Университет дегенде көз алдыңызға не келеді? Үлкен ғимарат, оқу ордасы, ұстаздар мен студенттер, аудитория жəне лекция… Ал түрлі өнім шығаратын университет жайлы естіп пе едіңіз? Естімеген болсаңыз, таныс болыңыз. Біздің Қазақстанда тамақ, киім өндірісіне маман дайындайтын Almaty technological university бар. Мұнда студенттер идеяларын іске асыра алады. Жоғары оқу
орнында оқу үшін бар болғаны қызығушылығың мен тың идеяң болуы керек.

Алматы технология университетінің іргетасы 1957 жылы қаланған. Университет тағам жəне жеңіл өнеркəсіп, бизнес, туристерге қызмет көрсету салаларына маман даярлайды. Университетте студенттерге «Туризм жəне қонақүй менеджменті» институтымен (Швейцария), Еуропалық дизайн институтымен (Италия), Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономикалық университеті (Ресей) жəне Пловдив қаласының тағам технологиясы университетімен (Болгария) бірлескен қосдипломды бағдарламамен білім алуға мүмкіндік бар.

Жаңа оқу жылында Алматы технология университеті атауы мен логотипін өзгертті. Жақында ребрендингке байланысты университет əкімшілігі БАҚ өкілдерін жинап, баспасөз күнін өткізді. Енді университеттің ресми атауы – Almaty technological university. Жаңа логотип ҚР туы сияқты көк жəне сары түспен безендірілген.

Бізді ұйымдастырушылар үлкен құрметпен қарсы алды. Мұнда қазақы нақыштағы туындыларға ерекше назар аударатынын байқадым. Əдетте технология университеті дегенде түрлі технологиялар мен құрылғыларды елестетуші едім. Бұл жолы басқаша əсер қалдырды. Университеттің проректоры Бауыржан Құрманғалиұлы: «Ерекше, есте қаларлық стильмен университетімізді жаңа белестерге шығарғымыз келеді», – деп түсіндірді.

Ресми баспасөз конференциясында брендбук пен жаңа логотип таныстырылды. Конференцияға университет проректоры Бауыржан Құрманғалиұлы, отандық Aida KaumeNOVA брендінің негізін салушы, дизайнер, АТУ Түлектер қауымдастығының төрайымы Аида Кауменова, «Беккер и К» ЖШС нан өнімдері өндірісінің директоры, АТУ Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Насима Махмұтқызы, Pomodoro мейрамханаларының негізін салушы, бас аспаз Джорджио Палацци қатысты. Баспасөз конференциясы ресми емес, сұрақ-жауап, пікір алмасу түрінде өтті.

Баспасөз күніне қатысушылар бір күн бойы жоғары оқу орнына экскурсия жасады. Университет мұражайы, студенттердің дизайн саласы бойынша жасаған еңбектері ерекше əсер қалдырды. Түскі ас кезінде кофе брейкке университетте жасалған тағам түрлері ұсынылды. АТУ-да студенттер тек сабақ оқып, лекция тыңдап қана қоймай, нан пісіріп, шұжық өнімдерін дайындап, макаронның жаңа түрлерін ойлап табады. Оқу ордасының мейрамханасында қызмет көрсетіп, сыра қайнатып, шағын отельде қонақүй бизнесінің қыр-сырын меңгеруге де мүмкіндік бар. Сондай-ақ, тоқыма индустриясының жаңа модельдерін əзірлеп, халықаралық фэшн-жобаларға қатысады. Университетте тағам жəне жеңіл өнеркəсіп, мейрамхана мен қонақүй бизнесіне арналған үш технопарк жұмыс істейді екен. Олар шикізаттан өнім дайындап, шығаруға дейінгі толық технологиялық циклды қамтамасыз ететін заманауи өндірістік қондырғылармен жабдықталған. Жаңа нəрсемен танысқан сайын университеттің ішінде емес, түрлі саладағы кəсіпорында жүргендей болдым.

БАҚ өкілдеріне əрбір сынып, əрбір аппарат таныстырылды. Əрине, студенттер шығармашылығы да көрсетілді. Қай өнімді алып қарасақ та, табиғи жəне үлкен еңбектің дəмі сезіледі.

Күнделікті дүкен сөрелерінен алып тұтынып жүрген өнімдердің сапасына қаншалықты мəн бересіз? Біз осы шарада табиғи өнімнің қандай болатынын түсіндік. Мұнда дайындалған қарапайым нанның өзі ерекше. Жоғары сапалы дəндерді сұрыптап, қосып, нəтижесінде түрлі тіл үйіретін нан алуға болатынын студенттер таныстырып жатқанда, «нағыз нанның» дəмін көріп үлгердік. Сүт өнімдерінен жасалған балмұздақ пен йогурт өз алдына бөлек əңгіме.

Тұтынушылар йогурт неге тəтті емес, неге қоспасы жоқ деген талап қоятындықтан, өндірушілер түрлі қоспа қосатын көрінеді. Ал табиғи таза йогурттың дəмі ауылдағы əжемнің айранын еске түсірді. Табиғи дəмін сақтай отырып, осындай өнім алуға қол жеткізу үлкен жетістік деп ойлаймын.

Замандастарым дайындаған балмұздақтың да дəмін көрдік. Ерекше екен. Құпиясын сұрағанда болашақ мамандар «еңбек пен ойлау, тəжірибе мен білікті ұстаздардың дұрыс бағыт-бағдары» деп қана жауап берді. Ет өнімдерін шығаратын бөлімге келгенде тың ақпаратқа қанық болдым. Сапасын қалай тексеруге болатынын біліп алдым.

Келесі пункт – робототехника. Жас өнертапқыштар бірінен кейін бірі жұмыстарын таныстыра бастады. Əр роботтың атқаратын маңызды қызметі бар. Робот жасайтын студенттер келесі күні Ресейге байқауға барайын деп жатыр екен. Оларға сəттілік тілеп, кондитерлік сыныпқа аттандық. Бала кезімде «шіркін, кондитерлік фабрикаға тап болсам ғой» деп армандайтынмын. Сол арманым орындалды. Ешбір химиялық бояғыш қоспай-ақ əдемі, дəмді торт пісіруге болады екен. Бұған да куə болдық.

P.S. Үлкендерден қазақ жастары кез келген кəсіпті жылдам үйреніп алады дегенді жиі еститінмін. ATU-дағы іс-шарадан кейін осы пікірге қосымша пункт қосқым келді. Иə, қазақ жастары бəріне қабілетті жəне кез келген кəсіпті өте шебер, кəсіби түрде меңгере алады. Жастарға жұмыс та, мүмкіндік те, талап та көп. Жасалған жағдай да жақсы. ATU секілді оқу орындары сөзімнің дəлелі.

Жансая МАРАТОВА

Ұлан» газеті, №40
1 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз