жақсы жақтары мен кемшін тұстары болады. Жақсысына тоқталсам, өзіңе ұнайтын іспен айналысасың. Ол сенің көңіл-күйіңді көтереді. Дегенмен бұл кəдімгі өзіңнің жұмысың сияқты. Мысалы, адам бір жерде жұмыс істеген кезде таңғы тоғызда келіп, кешкі алтыда үйіне қайтады. Алтыдан кейін жұмысым бітті, демаламын деген түсінік бар. Ал мұнда аптасына 7 күн, 24 сағат жұмыс істейсің. Əрдайым идея іздейсің. Өзің де мониторингте боласың. Видео түсіресің. Күні-түні жұмыста жүресің. Шынын айтқанда бұл жұмыс емес, өмір салтымызға айналып кетті. Бұл жағы кемшін тұстары деп айтсам болады.

Кейде шаршайтын кездер де болады. Мысалы, осы жазда біз контент жоспарды қоя тұрдық. Шаршадық. Себебі оның алдында екі жарым жыл тоқтамай видео жасағанбыз. Əу баста күніге, кейін екі күнде бір рет, одан кейін үш күнде бір рет салып жүрдік. Қазір аптасына бір рет, есесіне бес арнаға видео саламыз. Ал жаздың басында кішкене демалып, екі үлкен туристік жобаға қатыстық. Біріншісі – ішкі туризмге бағытталған жастар керуені, екіншісі – Талдықорғанда өткен вайн фестивалі. Екі жобаға қатысып, ой-өрісіміз кеңейіп, серпіліп, күш жинап кайттық. Қазір сол тың күшпен əрі қарай дамытып жатырмыз. Шығармашылық дағдарыс ондай қатты болған жоқ. Шаршамасақ болды, істеп жатырмыз.

«Pazl, біз сенімен біргеміз! Pazl, қайдасың?»

Бір жарым жыл бұрын ютуб платформасында бір ақау болды да, арнамыз бұғатталып қалды. Сол кезде көрермендеріміз «Pazl қайда?» деп көп хат жазды. Арада бір жарым апта өтіп, арнамыз əлі де бұғаттаулы тұрғандықтан, көңіл-күйіміз де түсіп кетті… Сол кезде бір бала «Pazl, біз сенімен біргеміз! Pazl, қайдасың? Pazl, көңіл-күйіңді түсірме» деген видео жасады. Бұл видео жақсы қаралым жинап, астына пікір де көп жазылды. Көрерменіміздің қолдауы бізге ерекше əсер етті. Сол уақытта арнамызды осы көрермендеріміз үшін ғана істейтінімізді түсіндік. Бір жарым аптадан кейін арнамыз бұғаттан шықты. Бұл есімізде қалған ерекше жағдай болды. Ал арнамыздың бұғатталуына келсек, ешқандай авторлық құқық бұзған жоқпыз. Кей кезде ондай-ондай болып тұрады. Платформаның жүйелік қателігі ғой.

Табысты ютубер болу үшін…

Ең бастысы, адамның өзіндік ерекшелігі, яғни тұлғасы болу керек. Өзіне ұнайтын нəрсемен айналысқаны жөн. Елімізде белгілі бір тақырыптарға арналған арналар аз. Мəселен, медиктер бос уақытында медицина жайлы видео түсіруі мүмкін. Ал кейбір адамдар механик. Олар машина жөндеуді біледі. Сол жайлы түсірсе болады. Ал біреулер тамақ əзірлеу жайлы түсіреді. Ең бастысы, өзіне ұнайтын саланы таңдауы қажет. Өзің істеп жүрген нəрсең саған ұнаса, басқа адамдарға да ұнайды. Ол өзіне фидбэк табады. Солай аудитория жинайсыз. Өзіңіздің ісіңізді, арнаңызды жақсы көруіңіз қажет. Біз ТОР жəне факт деген тақырыпта бұрыннан келе жатырмыз. Кезінде əртүрлі парақшаның админі болдық. Бізді кішкентай кезімізден осы тақырып қызықтыратын. National Geographic арнасын қарайтынбыз. Ғарыш жайлы фильмдерді көретінбіз. Бұл тақырып бізге қызық болғандықтан, осы арнаны аштық. Ең бастысы, таңдаған тақырып өзіңе қызық болуы қажет.

Алдағы жоспарлары жайлы…

Pazl арнасын алтын батырмаға жеткізу. Алла бұйыртса, алдағы уақытта Pazl life-пен де алтын батырмаға жету мақсатымыз бар. Видеомыздың сапасын көтеру. Қазақстанда қазақша видео контенттің өркендеуіне үлесімізді қосу. Белгілі бір мынадай жоспар бар деп айта алмаймын. Екі жыл бұрын блогер боламын, арнамыз осындай болады деп ойламадық. Ең үлкен мақсатымыз – алтын батырмаға жету. Əзірге осы.

Қания ТАБЫС,
СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №41
8 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз