Балалар, аспан əлемі бəріңді қызықтыратын шығар? Ал жұлдыздарды жақындатып көретін телескоп туралы не білесіңдер? Жақында қазақстандық ғалымдар осындай отандық аспап жасады. Жаһандану заманында білім мен ғылым қарыштап дамыған сайын аспан əлемінің құпиясын зерттеу қолжетімді бола бастады. Мұндай қызық əрі күрделі зерттеуден Қазақстан ғалымдары да шет қалып жатқан жоқ.

Ең жылдам телескоп

Жақында Назарбаев университетінің ғалымдары Қазақстандағы ең жылдам телескопты іске қосты. Университеттің баспасөз бөлімі Exploring the Energetic Universe халықаралық конференциясында NUTTellATAO (Nazarbayev University Transient Telescope at Assy-Turgen Observatory) деп аталатын жаңа аспапты жинақтауды аяқтап, алдын ала сынақтан өткізгені туралы хабарлаған еді. Алматы облысындағы Ассы-Түрген обсерваториясына орнатылған жаңа телескоптың көмегімен ғалымдар ғарыштық гаммақалқымаларды зерттей алады. Ғалымдардың айтуынша, жаңа аспаптың жылдамдығы əлемдегі ең үлкен ғарыштық жарылыстардың оптикалық сəуле шығару спектрін өлшеуге мүмкіндік береді екен.

Телескоп Нобель сыйлығының лауреаты жəне Назарбаев университеті Энергетикалық ғарыш зертханасының жетекшісі, профессор Джордж Смут командасындағы эксперименттік топтың басшысы, профессор Брюс Гроссанның басшылығымен жасалған.

«Nuttella-TAO аспабы – гамма-қалқымаларды санаулы секундта өлшеуге мүмкіндік беретін инновациялық телескоп. Оның көмегімен SWIFT спутнигі сияқты ғарыштағы сезімтал аспаптармен сəйкестендірілген гамма-қалқымаларға жауап беріп, оларды өлшей аламыз. Спектр нысанын өлшеу электромагниттік спектрдің ең қатты бөлігінде, алыс галактикада бақылауға болатын əлемдегі ең
жарқын электромагниттік оқиғалардың механизмін түсінуге мүмкіндік береді»,
– деп түсіндірді Энергетикалық ғарыш зертханасы жобалық тобының зерттеушісі Жанат Мақсұт.

Əдетте мұндай телескоптар өте көлемді болады жəне баяу жұмыс істейді екен. Ал бұл телескоп өте жылдам, талдау үшін жаңа гамма-жарқылға тез жауап бере алады. Көлемі ықшам, басқа телескоптармен салыстырғанда мобильді, тез ашылатын шатыры бар жаңартылған механизмі бар. Гамма-қалқымаларды бұрып, бекіте алады. Сондай-ақ, гамма-қалқыманың табылғаны туралы сигнал түскеннен бастап 5-10 секунд ішінде құбылысқа жауап береді, оны берілген координаттар бойынша табады жəне суретте тіркей алатын қабілеті бар.

Университет ғалымдары аспап спектрдің оптикалық үлгісін камералар автоматты түрде өңделетін жəне бекітетін əртүрлі бұрыштарда орналасқан оптикалық спектрдің үш сүзгішінің көмегімен жасай алатынын айтады. «Бұл ретте біздің камераларымыздың жоғары сапасы бар – сурет алшақтығы 5%-дан кем, бұл жасалған құралдың жоғары дəлдігін растайды», – дейді олар.

Ассы-Түрген обсерваториясының ерекшілігі

Телескопты Ассы-Түрген астрофизикалық обсерваториясына орнату туралы шешім қабылдануы кездейсоқ емес. Обсерваторияда жұлдызды аспанға бақылау жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Таза аспан, жұлдызды күндердің көп болуы жəне жарық шуының болмауы, обсерватория орналасқан үстірттің теңіз деңгейінен 2 750 метр биіктікте орналасуы зерттеу жүргізу үшін қолайлы көрінеді.

«Гамма-қалқымалар туралы түрлі теориялық зерттеу бар, бірақ тəжірибе жүзінде ешқайсысы нақты теорияға ие бола алмай келеді. Соңғы 50 жылда 100 секундқа дейін созылатын гамма-қалқымалардың бастапқы фазасын зерттеуде ілгерілеу болған жоқ. Бірақ біздің телескоптың көмегімен бұл таңғажайып табиғи құбылыстың бейнелерін талдау мүмкін болады деп үміттенеміз. NUTTellA-TAO болашақта астрофизикалық гипотезаларды растауға немесе теріске шығаруға мүмкіндік беретін құрылғы. Оның көмегімен гамма-қалқыма құбылыстарының физикасын ашуға болады», – дейді ғалымдар.

Негізі NUTTellA-TAO аспабы Америка Құрама Штаттарында жасалған. Ал Назарбаев университеті Machine Shop базасының Энергетикалық ғарыш зертханасында үш камерамен бір уақытта жұмыс істеуге мүмкіндік беретін телескоптың қосымша құралы əзірленген. Құрылғының бөлшектерін Қазақстанда жасау елімізге экономикалық жағынан да тиімді. Оны ғалымдар былай түсіндірді: «Біз күрделі инженерлік міндеттерді орындау үшін университеттің өндірістік инфрақұрылымын пайдалана алдық. Machine Shop базасының қызметкерлері елдегі машинаға бейімдеп, жаңартылған дизайн жасады. Оларға қажет есептерді, құрылғының 3D моделі мен техникалық сипаттамаларын университет зертханасының ғалымдары дайындады. Математикалық есептеу мен симуляцияларды аяқтаған соң база станоктарында авиациялық алюминийден бөлшектер əзірледік. Қазақстан материалдардың шығынын көтерді, басқа жұмыстар университет қабырғасында болғандықтан компаниялар ұсынатын қызмет құнынан 8 есе арзанға шықты. Телескоптың линзалары мен сүзгілері АҚШ-та біздің берген сипаттамаларымыз бойынша жасалды».

Жаңа телескоптың жобасын жүзеге асыруға Алматыдағы Фесенков атындағы Астрофизика институты да үлес қосқан. Институт инженерлерінің арқасында телескоп жабатын обсерваторияның шатыры санаулы секундта ашылатын механизм жүйесі жасалды. Осы институттың инженері Максим Кругов бала кезінен астрофизикаға қызыққанын айтады. Бұрын аспан əлемін зерттеу, жұлдыздарды жақыннан көру орындалмайтын арман секілді көрінгенімен, қазір күнделікті қызметте мұның еш қиындығы жоқ шаруа екеніне көз жеткізіпті.

17-21 тамыз аралығында Ассы-Түрген обсерваториясында алғашқы сынақ өткен. Қазір телескопты қашықтықтан басқаруға, екі камерамен түсірілім жасауға болады. Күзде тағы бірнеше сынақтан өткен соң, қыста автомат телескоптың алғашқы толық іске қосылуы жоспарланып отыр. Ғарыш гамма-қалқымалардың сəуле шығару механизмін зерттеу жəне одан əрі талдау үшін негіз болатын алғашқы нақты нəтижелер 2020 жылға алынады.

Дайындаған
Дана МАРАТОВА

Ұлан» газеті, №40
1 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз