Айдана АҚШОЛОВА 1991 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының Жаңажол ауылында дүниеге келген. «Болашақ» бағдарламасымен University College London оқу орнында оқыған. Қазір Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

– Қазір ағылшын тілінен сабақ бересіз. Тілді меңгеру қызығушылықтан басталды ма, әлде себепкер болып, көмектескендер болды ма?

– Қазір балабақшадан бастап-ақ ағылшын тілін үйрете бастайды ғой. Ал мен мектепте оқығанда мұндай болмайтын. Қатарластарым сияқты ағылшынға пән ретінде қарап, тапсырмаларды орындап қана жүрдім. 5-сыныптан бастап ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Самал апайымыз тіл үйренуге қызықтыра бастады. Жангүлім деген апайымыз да болды. Ол кезде Самал апай жаңадан университет бітіріп келіп жатқан кезі болатын. Жас болған соң да қызықтыра білген шығар. Апайларымыздың сөйлеген сөзі, киім киісі, сөйлеу мәнері, барлығы да ерекше әрі жаңа болды, сөйтіп қызығушылығымызды оятты. Ал одан кейінгі себеп – поп-музыка болды, Майкл Джексон, Бритни Спирс, Мадонналардың әндерін жақсы көріп, тыңдайтынмын. Әндерінің мағынасын түсінгім келетін. Содан бастап тереңдетіп оқи бастадым.

– Адамның өзін-өзі бағалауы қиын ғой. Дегенмен, өзіңізді бағалап көріңізші. Ағылшын тілін қаншалықты білемін деп ойлайсыз, болмаса қазақ тіліңіз ағылшын тілінің көлеңкесінде қалып кеткен жоқ па?

– Бұл – өзіме жиі қоятын сұрақтардың бірі. Менің жұмысымның барлығы ағылшын тіліне қатысты, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болғандықтан мектепте балалармен ағылшынша сөйлесеміз, тіпті дәлізде жолығысып қалғанда да ағылшынша тіл қатысамыз. Жазатынымыздың, оқитынымыздың барлығы да ағылшынша. Достарымның да көбі шетелдіктер.

Ағылшын әдебиетін жиі оқимын. Сондықтан ана тілім кенжелеп қалмаса екен деп алаңдаймын. Ата-анаммен, достарыммен қазақша сөйлесемін, әрине. Дегенмен өзімнің қазақ тілі деңгейіме қанағаттанбаймын. Өзіңіз де байқап отырған боларсыз (күліп).

– Естуімше әлемнің біраз түкпірін шарлаған екенсіз. Қай қалаларда болдыңыз және әлемді аралау үшін нені білу керек, неден бастау керек?

– Кішкентай кезімнен қиялшыл, арманшыл болдым. Әлемді араласам, көрсем дейтінмін. Шүкір, қазіргі таңда сол армандарым біртіндеп орындалып жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқуыма мүмкіндік берілді. Сол арқылы Еуропа елдерін көре алдым. Осы уақытқа дейін он бес елге барыппын, жиырмадан астам қаланы аралаған екенмін. Алдағы уақытта бұл бағытымды тоқтатпаймын деп ойлаймын. Адам бір рет шет елді аралап көрген соң, әрі қарай көре бергісі келеді екен, бұрын бармаған жаңа жерлерде болғысы келеді. Өзім саяхаттауды жақсы көрген соң, алдағы уақытта көптеген елге барып, халқының мәдениетімен танысып жүргім келеді.

– Мұның бәріне ағылшын тілін білгендігіңіздің арқасында жеттім деп ойлайсыз ба, әлде басқалай себебі бар ма?

– Ең бірінші тілді білгенімнің арқасында деп ойлаймын. Егер тілді білмесем, талпынбас та едім. Тіл білмесеңіз шет елде жүру өте қиын болар еді. Егер тілді білмейтін болсаңыз, бекер қаражат жұмсап, аудармашы алып жүру қажет болар еді. Көп ел ағылшын тілінде сөйлейді, сондықтан маған елдерді аралау оңайға соқты.

– Қазір біздің мектептерде 1-сыныптан бастап үш тілді оқытады. Ағылшын тілі
маманы ретінде ойыңыз қандай?

– Қазіргі заман талабы солай. Балалар тілді ерте меңгерсе, көптеген мүмкіндік ашылады. Нақты айтсам, елдерді аралауға, жақсы жұмыс табуға септігі тиеді. Тілді үйренуге көп уақыт керек емес, өзін үнемі толықтырып отырса, екі-үш жылдай уақыт кетеді. Ал, ағылшын тілін бірінші сыныптан оқытуды дұрыс деп ойлаймын әрі құптаймын. Мысалы, бала бірінші сыныптан бастап өзінің ана тілін толықтырып, орыс, ағылшын тілін үйреніп келе жатады да, 7-сыныпқа келгенде интернет ресурстары оған қолжетімді бола түседі. Бір тақырыпты зерттегісі келсе, ағылшын тілінде де жұмысын орындай алады. Айтқым келгені, тілді үйренген сайын адамның жолы ашыла түседі. Одан ешқандай қауіп жоқ.

– «Ұстаздың мықтылығы шәкіртінен көрінеді» дейді. Шәкірттеріңіздің білім деңгейіне қандай баға бересіз?

– Иә, шәкірттерім бар. Құдайға шүкір, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Соның бірі –11-сынып оқушысы Шораева Әйгерім. Назарбаев зияткерлік мектептер арасында республикалық деңгейде пәндік олимпиадада екінші орын алды. Бірнеше деңгейден өтті. Екі жылдан бері әлемдік мектеп оқушыларын біріктіретін сайысқа команда апарып жүрмін. Яғни топтық сайыс. Оның ішінде ағылшын тілінде дебат, 120 сұрақтық тест тапсырмасы және эссе болады. Осы сайыспен былтыр Малайзияға барып келдік. Бірінші Алматы қаласында өтті. Одан жолдама алып, Малайзияға бардық. Бұл жерде Орталық Азия елдері ішінен төртінші орынды иелендік. Ал биыл Қытайдың Пекин қаласына барып, бірінші орын алдық. Балаларымның жеңісі өте көп. Онымен қоса ағылшын тілінде түрлі бағдарлама жасаймыз. Осылайша балаларыммен жан-жақты айналысамын.

– Қазір жастарға ағылшын тілін тез меңгерудің оңай жолын айта аласыз ба?

– Әрине, оңай жолдары өте көп. Шыны керек, ешқандай курсқа бармай-ақ, үйде отырып та тез үйренуге болады. Өзіме келсем, ешбір курсқа жазылып көрген емеспін. Біріншіден, мені шабыттандырып оқытқан ауылдағы ұстаздарыма рақмет. Сөздік беріп қоятын, өзім сонымен дайындалып, оқыдым. Сонымен қоса интернет арқылы іздендім. Ал қазір тіптен жеңілірек. Youtube-тың өзінде үйрететін видеолар бар. Одан қала бере өзіңізге ұнайтын фильмдерді ағылшын тілінде жиі көру қажет. Осылай тез жаттала түседі. Ең болмаса ауызекі тілде қолданатын сөздерді жаттап ала аласыз. Осылайша құлағыңыз да үйрене түседі. Сосын ағылшын тіліндегі музыкаларды тыңдау керек. Ол да жақсы нәтиже береді. Ең бастысы, білетініңізді күнделікті қолдануға қорықпаған жөн. Менің оқушыларымның ішінде керемет түсінеді, біледі, бірақ сөйлеуге қорқатындар бар. Содан аттап кетсе, ұялмай, күніне бір-екі сөзден айтып жетілдірсе, әрі қарай тез үйреніп кетеді. Ағылшын тілін үйрену оңай деп айтар едім.

Сұқбаттасқандар
Данияр НЫСАНҒАЛИЕВ,
Ақеділ ҒҰБАШЕВ.

Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз