Тоғызқұмалақ – біздің халықтың ұлттық ойыны. Төрт мың жылдық тарихы бар. Аңыздарға сенсек, тоғызқұмалақ ойынын қойшылар ойлап тапқан. Тоғызқұмалақ тақтасы ретінде жерді қазып, арнайы шұңқырлар жасаған. Ал құмалақтарды дайындау үшін қойдың құмалағын кептіріп, 162-сін іріктеп алған. Тоғызқұмалақ ойыны қойшылар үшін керемет ермек болыпты.

Жаңақалалық жас тоғызқұмалақшылар қазіргі кезде республикалық жарыстардан топ жарып, чемпион атанып жүр. Шəкіртті баулитын, білмегенін үйрететін, жарыстарда сынып кетпеуге, ойының ұшқыр болуына үйрететін жан, əрине, бапкер. Бапкердің еңбегі көбіне екінші планда қалып жатады. Тоғызқұмалақшыларды тəрбиелеп, жеңімпаз болуына бапкер ретінде барлық
жағдайды жасап жүрген жандардың бірі һəм бірегейі – Қайрат Маратұлы. Біліктілігі жоғары І дəрежедегі аға жаттықтырушы, спорт шеберлігіне үміткер бапкердің əңгімесін тыңдап қайтқан едік.

Алғашқы жалақым 11 мың 500 теңге еді…

Бұл спортқа 8 жасымда, 2-сынып оқып жүргенде алғаш рет қатыстым. Бапкерім – Қайрат Мұратұлы деген ағайымыз. Ол кісіден тоғызқұмалақтың қыр-сырына қанықтым. Жалпы, ауылдың баласы болғаннан кейін ұлттық спортқа қызығушылығым, үйренуге деген талпынысым, ынтам күшті болды. Облыстық жарыстарда шамамыз келгенше ауданымыздың намысын қорғап жүрдім. Оқушы кезімде де нашар нəтиже көрсеткен жоқпын. Облыстан жүлделі орын алып, бапкеріміздің үйреткендерін құр жібермей, жарыстарда қолданып жүрдік. 10-сыныпты бітіріп, Орал гуманитарлық-техникалық колледжіне «Бастауыш сыныбының дене тəрбиесі пəнінің мұғалімі» мамандығына құжат тапсырдым. Бұл 2007 жыл болатын. Оқуға түскеннен кейін де тоғызқұмалақты тастамай, облыстық жарыстардан қалмадым. Университеттердегі, колледждердегі студенттермен жарыстарға қатысып, біраз тəжірибе жинадым. Тоғызқұмалақта əр ойын тəжірибе ғой. Оқу орнын 2011 жылы тəмамдадым. 2012 жылдың 3 ақпанынан бастап «Жаңақала аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне» бапкерлік жұмысқа орналастым. Тоғызқұмалақтың əліппесін үйреткен Қайрат Мұратұлының қасына көмекші бапкер ретінде 0,2 штатқа жұмысқа тұрдым. Жалақым 11 мың 500 теңге болатын. Қазір ойлап қарасам, өте аз ақша ғой. Бірақ ұлттық спортқа адалдығым əрі балаларға үйретсем деген ықыласымның арқасында жұмысымды қызығушылықпен атқардым. Ақпан айынан сол жылдың қыркүйек айына дейін 0,2 штатпен жұмыс істедім. Одан кейін ұстазымыз зейнетке шығып, сол кісінің орнына бапкер боп қалдым. Қайрат ағайымнан көп нəрсе үйрендім.

Абай атамыз да ойнаған

Дана əрі ойшыл, талай тамаша өлең мен философиялық өсиет қалдырған Абай атамыздың өзі бұл ойынды сүйіп ойнаған екен. Үйіне келген қонақтарға осы ойынды үйреткен деген де деректер бар. Ойы ұшқыр жандармен тоғызқұмалақтан жарысқанды жақсы көрген. Жақсы ойнай білгендерге жақсы сыйлықтар жасаған.

Тоғызқұмалақтың ережесі қарапайым əрі өте оңай. Ақыл-ойды талап ететін, есепке жүйріктікті қажет ететін ұлттық ойынымыздың бір түрі. Осы орайда ережесін де түсіндіре кетейін. Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналады. Ойын тақтасы 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұрады. Ойын басында əр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі. Алғашқы жүріс жасаған ойыншыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін – «ақ жағы», қостаушы «қара жағы» деген тіркестерді де қолданамыз. Тоғызқұмалақта сандар жұп жəне тақ болып екіге бөлінеді. Өз қазандығына 82 құмалақты кім бірінші жинаса, сол адам жеңген боп саналады. Тоғызқұмалақ та шахмат сияқты үш түрден өтеді. Біріншісі – классика. Оған əр спортшыға 1,5 сағат, жалпы 3 сағат беріледі. Екіншісі «рапид» деп аталады. Мұнда əр спортшыға 20 минут, жалпы 40 минут уақыт беріледі. Блиц (шапшаң) – түрінде əр спортшы 7 минут уақыттың ішінде жүрістер жасап, ойынды аяқтап бітірулері керек.

Жүріс ойыншылар тарапынан кезектесіп жүріледі. Жүрісті кімнің жасайтыны жеребемен анықталады. Жүріс жасау үшін өз жағыңыздағы отаулардың бірінен
құмалақтарды алып, отаудың ішіне біреуін қалдырып, солдан оңға қарай бір-бірлеп таратамыз. Тарату сəтінде құмалақтар өз отауларымыздан асып кететін болса, қарсыластың отауына таратамыз. Егер соңғы құмалақ қарсыластың тақ санды құмалағы бар отауына түсіп, ондағы құмалақтарды жұп қылса (2,4,6,8,10,12 тағы сол сияқты), сол отаудағы құмалақтар ұтып алынып, өз қазандығымызға салынады. Егер соңғы құмалақ қарсыластың жұп санды құмалағы бар отауына түсіп (3 құмалақтан басқа), тақ қылса немесе өз отауымызға түссе, құмалақ ұтып алынбайды. Отаудағы жалғыз құмалақ көрші отауға жүргенде орны бос қалады. Жүріс жасаған кезде отауларға құмалақ салмай немесе 2-3 құмалақ бөліп алып жүруге болмайды.

Тұздық алу ережесі

Тоғызқұмалақ ойынында құмалақтан басқа ойында бір рет қарсыластың отауын ұтып алуға да болады. Оны ежелде – «тұзды үй», қазіргі ережесінде «тұздық» деп атайды. Тұздық алу үшін жүріс жасаған кезде, қарсыластың екі құмалағы бар отауына таратқан құмалағыңыздың соңғысын түсіру керек. Сонда сол отауда қалыптасқан 3 құмалақпен бірге отау да ұтып алынып, ойынның аяғына дейін сіздің меншігіңізге айналады. Енді жүріс жасалған сайын тұздық алынған отауға тиесілі бір құмалақ, міндетті түрде сіздің қазандығыңызға салынып отырады. Тұздық алынған отауға арнайы белгі қойылады. Жазбаша түрде – Х деген шартты таңбамен белгіленеді. Тұздық ойында бір рет алынады жəне №9 отаудан ешқашан алынбайды. Тұздық аттас отаулардан алынбайды.

5 жыл қатарынан тоғызқұмалақтан «ең үздік аудан» атандық

Еңбек етіп келе жатқаныма 8 жылға жуық уақыт өтті. Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер» нормативін 16 оқушым орындады. Əр спорттың ерекше қыры болады. Мысалы, күресте бапкерлер шəкірттерін əр салмақтан дайындайды. Жасы үлкендердің салмағы кіші болса, жасы кішілер салмағы асып кетсе, өзінен үлкендермен шығады дегендей. Күрестің тілімен айтқанда, тоғызқұмалақта жасың келсе, салмағыңа қарамайды. Тоғызқұмалақ спортында балалар жас ерекшелігіне сəйкес шығады. 100-ден астам оқушым «І дəрежедегі спортшы» деген атақты қорғады. Мұны облыстық жарыстардың жүлдегерлеріне ғана береді. Ауданымыз тоғызқұмалақ спортынан 2014 жылдан 2018 жылды қоса есептегенде 12 ауданның ішінен 5 жыл қатарынан «Ең үздік аудан» боп марапатталды. 5 жыл қатарынан алғыс хаттардың небір түрін, дипломдардың түр-түрін алып, үлкен мінберлерден ауданымыздың аты аталып, естелік сыйлықтар берілді. Ондай марапатты үзбей 5 жыл қатарынан алу оңай емес. Батыс Қазақстан облысы бойынша «Тоғызқұмалақ» федерациясының президенті Серік Сүлеймен деген ағамыз жетістігіміз үшін аудан басшыларын да марапаттады. 1 жыл көлемінде кем дегенде 8-9 рет облыстық деңгейдегі жарыс өтеді. Сол жарыстың ішінен Жаңақала ауданының спортшылары қаншама медаль алды. Соның барлығын облыстағы аға жаттықтырушылар, федерация мүшелері есептеп, уақтылы белгілеп отырады. Жыл соңында немесе қаңтар айында қорытынды марапат кезінде қай аудан үздік екені сол нəтижеге байланысты
шығарылады.

Өз ісіне берілген Қайрат Маратұлы əңгіме барысында тоғызқұмалақ ойнап отырған оқушыларына жаңа тапсырмалар беріп жатты.

Бағындырған белесіміз баршылық

Ə дегеннен оқушыларды облыстық жарыстарға апармаймыз, ауданымызда іріктеу жарыстары өтеді. Аудан орталығында 3 мектеп пен ауылдық округтерден небір оқушылар қатысады. Сыннан сүрінбей өткендерін іріктеп қана облысымыздағы үлкен жарыстарға апарамыз. Біз үшін 2017 жыл өте табысты болды. 20 жасқа дейінгі Батыс Қазақстан облысының командалық жарысында І орын алдық. «Тоғызқұмалақтан Батыс Қазақстан облысының кубогі» деген жарыстан ересектер арасында топ жарып, жеңімпаз атандық. 2018 жылы 4 жылда бір мəрте өтетін «Ақ бидай» ауылдық спартакиадасынан командалық жарыстан ІІІ орын алдық. Биыл да Ұлттық спорт түрлерінен Батыс Қазақстан облысының V фестивалінде жалпыкомандалық есепте ІІ орын иелендік.

Мақтанғаным емес, барған жарыстарымыздан қоржынымыз бос қайтпайды. Жұмысқа орналасқаннан кейін жыл жарым уақыт өткен соң оқушыларым республикалық жарыстардан орын алуды бастады. Сол кезде қатты қуандым. Алғаш жүлде салған шəкірттерімнің бірі – Орынбасар Ахсанов деген оқушым. Барлық аудандардан, Орал қаласының бүкіл мектептерінен спортшылар қатысқан жарыстан 2-орын алды. Содан кейін ұтқан жүлделердің де саны арта түсті. Орынбасардан кейін Шынар Мұратова республикадан тұңғыш рет жүлдеге ие болды. Екеуі де мен жұмысқа тұрғанға дейін тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысып, іргетасы қаланған болатын. Ұстазым екеуміз бірлесіп, ауылымыздағы оқушылардың есепке жүйрік екенін дəлелдедік. Аудан тарихында тоғызқұмалақ спортынан тұңғыш рет 2014 жылы қараша айында Ақтау қаласында өткен ел біріншілігінде 20 жасқа дейінгі жастар арасында Шынар Тимурқызы қола жүлдеге қол жеткізді.

Шәкірттерімнің ішінен ең алғаш Ақгүл Бауыржанқызы 2015 жылы Павлодар қаласында Қазақстан чемпионы атанса, сол жарыста Жанар Мұратова күміс алып, екеуі де «спорт шеберлігіне үміткер» нормативін орындады. Сөйтіп бапкерлер арасында беделімді асқақтатты. Жарысқа 300-ден астам спортшы қатысқан. Жақында ғана Інжу Қайыржанова облыстық ересектер арасындағы чемпионатта жеңімпаз атанып, республикаға жолдама жеңіп алды. Шəкірттерімнің жеткен жетістігін тізбелеп айта берсем, газеттің бетін толтырамыз.

Финалда жолы түйісетін шәкірттерім бар

Нұрəлі Арматұлы, Бейбарыс Ғалымжанұлы биыл Павлодар қаласында өткен ел біріншілігінде атой салып, 9 жастағы жасөспірімдер арасынан екеуі де чемпион атанды. Тоғызқұмалақты балалардың алдына қойып, ойната бергеннен олардың деңгейі өспейді, додаларға дайын болмайды. Əр баланың қабылдауы əртүрлі. Сол себепті əр шəкіртпен жеке-жеке жаттығу жұмыстарын жүргіземіз. Облыстық жарыстардың өзінде əр қарсыласқа əртүрлі ойын ойнаймыз. Қайратов Шыңғыс деген шəкіртімді ерекше атағым келеді. Республикадан орын алмаса да, мықты деген Азия чемпиондарын, республиканың жеңімпаздарын талай мəрте ойсырата ұтқан болатын. Нұрəлі Арматұлы бастаушы болып ойнаса, 95-100 пайыз жеңіске жетеді. Ал, Бейбарыс Жолдасқали деген шəкіртіме ойындағы алғашқы жүріс онша көп маңызды емес. Бастаса да, қостаса да көбіне
қарсыластарынан басым түседі. Тіпті облыстағы бапкерлердің өзі «екі шəкіртіңнің қайсысы мықты?», «екеуі ойнаса кім ұтады?» деген сияқты сұрақтарды жиі қояды. Əр спортшының осал тұсы болады. Оны тек бапкері мен ойыншының өзі ғана біледі.

Менің дайындау тәсілім қарапайым, бірақ нәтижелі

Шыны керек, жас маман болдық, тоғызқұмалақ ойнай білгенімізбен, бапкерлікте тəжірибе аз. Сол себепті «баланы қалай үйрету керек, «жарыстарға қалай дайындау керек?» деген қарапайым сұрақтарды білмейтінбіз. Орал қаласын өмірінде көрмеген балалар бар. Жарыста қорықпасын деп небір жігер беретін сөз айтамын. Əлем чемпионатынан жүлде алған, соңғы кезде жаттықтырушылыққа ауысқан жаттықтырушылар бар. Бірақ өздері талай биікті бағындырғанымен, шəкірттері маңызды жарыстарда жеңіс тұғырынан көріне алмай жатады. Облысымызда Айтбай Тастайбеков, Қанапия Қаяпбергенов сынды үлкен
жаттықтырушылар бар. Қанапия ағамызды өз арамызда «Тоғызқұмалақтың атасы» деп те атаймыз. Тоғызқұмалақтың жілігін шаққан нағыз маман деп айтсақ та жаңсақ емес. Батыс Қазақстан облысының аға жаттықтырушысы Дəулет Ұзаққалиұлы деген ағамыз бар. Ауданымыздағы тоғызқұмалақтың дамуына көп еңбегі сіңді. Алғашқы жылдары ол кісіден көп ақыл-кеңес сұрадым. Ол айтудан танбайды, мен сұраудан жалықпаймын. «Ұялған адамға ілім қонбайды» деген бар ғой. Жақсы нəрсені үйрену үшін көп сұрау керек, жетістікке жету үшін көп ізденіс пен еңбек қажет. Өзің көзіңмен көрдің, ойнаған ойындардың жазбалары А4 қағаздан шығып тұр. Қызылмен қоршалғандары қазіргі таңда көп ойналып жүрген ойындар деген мағынаны білдіреді. Тоғызқұмалақта көп мəрте ойнайсың, тең түсу деген де бар. Жалпы, қарсыластарынан ең көп ұтқан адам жеңіске жетеді. Жарысқа апаратын оқушыларым бастаушы болып та, қостаушы болып та жоғары деңгейде өнер көрсетуі үшін барымды саламын.

Шəкірттерім сенімнің үдесінен шығып жүр. Жарыс болған соң жеңіліс те болады. Эмоцияларына бой алдырып, жылайтын сəттері де кездеседі. Сондай кезде жұбатып та қоямын.

Қолдау болмаса, ұлттық спорт дамымайды

Шыны керек, қолдау болмаса қай спорт болсын дамымайды. Бұрынғы аудан əкімі Лавр Рашидұлы, қазіргі аудан басшысы Наурызбай Қадырбайұлы жəне спорт саласындағы аға-əпкелеріміз үнемі қолдау көрсетіп отырады. Сол себепті тоғызқұмалақ спорты аудан көлемінде өте қарқынды дамып келеді. Аудан көлемінде де, облыста да тоғызқұмалақтан біріншіміз деп сенімді айта аламын. Облыстағы сыралғы қарсыластарымыз: «Шағын ауданнан небір чемпиондар шығып жатыр. Бұл қалайша?» – деп үнемі таңғалады. Біздің формула өте қарапайым. Еңбек, еңбек, содан кейін қолдау. Жарысқа қатысып, қоржынды жүлдемен толтырғаннан кейін бірге қаланы аралаймыз, қыдырамыз. Оқушылармен өткізген уақыт көңілді. Жеке кəсіпкер Саламат
Сертеков деген ағамыз талай мəрте қолдау көрсетіп, тоғызқұмалақшы балалардың жол шығынын көтерді. Əркез көмек қолын созатын Саламат ағама ризашылығымды айтып жүремін. Спорттың дамуы үшін басшылық пен қалталы азаматтардың қолдауы ауадай қажет. Бəрі де балалар үшін, ел үшін емес пе?! Көмектерін аямай, қолдау білдіретін жандардың болғаны қандай жақсы…

«Бестемше» де ұлттық спорт…

Ұлттық спортқа қызығушылығым жоғары болғандықтан, елордаға сапарымда бестемшені арнайы сатып алдым. Бұл ойынның тоғызқұмалақтан көп айырмашылығы жоқ. Отау саны – бесеу, тұздық алынбайды. Кім бірінші қазандығын толтырады, сол адам жеңіске жетеді. Тоғызқұмалаққа жаңадан келген балалардың ішінде есептей білу қабілеті төмен, жəй қабылдайтын оқушылар болады. Соларға ең бірінші бестемшені үйретемін. Көп бала бестемше арқылы тез үйреніп алады. Мынадай қызық оқиға болды. Нұрəлі деген оқушым былтыр республикалық жарыста ұтып тұрған жерінен бір жүріс қате жасап, ұтылып қалды. Намыстанып жылап, сол жерде уəде берді. «Ағай, қалайда чемпион боламын, үмітіңізді ақтаймын» деп сөз беріп еді, биыл дəл сол чемпионатта топ жарып, алтыннан алқа тақты.

«Жеңесің!» деп жігер беремін

Баратын жарысты айтып, балаларға сол жарыста қалайда орын алуың керек деп айтамын. Бала соны өзіне қабылдап, дайындықта барлық нəрседен алшақтап, алаңсыз жаттығуға кіріседі. Аптасына 5 мəрте тоғызқұмалақтың кабинеті дайындықтан босамайды. Қысқы, күзгі, көктемгі оқу кездеріндегі демалыстарда үзіліссіз дайындықта боламыз. Қарсыластарымыздан мықты болуымыздың бір себебі де осы болар деп ойлаймын. Біреулер ойлауы мүмкін, тоғызқұмалақ оңай спорт деп. Ондай адамдарға қиындығын дəлелдеп те бере аламын. Бұл – нағыз ақыл-ойдың ойыны. Сол себепті ата-бабамыз осы ойынды ерекше қадірлеп ойнаған. Тоғызқұмалақта салмақ қумайсың, өзге спорттағыдай қан алмайды. Кім көп еңбек етті, көп жаттығу жасады, кімнің ақыл-ойы мықты, есепке жүйрік – сол адам жеңіске жетеді. Төрешілер тарапынан бұра тарту болмайды. Сол жеріне қатты ризамын. Барлық жүрістің жазбасы болады. Жылдам ойнау түрінде ғана аз ғана келіспеушілік болады. Онда да дау тудыратындай емес, «мына құмалақ неге мына отауға түсіп кетті» деген сынды майда сұрақтар.

Жарыс алдында балаларға жігер беріп сөйлеймін. «Өзің сияқты бала ғой, құдды жаттығудағыдай оп-оңай ұтып аласың» деймін. Өз басым тоғызқұмалақ ойынынан облыстағы ең мықты деген ойыншыларды жəне олардың қандай əдіспен ұтатынына дейін білемін. Жеребе анықталғанда мықты деген спортшымен түскен шəкіртіммен жоспар құрамыз. «7 отаудан бастап жүрсе, оған басқаша жауап бер» деген сияқты немесе «Ойынның орта тұсында қателік жібереді, сол кезде мұқият бол» дегендей кеңестер айтамын. Қазіргі таңда үздіксіз дайындықтамыз. Арманым – болашақта тоғызқұмалақтан Азия, Əлем чемпиондарын шығару…

Жас тоғызқұмалақшылармен өте көп дайындаламыз. Апталап, айлап, жылдап дайындаған еңбегің еш кетпей, сеніміңді ақтап, облыстық, республикалық жарыстан орын алып, жеңімпаз тұғырына шығып жатқанда көзіңе жас келеді. Ондағы сезімді айтып жеткізе алмаймын. Өзің ойлап көрші, 300 спортшының арасынан оқушың жеңгенде ұшып жүресің ғой. Келесі жарыста тағы алғың келеді. Былайша айтқанда жеңіске тоймайсың. Жеңе берсе екен дейсің. Биыл біздің аудан бойынша тарихи оқиғаны жасадық. Үш оқушым республикалық чемпионаттан алтын алды. Мұндай оқиға Батыс Қазақстан облысының аудандарында бұрын-соңды болды дегенді естіген емеспін. Бір ауданның үш оқушысы республикалық жарыстан үш бірдей алтын алуы – нағыз сенсация. Осыдан 3 жылдай уақыт бұрын бір ата-ана қос ұлын үйірмеге жетектеп əкелді. «Осы екі балам тоғызқұмалаққа қатыссыншы, үйретіңізші, есепке ебі бар секілді», – деді. Балаларының қабілеттерін қарадым. Ата-аналары ұлдарына көп қолдау білдіріп, ерекше көңіл бөлді. Алғашқы жылдары жарысқа бізбен бірге барып жүрді. Екі ұлы жыл жарым уақыттың ішінде өте жақсы нəтиже көрсетті. Дайындықтардан себепсіз қалдырмады. Дұрыс дайындық пен мол тəжірибенің арқасында үлкені «спорт шеберлігіне үміткер» болса, кішісі ел чемпионы атанды. Бір үйден қос бірдей чемпион шықты. Аналарының аты-жөні – Орынай Сапарова. Педагог болған соң шығар, ұлдарына жан-жақты қолдау көрсетті. Осындай ата-аналарды көргенде жұмыс істеуге ниетің одан əрі арта түседі.

ТҮЙІН: Баламен жұмыс істейтін бапкердің сойы бөлек болады. Оларда уақытпен санасу, себепсіз жаттығу қалдыру деген нəрсе болмайды. Біз əңгімесін тыңдаған Қайрат Маратұлы да сондай талантты бапкерлердің сапында. Ұлттық спорт осындай бапкерлердің еңбегінің нəтижесінде дамиды.

Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ

Ұлан» газеті, №41
8 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз