Таиландтың Паттайя қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан жалғыз күміс медальды қанағат тұтты. Илья Ильин, Ниджат Рахимов секілді спортшыларымыз тіпті алғашқы ондыққа да ілінген жоқ.

Осыдан 14 жыл бұрын Илья Ильин алғаш рет ересектер арасында әлем чемпионы атанды. Содан кейін-ақ Қазақстан ауыр атлетикасының әлемдік аренадағы нәтижелері жақсара бастады. Әлем чемпионатын айтпағанда, Олимпиада ойындарында 4 алтын алып, шаттыққа кенелген кезіміз де бар. Бірақ бір күнде бәрінің күл талқаны шықты.

Паттайядағы әлем чемпионаты – 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарының алдындағы соңғы халықаралық ең ірі жарыс болатын. Үш жыл бұрын Рио олимпиадасының басталуына екі ай қалғанда Қазақстан спортындағы ең даулы оқиғаның куәсі болған едік. Лондонда қарсылас шыдатпаған  Илья Ильин, Зульфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедовалардың допинг пайдаланғандары анықталып, жүлделерінен айырылды, әртүрлі мерзімге спорттан шеттетілді. Осыдан соң Манеза мен Подобедова карьерасын аяқтауды жөн көрді.

Жалпы, қатарынан үш бірдей Олимпиада ойындарында ең көп жүлдені осы ауыр атлеттер әкелген болатын. 2008 және 2012 жылғы нәтижелер жойылғанымен, 2016 жылғы көрсеткішіміз әзірге сақтаулы. Рио-де-Жанейро олимпиадасына байланысты әзірге шу шыққан жоқ. Олимпиада ойындарында чемпион атанған және жүлдеге іліккендерден алынған допинг сынамасы 10 жылға дейін сақталады. Егер 2026 жылға дейін ешқандай жаңалық болмаса, онда әрі қарай қорқатын ештеңе жоқ.

Бразилияда Қазақстан ауыр атлеттері 6 медаль алды. Оның біреуі – алтын, біреуі күміс, төртеуі қола медаль.

Риодағы көрсеткішімізге қарап, әлі де болсын Қазақстан ауыр атлетикасының жаңазасын шығаруға ерте деп топшылағанбыз. Бірақ одан кейінгі екі бірдей әлем чемпионаты «құрдымға кетті».

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы бізді 2017 жылғы әлем чемпионатына қатыстырған жоқ. Оған себеп допингпен ұсталушылардың көптігі. Жоғарыда айтылған төртеуден бөлек, Владимир Седов, Алмас Өтешов, Жасұлан Қыдырбаев, Мария Грабовецкая, Ирина Некрасова және өзге де атлеттердің допингпен ұсталды.

Ал былтыр Ашхабадта бар-жоғы екі медаль бұйырды. Ерлер арасында 55 келіге дейін салмақта өнер көрсеткен Арли Чонтей күміс медаль, әйелдерден 71 келіге дейін салмақта бақ сынаған Надежда Лихачева  қола медальды қанағат тұтты. Өкінішке қарай, арада бір ой өткенде соңғысынан да допинг табылды.

Түркіменстан астанасында өткен чемпионаттағы сәтсіздікті ұлттық құрама бапкерлері бір жыл бойы халықаралық федерацияның (WF) жарыстарға қатыстырмағанымен байланыстырған. Енді осы жолы қалай ақталар екен?

Таиландағы әлем чемпионатының алдында бас бапкер құраманың тізімін жариялады. Әйелдерден тек екі спортшыны апаратыны айтылды. Осыдан-ақ жоғары нәтижеге ұмтылмайтындары байқалды. Олимпиада чемпионы Ниджат Рахимов алдын ала берген тапсырысына сәйкес,  С тобында өнер көрсететінін білдік.

Чемпионат алдында Юрий Мельников бар үміт Денис Улановта деп айтқан еді. Бірақ Шығыс Қазақстанның спортшысы Таиландта жетістірген жоқ. Олимпиада бағдарламасына енбеген 87 келіге дейінгі салмақта қатысып, 10-орыннан аса алмады. Ұлттық құраманың дәл қазіргі көшбасшысының көрсеткіші осы болса, басқалардан не күтуге болады?

Илья Ильин 10 жыл бойы жанкүйерлерін қуантып келді. 2005-2014 жыл аралығында қатысқан жарыстарының бірде-біреуінен бос қайтқан емес. Кейіннен допинг қолданғаны анықталып, Олимпиада ойындарындағы екі алтынынан да айырылды. Бірақ берілген дискваликация мерзімі көпке созылмай, былтырдан бері қайтадан жарыстарға қатысуға мүмкіндік алды. Әрине, Ильиннің жанкүйері көп. Оны допинг қолданды дегенге қимай жүргендер бар. Алайда, Таиландта Ильин (96 келіде) 13-орыннан аса алған жоқ. Жерлесіміз екі сайыстың қорытындысы бойынша, 363 келі көтерді (168+195). Жұлқа көтеруде 8-орын, серпеде 20-орынды қанағат тұтты. Екі жаттығудағы алты мүмкіндігінің тек үшеуін ғана көтеріп, тиімді пайдаланды. Бұл салмақта алтын медальды қытайлық Тао Тян (былтырғы әлем чемпионатаның күміс жүлдегері) алды. Ол қоссайыстың қорытындысы бойынша, 410 келі (180+230) көтерді. Сөйтіп, Ильядан 47 келіге озып кетті.

Ауыр атлетикадан еліміздегі жалғыз Олимпиада чемпионы Ниджат Рахимов (81 келіге дейін) чемпионатты 17-орынмен аяқтады.

Әйелдерден Зульфия Чиншанлодан басқа ешкім болмады. Оның Олимпиадаға қатысуы сұрақ тудырмас. Алайда, Токиода не бітіретіні қызық. 26 жастағы спортшы дисквалификациясы аяқталған соң, қатысқан жарыстарының барлығында жеңілді. Былтырғы әлем чемпионатында 5-орын, 2019 жылғы Азия біріншілігінде 4-орын, Таиландтағы әлем чемпионатында да 4-орыннан аса алмады.

Осындай біріншіліктерде құраманы сақтап қалатын бірең-сараң спортшы болады. Бұл жолы 20 жастағы Юрий Сон ерледі. Үштөбеден шыққан атлет 55 келіде күміс медаль алды. Сон жұлқа көтеру сайысында 120 келіні көтерсе, серпеде 146 келіні бағындырды. Қоссайыстың қорытындысы бойынша – 266 келі. Оны тек Лондон Олимпиадасының чемпионы және осы жолы бесінші рет әлем біріншілігінде топ жарған Солтүстік Корея спортшысы Ом Юн Чхоль ғана басып озды (294 келі).

Юрий бұған дейін 2015 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеткені бар. Алайда, кейіннен қанынан допингтің ізі табылып, жүлдесінен айырылған.

Жас спортшы әлем чемпионатына Олимпиада бағдарламасына енбеген 55 келіде қатысты. Егер Токиоға барғысы келсе, 61 келіге ауысуы керек. Бірақ бұл салмақта Олимпиада ойындарында жүлде алу қиын. Кемі 300 келі көтеру керек. Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде отандасымыз нәтижесін жақсартып үлгере ме?

2019 жылғы əлем чемпионатындағы Қазақстан ауыр атлеттерінің нəтижесі:
Ерлер
Игорь Сон – 2-орын (55 келі)
Арли Чонтей – 5-орын (55 келі)
Ниджат Рагимов – 17-орын (81 келі)
Айдар Қазов – жұлқа көтеруде үш мүмкіндігінде
пайдалана алмады (81 келі).
Денис Уланов – 10-орын (89 келі)
Илья Ильин – 13-орын (96 келі)
Ибрагим Берсанов – 10- орын (109 келі)
Əйелдер
Зульфия Чиншанло – 4-орын (55 келі)
Екатерина Быкова – 7-орын (71 келі)

Тəуелсіздік жылдарындағы Қазақстан ауыр атлеттерінің əлем чемпионатындағы көрсеткіші:
1993 жылы: 1 қола медаль;
1994 жылы: бірде-бір медаль бұйырған жоқ;
1995 жылы: 2 қола медаль;
1996 жылы: қатысқан жоқ;
1997 жылы: бірде-бір медаль бұйырған жоқ;
1998 жылы: бірде-бір медаль бұйырған жоқ;
1999 жылы: бірде-бір медаль бұйырған жоқ;
2001 жылы: бірде-бір медаль бұйырған жоқ;
2002 жылы: бірде-бір медаль бұйырған жоқ;
2003 жылы: бірде-бір медаль бұйырған жоқ;
2005 жылы: 1 алтын медаль;
2006 жылы: 1 алтын медаль;
2007 жылы: бірде-бір медаль бұйырған жоқ;
2009 жылы: 4 алтын, 1 қола медаль;
2010 жылы: 2 алтын медаль;
2011 жылы: 2 алтын, 2 күміс медаль;
2013 жылы: 1 күміс, 1 қола медаль;
2014 жылы: 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль;
2015 жылы: 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль;
2017 жылы: дискваликацияға байланысты қатыса алмады;
2018 жылы: 1 күміс, 1 қола медаль.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №41
8 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз