Әртүрлі сурет әртүрлі күй сыйлайды. Солардың ішінде адамның езуіне күлкі үйіретіні – карикатура. Бұл – елімізде тұралап қалған өнердің бірі. Ат төбеліндей ғана карикатурашымыз бар, бірі –Ғалым Смағұлұлы. Карикатуралары әлемді шарлап жүрген Ғалым ағамызбен аз-кем әңгімелестік. Карикатура қандай өнер, нені насихаттайды деген сұрақтарға жауап іздедік…

– Газет-журнал өмірге келгелі карикатура да бірге жасасып келеді. Яғни карикатура – газет-журналдың айналасында шығып келе жатқан дүние. Бізде карикатураны біржақты, сын түрінде ғана қабылдайды. Ол – жаңсақ пікір. Ал шынында карикатураның аумағы, тақырыбы кең. Әрине, сын бар, саяси карикатура бар. Сонымен бірге оның ішінде философиялық ой да бар. Қазір көркем карикатура деген бар. Ол да өзінше әдемі. Шынайы, кіршіксіз болса да юморы бар, бұл – көркем карикатура.

Біздің елде карикатурашы болам десеңіз тақырыпсыз қалмайсыз деп айта аламын. Әр күннің, әр аптаның өз тақырыбы бар. Соңғы жаңалықтарға байланысты шыққан карикатураны редакциялық карикатура деп атайды. Дүниеде әділетсіздік, соғыс, адам құқығының тапталуы, адамзатқа жасалған озбырлық, жағымсыз оқиғалар тыйылмай, карикатура да тыйылмайды.

– Бізде карикатура мектебі қалыптасқан ба?

– Қазақта алғашқы карикатура Шоқан Уәлихановтан басталады деп айтады. 1920-30 жылдары В.И.Антощенко-Оленев деген жер аударылып келген суретшінің суреттерін ескі газеттерден көрдім. Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің бейнелерін карикатура қылып салған екен. Ә.Ысмайылов, Қ.Қожықов, Б.А.Чекалин – біздегі карикатура сол кісілерден басталады. Карикатураның дәуірлеген кезеңі – «Ара» журналының жарыққа шығуы. Сол кезде біздің мультфильмнің атасы саналатын Әмен Қайдаровтың өзі де карикатура салыпты. Ж.Қанапиянов, Н.М.Казанцев, Е.Қалиасқаров, А.Ахметов, П.Бейсенов, А.И.Латинин секілді біраз шоғыр бар. «Араның» кезінде тұрмыстық карикатура жақсы дамыған. Сын жағынан мекеме басшысынан ары аспаған, бірақ жақсы шығып тұрды. Бұл дәуір 90-жылдарға дейін жүрді.

Бір қызығы, карикатура суретші мамандығын талап етпейді. Шетелдік әріптестерімнен байқайтыным, карикатурашылар – журналист, химик, агроном, денсаулық сақтау саласынан келген адамдар. Яғни адамның сурет салуға ебі келсе, басқа салада жүріп-ақ карикатурамен айналысуына болады. Бұл жерде ең бастысы – идея. Идеяны жақсылап бере білу керек.

– Тағы қандай талаптарды қажет етеді?

– Бір оқиғаны сол күйі бере салсаң, ол иллюстрация ғана боп шығады. Ал оны карикатураға айналдыру үшін форма, қалып керек. Бұл да уақытты талап етеді. Әртүрлі нұсқасын жасап көресің дегендей, сурет бірден шықпайды. Кез келген оқиғаны жүрекпен қабылдағаннан кейін әсерден де туып жатады. Ал үстелдің басында құр отыра берсең идея келе қалмайды.

– Жұмыс сәтті шығу үшін қандай ізденістер жасайсыз?

– Үнемі ізденісте жүресің. Спорттағы допинг секілді карикатурада да допинг деген бар. Ол – қайталау. Бұрынғы карикатурашылардың суретін қайталасаңыз, сіздікі ештеңеге жарамай қалады. Елдің бәрі оны плагиат деп атап жүреді. Шамам келгенше бұрынғы идеяларды қайталамай, жаңа идеялар табуға тырысамын. Карикатурашылар арасындағы байқауларда көп шу осы мәселеге байланысты болады. Соған ұрынбау керек. Басқа суреттерді көрген соң қайталап қоймас үшін оларды есте мықтап сақтау керек.

– Сіздің саяси карикатураларыңызды ғана байқаймыз. Әлгінде өзіңіз айтқандай, басқа тақырыптағы жұмыстарыңыз бар ма?

– Иә, салып жүрмін. Саяси карикатураның бір жақсысы – бір ай уақыт көлемінде сәнде болады. Бірақ уақыт өте келе осы заманды бейнелеген сурет ретінде тарихтың қойнауында қалып қояды. Ал уақытқа бағынбайтын карикатураны салсаңыз, ғасыр өтсе де мазмұнын жоғалтпайды. Карикатураны тек сын емес, жанашырлық деп те түсіну керек. Бізде карикатураны тек мысқылдап тұрған сурет деп қана қабылдайды. Түркияда адамдардың дене мүшелерін алмастыратын орталық бар, былтыр солар байқау жасады. Жанашыр ретінде адамға керек дүние ғой. Байқауға дүниежүзінің карикатурашылары қатысты. Ал сол тақырыпты Қазақстанға алып келсе, біздікілер қабылдай алмайды. Жанашырлық дегеніміз сол. Іштегі қыжыл, ішкі революцияны қағазға түсірмей тыныштала алмайсың. Жағымсыз оқиғалар боп жатса да қарап отыра алмайсың.

– Суретшілеріміз жоқ емес. Жастар да көп. Ал солар карикатурадан неге қашады?

– Оның себебі көп. Біріншіден, көркем сурет пен карикатураның қаламақысы жер мен көктей. Екіншіден, бұл салаға көп адамның икемі келе бермейді. Біздің баспасөзде карикатураға сұраныс жоқ. Қазір интернеттің заманы, сол жерден ала салады. Менен бір-екі жас кіші карикатурашы Мұрат Ділманов бар. Қазіргі «модный» суретші. Бүгінгі оқиғаны бүгін салып тастайды. Біздегі карикатурашылардың жасы сол. Оны айтасыз, Ресейде 40-50 карикатурашы бар, олар да Кеңес өкіметі заманынан келе жатқан суретшілер. Оларда да жастар аз.

– Халықаралық байқауларға көп қатысасыз. Шетелдік әріптестеріңіздің аяқ-алысын бақылап отырасыз ба?

– Иә, біз де спортшылар сияқты дайындалып, үмітпен қатысамыз. Қатысам десеңіз, жарыс өте көп. Әлемнің әр бұрышында бір айда-ақ бірнеше жарыс өтеді. Карикатурасы дамыған мемлекеттер бар. Иранда жақсы дамыған. Орталығы да бар. Ішкі байқаулары өте көп. Бізде жазушыларға арналған байқаулар, форум-конференциялар жиі өтеді ғой. Олардың карикатурашылары тура сондай. Олардың бір мықтылығы – мемлекеттің тапсырмасын, идеологиясын орындайды. Түркияда да жақсы дамыған. Шетелдік әріптестерім «Карикатураның Меккесі – Түркия» деп атайды. Онда ұйымдастырушы орталықтар, қалалық әкімшіліктер, газет-журналдар көптеген байқау, көрме өткізіп тұрады.

Қытайдың Бейжің қаласында «CIMA» деген өнер орталығы бар. Солар жыл сайын бір тақырыпты ұсынып, дүниежүзілік байқау өткізеді. Алдыңғы жылдың тақырыбы Кунфудзы болды. Оның іліміне байланысты небір карикатура, шарждар салынды. Солар биыл «Ин мен Ян» ілімінің негізін қалаушы философ Лао Цзы тақырыбын ұсынды. Қытайдың мәдениетін, тарихын, Жібек жолы сияқты тақырыптарды ұсынып, әлемге өзі туралы жарнама жасап отырады. Яғни карикатура – насихатшы да.

– Иран секілді біз де карикатураны мемлекеттің идеологиясына пайдаланумызға бола ма?

– Неге болмасқа?! «Нұр Отан» партиясы былтырға дейін жемқорлыққа байланысты байқау өткізіп тұратын. 3-4 рет өткізді. Бізде ұйымдастыратын адам жоқ. Соған байланысты қолдау да керек. Сонда жастар да қызығып, үйренер еді.

– Қазір сурет өнерінде иллюстрация сәнде ғой. Оны жаңа технологиямен-ақ салып жатыр. Соңғы үлгідегі құралдарды пайдаланасыз ба?

– Жоқ, бұрынғы классикалық үлгіде, қолмен саламын. Кейде жылдам салу үшін компьютерге отыратын кез болады. Жастар көбіне планшетпен салады. Оның артықшылығы – жылдам және сапалы болады.

– Кез келген суретші карикатурашы бола ала ма?

– Жаңағы айтқанымдай, мұнда ең бастысы – идея, ой. Ал оны жеткізу үшін шеберлік қажет.

– Ал реалистік суретпен айналысасыз ба?

– Ол қолымнан келмеді. Оған үлкен дайындық керек.

– Сурет өнеріне қалай қызығып едіңіз?

– Бала кезден «Балдырған», «Ақ желкен», «Мурзилка» журналдары мен «Дружные ребята» газетін, Ресейдің «Веселые картинки», «Юный художник» деген журналын оқып өстік. Бұлар қолға тиген соң ішіндегі суреттерін міндетті түрде көшіретінмін. Әкем кеңседе экономист болып істеді. Қара қағаз деген болатын, соны әкеп беретін. Қазіргі «ксерокс» сияқты ғой. Үстіне ақ қағаз қойып бастыратынбыз. Ауылдық жерде бағыт-бағдар беретін адам болмады. Бәрін газет-журналдан қарап өстік.

– Салған суреттеріңізді бұл басылымдарға жіберіп пе едіңіз?

– Жоқ, жіберген емеспін. Қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне «худфакқа» түстім. Сол кезде де карикатураның не екенін білмедім. Бірақ мектеп кезінен бастап күлдіргі суреттер салып жүретінмін. Сыныптастарым риза болатын. Бірақ не бағыт екенін білмейтінмін. 3-курста болу керек, алғаш рет ойымда жүрген дүниені салдым. Орыстың «Шалқан» ертегісінің ізімен жерден қазақ тілі кітабын тарта алмай жатқандар бейнеленген сурет салдым. Оны «Ана тілі» газетіне алып бардым, сонда жарияланды. Кейін «Егемен Қазақстанда» Айдарбек Ғазизұлы ағамен таныстым. Сол кісінің қасында жүріп, көп әңгімесін естідім. Ұстазым деп есептеймін. Ағаның арқасында карикатура деген үлкен сала бар екенін, тақырыптары мол екенін, шетелдік байқауларға қатысуға болатынын білдім. Ақырындап-ақырындап газеттерге сурет салып, ары қарай ілесіп кеттік.

– Ал сізден үйренуші жастар бар ма?

– «Жас Алашта» істеп жүргенімде студенттер келетін. Бірақ олар да мультфильм саласындағы жігіттер еді, қазір де сол салада жүр. Өкінішке қарай, жастар жоқ. Ал үйренем десе қашпаймын. Үйреніп жүрген қатарластарым да бар, оларға да білгенімді айтып бағыт-бағдар беріп жүрмін.

– Карикатураны өнердің қауіпті түрі деп айта аламыз ба?

– Ол салған жұмысыңызға байланысты. Осыдан 4 жыл бұрын Францияда «Шарли Эбдо» оқиғасы болды. Сонда 12 адамды атып кетті. Журналдың тарихын ақтардым. «Шарли Эбдо» журналы басында «Хара Кири» деп аталған екен. Әр нөмірін қарадым. Біз бір суретті әдемілеп отырамыз ғой, ал олар фломастермен сала қояды екен. Бояуға көміліп тұрмаса да, суреттерінде идея бар. Олар карикатураға саясатпен бірге дін тақырыбын қосқан. Шектен шыққан суреттер де көп болған. Карикатураны бизнеске көбірек пайдаланған. Осы оқиғадан кейін көрші Ресейде заңмен дін тақырыбындағы каритураға шектеу қойды. Басқа елдерде карикатурашыларды ұрып-соғып кету, сотқа сүйреу сияқты оқиғалар жиі болады. Екі-үш жыл бұрын Мұрат Ділманов Қыдырәлі Болмановқа байланысты бір сурет салды, бірақ сотқа жетпей тоқтады.

– Ал біздің елімізде карикатураға кедергілер, тыйымдар болып тұра ма?

– Кедергілер міндетті түрде болады. Шығарып отырған басылымның ұстанымына байланысты кейбір суреттер өтпей қалады.

– Сіздің карикатуралық суреттеріңізді бірден танимыз. Әлеуметтік желілерге шыға қалғанда сіздің қолтаңбаңыз екенін жазбай танимыз. Басқа стильдерде ізденіс жасайсыз ба?

– Бұрын интернет жоқ кезде суретшілердің жұмыстарын кітапханадан ақтаратынмын. Даниялық Херлуф Бидструп деген комиксші болған, КСРО кезінде жақсы бағалаған. Оның мықтылығы сондай, кітап дүкендерінде «Бидструп сатылымда жоқ» деген жазулар ілулі тұрған. Борис Ефимов деген суретші 100 жастан асып қайтыс болды. Басқа да атақты суретшілер болды. Кітапханадан осылардың ішінен кімнің суретін көріп келем, ертесі менде соның стиліндегі суреттер болатын. Алғашқы ізденістер осылай болады екен. Анаған-мынаған еліктеп жүріп қолтаңба қалыптасады. Мықты суретшілер, суреттер әрдайым ойымда тұрады.

– Жарыстарға қалай қатысасыз?

– Жарыстар көп болады. Дүниежүзілік бір жарысқа кемі 500 суретші қатысады. Қатысам деушілерге шектеу жоқ. Тегіңді танытуға уақыт керек, әртүрлі этаптан өтесіз. Жарыстардың әртүрлі деңгейі болады. Жүлделері де әртүрлі. Көбіне 3-орын алатынмын. Өткенде қызым: «Әке, сендердің жарыстарыңда 3-орыннан басқа орын жоқ па?» – дейді. Қожанасыр атындағы жарыс жыл сайын өтеді. Биыл Түркияда, 39-рет өтті. Мәртебелі жарыстардың бірі. Биыл 810 адам қатысты. Бұдан бас жүлде алдым. Португалияда 7-8 жылдан бері «WordPress» деген жарыс өтеді. Шарт бойынша әр жылы шыққан суреттерді қатыстыру керек. Түркиядағы отыз жылдан аса тарихы бар «Aydin Dogan» байқауы бар, бұлардың жүлдесін алу – әр карикатурашының арманы.

– Ал мұндай байқаулар бізде жоқтың қасы ғой?

– Бізде жоқ. «Нұр Отан» партиясы өткізетін. «Әділ сөз» қоры баспасөзге байланысты өткізетін. Олар да тоқтап қалды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Асылан ТІЛЕГЕН

Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз