Өткен аптада «Томирис» фильмінің тұсауы кесілді. Ауылдық жерде тұрғандықтан кинотеатрдан көру мүмкіндігі жоқ. Арналарға шығуын асыға күтіп жүрмін. Алғаш фильм туралы да «Ұланнан» оқыдым. Жас тілші Назым Сапарова фильмдегі кішкентай кейіпкерлермен сөйлескен еді. Жақында «Томиристің» бойжеткен шағын сомдаған Салтанат Серкебаевамен таныстым. Ол – «Назар» тобының əншісі, актриса. Жас өнерпаз фильмдегі қызықты сəттерді баяндап берді.

Ұлан: Сізді «Томирис» фильмі арқылы таныдық. Өнеріңізді ғана білеміз, өзіңіз туралы айтып беріңізші…

Салтанат: 1997 жылы Қарағанды облысының Сəтбаев қаласында дүниеге келдім. Сіңлім бар. Анам өнерімді балабақшадан байқаған. Үш жасымда əн салатынмын. Алғаш рет «Домбыраның құлағы» деген əнді орындадым. Қалалық өнер байқауларына қатысып жүрдім. Сол кезде «Томиристі» сомдайтынымды сезген де жоқпын.

Ұлан: Фильмге түсуге шақырту алғанда, бірден келісіміңізді бердіңіз бе?

Салтанат: Ең алғаш кастинг ұйымдастырылып жатқанда достарым хабарландыру ілінген постты жекеме жібере бастады. «Сенің түрің сол замандағы адамдардың бейнесіне келеді. Қатысып көр» деген хаттар көп келді. Осы күнге дейін қас жұлып көрмеппін. Кастинг директоры Жайна ханым қатты таңғалды. Ұйымдастырушыларға да келбетім ұнады. Бірінші кезең сəуір айында өтті. Сол жерде «Қасыңа тиіспе. Шашыңды қима. Кастингке келгеніңді ешкімге айтпа» деген тапсырма алдым. Екінші кезең күзде Алматы қаласында видео кастинг түрінде өтті. Қыста «Номад» каскадерлерімен жаттықтым. Атқа міну, садақ ату, қылыштасу өнерін үйрендім.

Ұлан: Түсірілім алаңында қызықты оқиғалар болған шығар?

Салтанат: Қызықты оқиғаларды күліп еске аламыз. Киімнің қалыңдығы ауыр трюктерді жасауға кедергі келтірмеді. Аттың үстінде тізгінді жіберіп, шабуылдау да қиынға соқпады. Соғыс көрінісіндегі барлық қимылды өзім жасадым. Ауыр трюктерді жасауға каскадерлар дайын болды. Бірақ өзімнің жасағаным шынайы шығады деп ойладым. Ақан аға ең бірінші орынға актерлардың қауіпсіздігін қояды. Аттан бір-ақ рет құладым.

Ұлан: Фильмде көне тіл қолданған. Ол тілді қалай үйрендіңіз?

Салтанат: Негізі үш тіл қолдандық. Томиристің тайпасы көне түрік тілінде, Кир патшалығы көне парсы тілінде жəне оқиғаны баяндаушы Əбу Насыр əл-Фараби араб тілінде сөйлейді. Көне түрік тілінде сөйлеу қиын болды. Күнделікті сөздерге мүлдем ұқсамайды. Түсірілім алаңында бір сөзді ұмытсаң, басқа сөзді айта алмайсың. Бəрін нақты айту керек.

Ұлан: Артыңыздан ерген іні-сіңлілеріңіз Томиристей болу үшін не істеу керек?

Салтанат: Ұлдарымыз Спаргаптай ақылды, Тирас секілді жаужүрек болуы керек.
Қыздарымызға Томиристің нəзіктігі мен ұлылығын тіледім.

Ұлан: Əңгімеңізге рақмет!

Біз білетін Салтанат тек өнер адамы ғана емес екен. Математика пəнінен қалалық олимпиаданың жеңімпазы. АК-74 автоматын шашып-жинаудың шебері. Волейболдан да түрлі жарыстардың жүлдегері. Жүрегі өнер деп соққан бойжеткеннің арманы –қазақ өнерінің дамуына үлес қосу.

Айғаным ТҰРЫСБЕК,
11-сынып оқушысы.
Ақбастау ауылы,
Бəйдібек ауданы,
Түркістан облысы

Ұлан» газеті, №41
8 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз