Мэй барлық нəрсеге қызыға қарағыш кішкентай сəбиінің алғырлығына қуанатын. Көп дүниені өзге балалардан бұрын түсініп қоятынына мақтанатын да. Бірақ
бұл шат көңіл ұлының трансқа түскен сəтінде тəмамдалды. Мэй терең ойға шомып кеткенде ешкімді естімейтін, меңіреудің күйін кешкен кішкентайының жағдайына алаңдаумен болды. Бір білсе, дəрігер білер дегеноймен тексерістен де өткізді. Алайда үй іші де, ақ халаттылар да сол сəбидің болашақта əлемді аузына қарататын адамға айналарын білмеген болар.

ИЛОН МАСК (Elon Musk):
– 10 жасында компьютерлік бағдарламалауды меңгерген;
– 12 жасында видео ойын жасап шығарған;
Ғарыштың ғаламат мүмкіндіктерін адамзат игілігіне жұмсау жолында батыл əрекет етіп жүрген өнертапқыш, инженер, кəсіпкер, миллиардер.

Трансқа түскен тағдыр ма?

Илон Маск 1971 жылы 28 маусымда Оңтүстік Африканың Претория (Pretoria – Оңтүстік Африкадағы əкімшілік астана) қаласында туып-өскен. Анасы Мэй – модель. Ал əкесі Еррол – инженер. Əкесі туралы: «Əкем – инженер- электромеханик. Сондықтан да болар, инженерлік заттар айналамда көп болды. Ал мен бір нəрсенің қалай жұмыс істейтінін сұрасам, əрдайым толық жауап алатынмын», – дейді. Илон кішкентай күнінде барлық баладай көп нəрсеге қызығатын. Бірақ ес біле бастаған шағында көп қатарласынан ерекшелене бастады. Бəрін бірден пайымдайтын, түсініп қоятын. Алайда мұның соңы түсініксіз жайтқа жеткізді. «Ол уақыт өте трансқа түсіп кетіп састырды. Кейде мүлде естімейтін», – деп еске алады анасы Эшли Ванджтың «Elon Musk: Tesla, SpaceX, and the Quest for a Fantastic Future» кітабында. Илонды ата-анасы мен дəрігерлер саңырау деп ойлады. Ақ халаттылар тиісті тексерістен өткізген соң, арнайы ем-дом да жасайды. Тіпті есту қабілетін жақсарту үшін Илонның аденоид (тамақ‚ көмей бездерінің ісуі) безін алып тастайды. Сонда да ештеңе өзгермейді. Өйткені мəселе есту жүйесінде емес, ақыл-ойында еді. «Ой түбіне сүңгіп кеткенде өзгеше əлемде жүретінін көресіз. Қазір де сөйтеді. Ондайда оны жайына қалдырам, себебі зымыран ба, əлде соған ұқсас бірдеңені құрастырып жатқанын білемін», – дейді Мэй. Оның айтуынша, Илон ойланып отырғанда секірсеңіз де, тіпті оған айғайласаңыз да естімейді. Ойлануын жалғастыра береді. Осы үшін оны айналасы жазғыратын, ессіздікке балайтын. Ал Илон үшін мұндай сəттер – ештеңемен алмастыруға келмейтін керемет кез. 5-6 жасқа толғанда өзгелерге «түсініксіз» балақай тұңғиық əлемінен шығып, ойдың бəрін бір тапсырманы шешуге шоғырландырудың жолын табады.

Кітап кеміргіш

Құрдастарының достығынан құр қалған Илон кітапты жанына серік етеді. Ерте жасынан-ақ қолынан кітап түспеді. Илонның артынан ерген Кимбал деген інісі бар. Сол ағасының балалық шағы туралы: «Тəулігіне 10 сағат кітап оқу əдеттегі тірлігі еді. Демалыс болса, бір күнде екі кітапты парақтап үлгеретін», – дейді. Отбасымен сауда-саттық жасауға немесе ойын-сауық орталықтарына демалуға шыққанда Илон жиі жоғалып кететін. Анасы мен інісі шыр көбелек айналып іздеуші еді. Сондайда Илон үнемі кітап сататын дүкеннің бір бұрышында еденге жайғасып алып, өз əлеміне еніп кеткен кейпінде табылатын. Есейе келе бұл əдеті тіпті күшейіп, саналы түрде үйден кітап дүкеніне кетіп қалатын болды. Мектептегі сабағы түсте аяқталады, ал ол ата-анасы жұмыстан келгенше үйге қайтуды ойламайтын. Əуелі көркем əдебиетке құмартты, кейін комикстерге қызықты, содан соң публицистикалық басылымдарға бас қойды. Ол «Сақиналардың иесі» (The Lord of the Rings), Исаак Əсімовтың Foundation сериялары (Isaac Asimov’s Foundation series) жəне Роберт Хейнлейннің «Ай – қатал ханым» (Robert Heinlein’s The Moon Is a Harsh Mistress), «Галактикаға арналған Хитчердің нұсқауы» (The Hitchhiker’s Guide to the Galaxy) еңбектерін оқып тастаған еді. Содан болар, шамамен 3-4-сыныптарда мектеп пен жақын маңдағы кітапханаларда Илон оқитын кітап қалмайды. «Кітапханашыны мен оқитын кітаптарға тапсырыс беруге көндіріп көрдім. Осыдан соң британдық энциклопедияны оқуды бастадым», – дейді балалық шағы туралы толғанған Илон. Осының арқасында суретпен сұмдық есте сақтайтын Илонның миы энциклопедияға айналғандай болды. Тіпті отбасымен тамақтанып отырған кезде тосыннан қойылған «Жер мен Айдың арасы қанша қашықтық болады?» деген сынды сұрақтарға мүдірмей жауап беретін. Илонның Тоска деген қарындасы оны барлық сұраққа жауабы дайын «данышпан» деп атайды. Ол қос бауырымен түннің бір уағына дейін ойнайтын. Сондай бір түн жамылған кеште балалар ойыннан бас алмай отырған. Кенет қою түннен үрейлене бастаған кішкентайларға Илон: «Түн деген жай ғана жарықтың жоғалған сəті», – деп қорқынышын басатын көрінеді.

Илон кітап оқығанда комикс кейіпкерлеріне ерекше құмартқан. Бала күндегі комиксқұмарлығын: «Дүкендегі барлық комиксті оқыдым. Əрине, маған Бэтмен, Супермен сияқты кейіпкерлерді оқыған қатты ұнайтын. Темір адам, Жасыл Шершень, Стрэндж дəрігер, қысқасы, осы комикстер маған күшті көрінді. Бірақ мен сөредегіні түгел оқып шықтым, таңдамадым, ешбірін қалдырмадым», – деп есіне алады.

Бала-кәсіпкер

Илон 10 жасқа келгенде əкесі АҚШ-қа ертіп барады. Əкесінің жанына еріп жүретін
баланы ғажайып ғимараттар, саябақтағы аттракциондар немесе əр қаланың көрікті жерлері емес, қонақүйлерде орналасқан аркада (Arcade game, аркада ойыны – тиын салып ойнайтын автомат. Əдетте ойын-сауық орындарында, мейрамхана, бар секілді қоғамдық орындарда болады) ойыны болатын. 1980 жылдары Америкада бұл ойын өте кең тарады, тіпті америкалықтар арасында сəнді хоббиге айналған. Осы ойын Илонды да елітіп əкетті. «Ойындар мені қатты қызықтырды, тіпті мені программа жасауды үйренуге итермеледі. Өз ойынымды жасап аламын деп ойладым. Оның қалай жұмыс істейтінін көргім келді», – дейді И.Маск. Оның осы бір қызығушылығы компьютерді зерттеуге, ойын ойнауды ғана емес, сол ойынды қалай құрастыруды білуге жетеледі. Бір күні дүкеннен (Commodore VIC-20) 8 бит болатын үйдегі компьютерді көреді, ол өзін сол сəтте қанатын қағып жіберсе бəрін тындыра салатын қасиетті құс сезінді. Содан əкесін əлгі компьютерді алуға көндіру үшін бəрін істеуге дайын болды. Ақыры компьютерді алғызды. VIC-20-да бар болғаны 5 КБ болды, бірақ оның тек 3,5 КБ-тын бағдарламалау үшін жұмсауға болатын еді. Десе де соның өзі Илонды компьютерге байлап қоюға жететін. Кей кездері қатарынан бірнеше тəулік бас алмай отыратын. Осылайша алған бетінен қайтпайтын бала Илон ақыры өзі видео ойын жасап шығады. Ол кезде 12 жаста еді. Кішкентай программист алғашқы еңбегін шамамен 500 АҚШ долларына сатады. «Бластар» деп атаған видео ойынының құпия санын «PC and Office Technology» журналы жариялады. Сөйтіп жұртшылық 1984 жылы Илонмен алғаш танысады. «Бластарды» қазір де интернеттен тауып ойнауға болады. Оның осы бір ойынынан шынайы өмірді көруге болады. Себебі онда өмір үшін айқас, күнделікті тіршіліктегі ақ пен қараның шайқасы, тіршілік үшін жанталас бар.

Ортадан оқшау оқушы

Илон мектепте өзге оқушылардан оқшау жүретін. Өйткені атаман құрдастары қатарға қоспай, шеттетіп тастайтын. Жоғарыда аталған өмірбаяндық кітапты Марат Сүлейменов бастаған топ қазақ тіліне аударған. Сонда Илон інісі Кимбалмен баспалдақтың жоғары жағында тамақ ішіп отырған кезінде бір бұзақы баланың өзін төмен итеріп жібергенін айтады. Домалап барып топ баланың табан астына құлайды. Бəрі жабылып жазықсыз Илонды тепкінің астына алады.

Осы сәтін бір баспасөз конференциясында баяндаған ол: «Мен сол жексұрын топтан қашып жүретінмін, олар, неге екенін білмеймін, соңымнан қалмай, маған тиісе беретін. Сол күні таңертеңгі сап түзеуде бір баланы байқамай итеріп жіберген болуым керек, соған кек сақтап қалған сияқты… Мектепке тек бір аптадан кейін оралдым. Бірнеше жыл бойы маған тыныштық болмады. Мектепке барсам, бір топ бұзақы аңдып, қуып жүріп ұрып кетеді. Үйге келсем, одан да зорын көремін. Бұл сұмдық ешқашан аяқталмайтындай көрінетін», – дейді.

Əлгі төбелесте Кимбал Илонды біреулердің теуіп, топтағы атаманның басымен жерге ұрғанын көріп есінен танып қалады. Əйтеуір ағасының қатты ашумен «Хайуандар!» деп айғайлағанын ғана біледі. Бір кезде барып қараса, Илонның бетінде сау-тамтық жоқ. Осы оқиғадан кейін Илон мұрнына ота жасауға мəжбүр болған. Оған бəрінен ауыр тигені жалғыз жолдасын да Илонмен дос болмауға уəде бергенше ұрып-соққаны болды. 15 жасқа дейін төбелеске де, таяққа да шыдап бақты. Кейін Илонның бойы тез өсіп, каратэ мен күреске қатысқанының арқасында өзін қорғай алатын болды.

Бір қызығы, сол сабаған балалардың бəрі бір күндері Илонның жетістіктеріне куəгер боларын білмеді. Илон толассыз төбелестердің кесірінен мектепті жиі ауыстырды. Жоғары сыныпты Оксфорд немесе Кембридж мектебіне дайындайтын Преториядағы ұлдар мектебінде оқыды. Ондағы сыныптастары Илонды оқушы кезінде көш бастап жүретін 4-5 баланың қатарынан көрмегенін, атаман болуға ұмтылмағанын айтады. Гидеон Фури атты
сыныптасы: «Ол ешқашан ешнəрсеге жетекшілік етіп көрген емес. Қазір осындай жетістікке жеткеніне əлі де сене алар емеспін», – дейді.

Илон қанша мектеп ауыстырып, жаңа ортаға түссе де, дос табуға тырыспайтын, ешкіммен жақын араласпауды жөн көретін. Өйткені өзі үшін біреудің тағы да таяқ жегенін қаламайтын. Осыдан болар, оқушы Илон тек өзінің армандарымен бірге болды. Жасаған зымырандарымен достасты. Үйде құрастырған зымырандарын сабақ арасындағы қоңырауда өзгелерге ұшырып көрсететін. Ал Тренси Бени атты Илонмен көп жыл бойы қол үзбей араласып тұрған сыныптасының айтуынша, жоғары сыныптарда оқып жүрген И.Маск өзге планеталарды бағындырып көруді армандаған.

Илонның сабақ үлгерімі сыныптастарынан төмен болды. Өйткені мектепте оқытылатын міндетті пəндердің көбіне жай уақыт алатын сабақтар деп қызықпайтын. Бəрін жоғары көрсеткіш үшін оқудың қажеті қанша деп ойлайтын. Есесіне математикадан жоғары сыныптарға арналған тапсырмаларды да, емтиханды да үздік тапсыратын болған. «Басқа пəндердің маған қажеті жоқ деп санайтынмын. Бастысы – келесі сыныпқа өтетін баға алсам болғаны. Керексіз сабақтар күлкімді келтіретін. Есесіне физика, компьютер сабақтарынан үздік болдым», – дейді Илон. Үлгерімінің нашарлығына қарамастан, кішкентай күнінде көп оқыған. Əлемге тыныштық, жақсылық, ізгілік сыйлап жүретін комикстердегі ержүрек кейіпкерлер сияқты болудан тартынбайтын.

Сәлем, Канада!

Илон мектепті бітірген соң Претория университетінің физика жəне машина құрылысы мамандығына оқуға түседі. Бірақ ондағы оқуы жалықтырып жібереді. Шындығында, ол мектеп кезіндегі арманынан бір сəт те алыстамаған еді. Ата-бабасының тарихи отаны Америкаға баруды қалайтын. Бірақ қалай баруға болатынын білмеді. Десе де жоспарлап жүрді. Илон канадалық бір университетке құжат тапсырғанды, Преториядағы университетте тек Канададан келер жауапты күтуге уақыт өткізу үшін жүргенін айтады.

Шын мəнінде үлкен қадамға үлкен тəуекел керек. Ал сын-қатер барын біле тұра бір іске тəуекел ету үшін соған лайықты асқақ арман керек. Мұхтар Шаханов əйгілі «Арман» атты өлеңін: «Мəңгі лаулап жану үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға», – деп бекер түйіндемеген ғой. Міне, Илон да сондай тəуекелге барды. Осы күні кей адамдар Қазақстанның ішінде оңтүстіктен солтүстікке көшуді қиынсынады. Ал біздің кейіпкеріміз мұхит асып, құрлық ауыстырған.

1989 жылы 18 жасқа енді толатын Илон Канада провинциясындағы Монреаль
(Мontreal – атауы жергілікті Mount Royal кіші тауының құрметіне қойылған ірі шаһар) қаласына тартып тұрады. Бар ойы сондағы немере ағасына бару болатын. Қалаға жетіп, ақылы телефон арқылы ағасымен тілдесіп, үйін таппақ еді. Бірақ бұл əрекетінен түк шықпады. Себебі анасына қоңырау соққанда ағасының басқа штатқа көшіп кеткенін біледі. Тұрақ таба алмаған Илон амалсыздан жастар жатақханасына барады. Онда ұзақ ойланып, анасының Канададағы туыстарын іздей бастайды. Ақыры екінші бір қаладағы бөлесінің үйін
табады. Ол Валдек қаласындағы бөлесінің фермасында бақша жұмыстарымен айналысты. Айтпақшы, 18-ге толған туған күнін де осы туыстарымен тойлады. Бұдан соң еңбектен тартынбайтын еңбекқор Илон Ванкувердегі зауытта ағаш кесуді үйренеді. Бірақ мұндағы айлықты місе тұтпай, қызмет тауып берумен айналысатын агенттіктен жалақысы жоғары жұмыс сұрайды. Ондағылар Илонды ағаш кесетін зауыттың басқа бөліміне жұмысқа жібереді. Сағатына 18 доллар төлейтін жұмысында өзі зорға сыятын тесікке кіріп, күрекпен құм-топырақты, оған қоса қызуы басыла қоймаған күлді шығаруы тиіс. Осы міндетті аптаның басында 30 адам мойнына алады. Бірақ үш күн өтпей, 5 адам бас тартады. Ал 7-күні тек Илон мен екі жұмысшы қалады. Көбі жүректі қысатын ыстық пен күл-қоқысқа шыдай алмайды.

Илонның жетістікке жетуіне жалғыз өзінің ғана жігері жетпеуі мүмкін бе еді, кім білсін. Шын мəнінде өз бетімен əрекет ететін, өзгелердің ойымен жүре алмайтын, өз əлемімен ғана өмір сүретін адамдарды көпшілік қатарға қосқысы келмейді. Ең ауыры, жақындарының өзі теріс айналып жатады. Ал Илонға күш берген анасы мен бауырларының қолдауы болғаны сөзсіз. Анасы Мэйдің Илонды ойлап, Канададан үй іздеп кетуі, сол сəтте қарындасы Тосканың үйдегі көлікті сатып жіберіп, жиһаздарға кірісуі осыған дəлел-ақ. Отбасы осылайша 1989 жылы Канадаға біржола қоныс аударады. Сол жылы Илон Канаданың алғашқы астанасы болған Кингстон қаласындағы Королева университетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнындағы сабағынан тыс уақытта інісі Кимбалды ертіп маркетолог, журналист, банкирлер арасынан ықпалды, басшылықта жүрген жандармен кездесуге тырысты. Олардың тынымсыздығы мен біріккен қайсарлығының нəтижесінде «Zip2» компаниясы құрылды. Бұл адамдарға керегін интернеттен табуға мүмкіндік беретін іздеу желісі болды. Ал осы жылдары Қазақстанға компьютерлер енді ғана келіп жатты. «Zip2» жобасы жарнама беруші мен тұтынушы арасында көпір болуды көздеген интернет анықтамалыққа айналды. «Zip2» компаниясы The New York Times, Hearst Corporation сынды ірі медиа компаниялармен келісімшартқа отырды. 1999 жылдың ақпанында «Zip2» компаниясын «Compaq Computer» компаниясы 307 миллион долларға сатып алады. «Zip2»-нің соңы онлайн-қаржы қызметімен айналысатын X.com; 2002 жылы 1,5 миллиард доллар кіріс əкелген PayPal; ғарыштық зымыран тасығыштарды құрастырып шығаратын SpaceX; электротехника мен физика саласында көптеген өнертабысқа қол жеткізген ғалым Николь Тесланың құрметіне қойылған, автомобиль өндірісімен шұғылданатын Tesla компаниясына жалғасты. Біз оның ірі компанияларын ғана атап өттік, шындығында саны бұдан көп. Forbes журналының сайтында Илонның профилі бар. Сонда көрсетілген 20 қыркүйектегі есеп бойынша, Илон Масктың табысы – 20,2 миллиард доллар.

Илонды қазір əлем алақанына салып аялайтындай. Себебі интернетсіз күн кеше алмайтын заманда оның идеясы бəрінен биік тұр. Ол «Ғаламды тегін интернетпен қамтамасыз етемін» деп адамзатқа берген уəдесін орындауға барын салып жүр. Мақсатына жететіні анық, өйткені оның орындалуына адамзат мүдделі, дүниежүзі
дəмелі. Сонда ойлаңызшы, бір адамның қолынан бүкіл ғаламға жағдай жасау келеді екен. Бар əлем бір алақанда деген осы шығар.

P.S. Сөз соңында кейіпкеріміздің көпшілікке кең тараған ойларын ортаға салғанды жөн көрдік:

Сені таңертең тұрғызатын, өмір сүруге итермелейтін себеп болуы керек.
Табандылық өте маңызды, жеңілуге мəжбүр болмайынша берілмеуге тиіссің.
Алғашқы қадам – қандай да бір мүмкіндікті қолға алу, орындалатынына сенімділік содан соң өздігінен туады.
Қарапайым адамның ерекше болуды таңдауына мүмкіндік бар деп ойлаймын.
Мен еш уақытта жеңілмеймін адаммын.
Біздің парыз – сана жарығының болашақта да сөніп қалмауына жағдай жасау.
Таңертең оянғанда болашақ туралы ойласаңыз, керемет күн.
Əлдекімнің саған «жоқ» деуіне мүмкіндік берме.
Əлемді өзгертетін жəне болашаққа əсер ететін дүниелер мені қызықтырады.
Колледжде оқып жүргенімде əлемді өзгертетін бір нəрсе ойлап тапқым келді. Қазір істедім!
Мен Марста өлгім келеді, бұл қорқынышқа əсер ете алмайды
(Илон бұл жерде писсимистік ойда айтып тұрған жоқ. Оның болашақтағы арман-мақсаты – Марсты игеру. Өйткені онда өмір бар. Кей «көшбасшылардың» жер бетіне адам сыймай бара жатқанын сылтау немесе себеп етіп соғыс ашуды ауызға алуынан Илонның идеясы əлдеқайда пайдалы – А.Ш.).

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

Ұлан» газеті, №40
1 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз