Белгілі жазушы Саид Баязитовтың туғанына 90 жыл

Ұлты татар бола тұра шығармаларын қазақ тілінде жазған санаулы қаламгерлеріміздің бірі Саид Баязитов еді. Оның «Күтпеген кездесу», «Арал Робинзондары», «Балақалам», «Тюльпандар гүл шашқанда», «Хрусталь алқалар», «Айдарлыдағы кездесу», «Алтын кілт» т.б. кітаптары жарық көрген.

1957–1961 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Қызылордадағы облысаралық бөлімшесінің әдеби кеңесшісі, 1961–1963 жылдары Мәскеудегі Жоғары әдебиет курсының тыңдаушысы болған Саид аталарыңның балаларға арналған туындылары да аз емес. Жазушының мерейтойына орай бір әңгімесін жариялап отырмыз.

 

Аяғын жасқана басып, талдырмаш бойлы бір қыз бала Роберт Карловичпен бірге сыныпқа кірді. Өзі кіршіксіз боп киінген. Жасы біз қатарлас. Он-он бірлер шамасында. Қос бұрымы көрікті кескініне әдемі сән беріп тұр.

– Кәне, балалар, танысып қойыңдар, жаңа оқушы. Ауылымызға көшіп келген. Есімі  Гүлжан, – деп таныстырды Роберт Карлович.

Гүлжанға тесіле қарап қалыппын. Оның әрбір қимыл-қозғалысын қас қақпай бағып, кеткенім сонша, ағайдың Гүлжанды отырғызатын орын іздеп, артқы партада жалғыз отырған маған қадалып қалғанын да аңғармаппын.

– Жұмаш! – деген дауысын естігенде ғана селк ете түсіп, орнымнан ұшып тұрдым.

– Мен?! – дедім сасқалақтап.

– Жұмаш, бүгіннен бастап Гүлжан екеуің бірге отырасыңдар.

Үнсіз бас изедім. Ендігі ойым – партаның ыңғайлы жағын өзіме қалдыру.

Әрине, көп ойланбастан-ақ, терезе жағын таңдадым. Бұл тұстан барлық үйлер алақандағыдай боп көрінеді. Жол бойымен өтіп жатқан машиналарды, үйлердің шатырына орнатылған қараторғай ұяларын да көріп отырасың.

***

Гүлжан менің қатарыма отырды.

Үзіліске қоңырау соғылысымен Гүлжанға бірінші айтқан сөзім:

– Дос болайық, жарай ма? – болды.

Ол бетіме жалт қарады да:

– Дос болса, несі бар? – деп маған қолын ұсынды.

Әңгімені одан ары өрістеткім келіп:

– Үйлерің қай тұста? – дедім.

– Анау төбесінде қараторғай ұясы жоқ үй ше, сонда тұрамыз.

– Қараторғай ұясы жоқ? – дедім мен ойланып.

– Бұрын болған. Көшкенде бұзып кетіпті. Иесі бір сотқар бала болса керек.

Мен ол «сотқар баланың» бұрынғы өз парталасым екенін біле қойдым да:

– Иә, ол сондай болатын, – деп ұяла қостадым. – Гүлжан! – дедім сонсоң көтеріңкі үнмен.

– Немене?

– Ертең-ақ қараторғай ұясы дайын болады?!

– Шын ба?!

– Иә, – деп, оған қолымнан неше түрлі ағаш бұйымын жасау келетінін, үйдегі мүйіз сапты өткір кездігіммен талай кереметтер жасауға болатынын айттым. Қараторғай ұясын жасау қолымнан келетіні анық еді. Сондықтан:

– Міне, уәде беремін!– деп қолымды батыл ұсындым.

***

Мен уәдеде тұрдым. Қараторғай ұясы келесі күні дайын болды. Бірақ оның есесіне орыс тілінен берілген тапсырманы жазбай келдім.

Қырсыққанда, бүгінгі алғашқы сабақ орыс тілі еді. Роберт Карловичтен сәл-ақ бұрын келдім. Келгеннен Гүлжанға:

– Қараторғай ұясы дайын болды! – дедім мақтанышпен.

– Шын айтасың ба? Дайын болды ма?

– Әрине! Уәде берген соң…

Біздің жарастықты әңгімемізді сабақтың басталуы бөлді.

Дәптерімді енді ала бергенімде, Гүлжан:

– Кәне, жазғаныңды көрсетші, – деп қалды. – Денем түршігіп кетті.

– Оны қайтесің? – дедім бетіне жалт қарап.

– Көрсеткің келмей ме? – деп Гүлжан қызара күлімсіреді. Мен қатты қысылдым. Кінәмді мойындаудан басқа лажым қалған жоқ. Жазбағанымды айттым.

– Жаттығуды кім орындамай келді? – деп сұрады Роберт Карлович.

Ешкім қолын көтермеді. Демек, бәрі де орындап келген.

– Сен неге көтермейсің? – деді Гүлжан сыбырлап.

– Дос болсаң, үндеме… – дедім мен құлағына күбірлеп.

– Мұғалімді алдауға болмайды!

Оның дауысы қатты шығып кетті. Роберт Карлович бізге жалт қарады.

«Бүлдірді, – дедім ішімнен, – досқа жарыған екенмін!» Гүлжан мұнымен де тынбады. Алдыма бір жапырақ қағазды ысырып қойды. «Мұғалімді алдаймын деп әуре болма, мойында», – деп жазыпты. Мен де: «Екілік» ал дейсің бе?» – деп жазып, өзіне қайырдым.

Гүлжанның:

– Өзің айтпасаң, мен айтамын, – деген ызалы сыбырын естідім. Ол қолын көтергелі оқталып отыр екен. Мен қолын ұстай алдым:

– Керегі жоқ, өзім…

Орнымнан зорға тұрып, мұғалімге жаттығуды жазбай келгенімді айттым.

Роберт Карлович мені бастан-аяқ шолып өтті де, кейісті үнмен:

– Неге жазбадың? – деді.

Мен «ұмытып кетіппін» дегелі тұр едім, менен бұрын Гүлжан тіл қатты:

– Оның қараторғай ұясын жасаймын деп қолы тимепті. Маған уәде берген-ді, – деді.

Роберт Карлович қайырымы түсіп, маған «екілік» қойған жоқ. Бірақ онысы «екілік» қойғаннан да жаман батты.

Сабақ аяқталып, үйге қайтық. Мен төбесінде қос қараторғай қонақтап отырған Гүлжанның үйі жаққа қарап қойдым да:

– Қазір біздің үйге соғып, қараторғай ұясын алып шығайық. Содан кейін сенің үйіңе барамыз, – дедім Гүлжанға.

– Қараторғай ұясын? – деп, ол қабағын таңдана көтерді.

– Сенбейсің бе?

– Сен маған ренжімейді екенсің ғой?

– Шындыққа несіне ренжимін? – дедім жадырай сөйлеп.

– Шынымен, қараторғай ұясын орнатып бересің ғой?

– Әрине, уәде берген соң, орындау керек.

Жаңа досымның жүзі нұрланып сала берді.

Суретін салған Ерлан Момбаев

«Балдырған» журналы, №9
Қыркүйек, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз