Дзюдо дегенде ойымызға бірден Елдос Сметов пен Галбадрах Отгонцэцэгтің есімі түседі. Ал олардың орнын басатын жаңа толқынның қарқыны қандай? Жақында Алматы қаласында жасөспірімдер арасында дзюдодан əлем чемпионаты басталды. Чемпионат кезінде жас татами шеберлерінің аяқалысын байқадық.

Алдымен БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз конференциясында Халықаралық дзюдо Федерациясының бас спорт директоры Владимир Барта мен спорт директоры Армен Багдасаров, ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі Спорт жəне дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сəпиев, Алматы қаласы дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов, ҚР Дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев пен Қазақстан жасөспірімдер құрама командасының аға жаттықтырушысы Ғайнолла Есенғалиев журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне сəйкес өтетін əлем біріншілігінде 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер 16 салмақ бойынша бақ сынап жатыр. Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтетін байрақты бəсекеге əлемнің 64 елінен 483 жас татами шебері қатысады. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 100 000 АҚШ доллары.

Дзюдодан жасөспірімдер арасындағы əлем чемпионатын өткізуге Алматымен (Қазақстан) қатар, Ұланбатыр (Моңғолия) мен Əбу-Даби (БАƏ) қалалары үміткер болған екен. Халықаралық дзюдо Федерациясының бас спорт директоры Владимир Барта Қазақстанда дзюдоның дамып келе жатқанын атап өтті.

Шара барысында дзюдодан Қазақстан жасөспірімдер құрама командасының аға жаттықтырушысы Ғайнолла Есенғалиевтен татами шеберлерінің аяқалысы туралы аз-кем сұраған едік.

Ұлан: Əлем чемпионатына дайындық қалай? Қазақстанның атынан қанша кадет қатысады?

Ғайнолла Есенғалиев: Дзюдодан жасөспірімдер арасындағы əлем чемпионаты өз елімізде өтіп жатқандықтан, Халықаралық дзюдо федерациясы Қазақстанның атынан екі құраманың қатысуына рұқсат берді. Жалпы саны 32 дзюдошы қатысады. Дайындық жақсы. Алматыда өтетіндіктен жанкүйер де көп болады деген сенімдеміз.

Ұлан: Дзюдодағы қазақ қыздарының қарқыны қалай?

Ғайнолла Есенғалиев: Биыл қыздарымыз Азияда алтын, қола алды. Осы əлем чемпионатында қола алады деген меже қойып отырмыз. Қарқыны жаман емес. Мықты дзюдошы қыздарымыз бар.

Ұлан: Дзюдо десе, Елдос Сметов пен Галбадрах Отгонцэцэгтің есімін ғана атай аламыз. Кадеттер арасында олардың ізін басатындар бар ма?

Ғайнолла Есенғалиев: Қазақстанда дзюдо қарқынды дамып жатқандықтан, нық сеніммен бар деп айта аламын. Атын атап, түсін түстеп, бөліп-жармаймын. Бірақ болашақта дзюдодан олимпиада чемпионы да, əлем чемпионы да шығады.

Нұрқанат Серікбаев – әлем чемпионы

Дзюдодан жасөспірімдер арасындағы əлем чемпионатын қазақстандық қатысушылар жеңіспен бастады. Алғашқы күні-ақ жігіттер алтын алып, қыздар қоржынға қола салып үлгерді. Осылайша, бейресми медаль кестесінде Қазақстан көш бастап тұр. Ал біз жарыстың алғашқы күні əлем чемпионы атанған Нұрқанат Серікбаевтан сұқбат алып үлгердік. 50 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмеген ол 4 белдесуде де уақытынан бұрын ұтып, ел қоржынына алғашқы алтынды салды.

Ұлан: Нұрқанат, жеңіс құтты болсын! Қандай сезімдесің?

Нұрқанат: Рақмет! Қуанып əрі толқып тұрмын. Əлем чемпионатында жеңімпаз болу – мен үшін үлкен жеңіс.

Ұлан: Қай қарсыласты жеңу қиынға соқты?

Нұрқанат: Əлем чемпионаты болған соң оңай қарсылас болмады. Бірақ финалда франциялық Роман Валадьені жеңу қиын болды. Ол Еуропа чемпионы. Мен Азияда қола алғанмын.

Ұлан: Сəл шегініс жасасақ… Спортқа неше жасыңда келдің?

Нұрқанат: 2002 жылы Тараз қаласында дүниеге келдім. 1-сыныпқа барған жылы спортзалға да бардым. Спортқа əкем əкелді.

Ұлан: Дзюдоны таңдауыңа не себеп болды?

Нұрқанат: Алғашында самбо, қазақша күрес, дзюдо үшеуінен де жарысқа қатысып жүрдім. Қазақстанда дзюдодан жарыстар көп болған соң осы саламен кеттім.

Ұлан: Əлем чемпионатына іріктеу қалай жүргізілді? Қанша уақыт дайындалдың?

Нұрқанат: Қазақстан чемпионатында 1-орын алдым. Сосын əлем чемпионатына қатысасың деді. Қыстан бері дайындалып жүрмін. Негізі жаттығу күн сайын болады ғой. Ал чемпионат қарсаңында сəл көбірек дайындаласың.

Ұлан: Жеребе таңдаған соң психологиялық тұрғыдан қалай дайындалдың?Қарсыластарыңның əлсіз, мықты тұстарын зерттеп үлгердің бе?

Нұрқанат: Көп уақыт болмады. Бапкерім көмектесті. Видеоларын көрдік. Əр мемлекеттің спортшыларының өз стилі бар. Соны зерттеуге тырыстық.

Нұрқанаттың бапкері Қуат Қанаевтың осы салада жүргеніне 10 жыл болыпты. Нұрқанатты 5 жылдан бері жаттықтырып жүр. Шəкірті биыл мектеп бітіреді екен.

Айта кетейік, қыздар арасында 40 келіге дейінгі салмақта белдескен қазақстандық Əлима Жұмағалиева қола жүлдегер атанды. Бұл салмақта венгриялық Лука Мамира алтын алса, күмісті италиялық Кьяра Диспенза, қоланы франциялық Паулина Кук еншіледі.

Дана МАРАТОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз