Кремний алқабы – əлемдегі ең ірі əрі ең танымал компаниялар бір жерге шоғырланған жер. Бұл жерде əлемді өзгерткен кішкентай стартаптар жұмысын бастап, бүгінде бүкіл əлемді мойындатып отыр. Атап айтсақ, Apple, Microsoft, Facebook, Amazon, Google деп, əрі қарай жалғаса береді. Жаңа технологияға қызығатындар мен осы салада жұмыс істейтіндер үшін, бəлкім, қолжетпес мекен. Дегенмен, өмірде бəрі мүмкін. Бүгін біз дəл осы Кремний алқабындағы электрокар жасайтын компанияда жұмыс істейтін қазақстандықпен таныстырмақпыз. Ол Tesla-ның бəсекелесі Lucid Motors компаниясында жұмыс істейді. Кейіпкеріміз бізге мамандық таңдауы, компанияға қалай жұмысқа орналасқаны жайлы айтып берді.

– Менің аты-жөнім – Азат Сүлейменов, Қостанай қаласында дүниеге келдім. Алты жасымда Астанаға қоныс аудардық. Оныншы сыныпқа дейін №9 лицейде оқыдым, сосын НЗМ-ге ауыстым. Назарбаев зияткерлік мектебін 2010 жылы бітіріп, ең алғашқы түлектерінің бірі болдым.

– Бұл мамандықты қалай таңдадыңыз?

– Əңгімені əріден бастасам. Мектепте математиканы өте жақсы оқыдым, олимпиадаларға қатыстым. Болашақта МГУ-ге түсіп, математиканы оқимын деп жоспарладым. Мəскеу мемлекеттік университетіне оқуға түсу менің 8-сыныпта басталған мақсатым болған. Солай мектеп бітіргенде Мəскеу университетінің Астанадағы филиалына тапсырып, түстім. Дегенмен, дəл сол жылы Назарбаев университеті де ашылды. Мен оған да тапсырдым. Бірінші рет тапсырғанда IELTS-тан балым жетпей қалды. Тестке дайындалып екінші рет тапсырып, Назарбаев университетіне де түстім. Екі университеттің бірін таңдау қажет болғанда, отандық университетті таңдадым. Онда Chemical Engineering мамандығында оқыдым. Бітірген соң Қазақстанда мұнай саласында істейтін шығармын деп ойладым.

Бірақ уақыт өте келе бұл мамандықты ұнатпайтынымды түсіндім. Қызық емес көрінді. Қалаған мамандығым емес екенін түсіндім. Сондықтан бір мамандықтан екінші мамандыққа ауысқым келді, бірақ реті келмеді. Маған осы мамандықта оқуды жалғастыруға тура келді. Назарбаев университетінде оқып жүргенде ғылымға қатты қызықтым. 3-курстан кейін Yessenov Foundation бағдарламасымен Америкаға ғылыми тағылымдамадан өтуге бардым. Ондағы профессорлар мен студенттердің бірге жұмыс жасайтыны, ғылыммен айналысатыны, сол жердегі атмосфера ұнады. Сосын Америкада PhD оқимын деп алдыма нақты мақсат қойдым. Ғылыммен айналыспақ болдым. Солай университетте 4-курста оқып жүргенде шетелдік университеттерге тапсырып, Бостон университетіне докторантураға түстім. Университет маған толық грант беріп қана қоймай, стипендия да тағайындады. Бостон университетінде Mechanical engineering –
materials engineering мамандығында оқуымды жалғастырып, ғылыммен айналыса бастадым. Бірақ арада біраз уақыт өткен соң… Бұл менікі емес екенін ұқтым. Тағы да… Бакалаврда менікі ғылым деп түсініп едім, ал енді ғылымға бел шешіп оқи бастағанымда тағы да менікі емес екенін түсіндім. Не болды сонда? Өзіме не қызық екенін білмеймін. Сосын жалғыз өзім қалып, қолыма ақ парақ алып, өзімді қызықтыратын салаларды тізбектеп жаза бастадым. Ең бірінші кезекте машина жасау тұрды. Машинаға бұрыннан қызығатынмын. Хоббиімді неге мамандыққа айналдырмасқа? Осындай ой келгенімен, ол уақытқа дейін машина жасау саласын оқымағанмын. Бұл салада қажетті машығым жоқ. Сондықтан бұл мақсатымды орындау оңай емес. Одан бөлек Америкада басқа да проблемалар болды. Өзге мамандыққа ауысуым үшін біраз əкімшілік проблеманы шешу қажет болды. Бұл оңай болмады. Біраз уақыт қиналуға тура келді. Бірақ не болса да, қаншалықты қиын болса да, осы салаға барамын деп шешім қабылдадым. Алдыма нақты мақсат қойдым. Солай осы мамандыққа келдім.

– Мамандыққа қалай келгеніңіз түсінікті болды. Сонда сіз бакалаврдан кейін
бірден докторантураға түскенсіз бе? Қалай сонда?

– PhD түскенде оқудың екі нұсқасы бар. Біріншісі – магистратураны аяқтап PhD-ға түсесің, екіншісі – бакалавриаттан кейін бірден PhD-ға түсесің. Ал Америкада бакалавр бітіре сала PhD тапсыру өте танымал. Осы бағдарламамен оқыған кезде екіжақты оқыту болады. Магистратура мен докторантураны қатар оқисың, яғни бір оқпен екі қоян атасың. Əдетте бұл оқудың ұзақтығы – 5 жыл. Бірақ екі жылдан кейін магистр дипломын алып, əрі қарай докторантурада оқуды жалғастырасың. Алайда ғылыми жұмысыңа бірінші курстан бастап кірісесің. Докторантурада оқуды жоспарлағандар үшін бұл тиімді əдіс. Əрі уақыт үнемдейді. Бастапқыда PhD дəрежесін алуды ойлағанмын. Сондықтан бірден осы
программаға тапсырған едім.

– Ал Lucid Motors компаниясына жұмысқа қалай орналастыңыз?

– PhD аяқтамай, магистр дипломын ғана алып, университеттен кеттім. Бірден машина жасау мамандығында Америкадағы түрлі компанияларға жұмыс бойынша өтініштер жібердім. Жұмысқа өтініш бергенде менің ең алғашқы жұмысым үш пунктке сəйкес келу керек деп шештім. Ең маңызды бірінші пункт – электрокар жасауға баруым қажет. Себебі электрокарлардың болашағы бар. Қазірден осы салада жұмыс істесем жақсы болар еді деп ойладым. Екінші пункт, егер электрокар мүмкін болмай жатса, онда кəдімгі машиналарды жасау. Ал үшінші маңызды пункт – Кремний алқабында жұмыс істеу. Неге? Себебі Кремний алқабында өнертабыстар туындайды, тап осы жерде технологиялар дамып, кейін бүкіл əлемге таралады. Осы жерде тұрып, адамдармен араласу арқылы технологиялық дамудың қайда кетіп бара жатқанын түсініп, шамамен алдағы 5-10 жылда əлемде нендей өзгерістер болатынын болжай аласың. Нəтижесінде Lucid Motors мені интервьюға шақырды. Интервьюдан сəтті өтіп, Lucid Motors компаниясына жұмысқа орналастым.

– Бұл компанияда жұмыс істеп жүргеніңізге қанша уақыт болды?

– Lucid Motors компаниясында жұмыс істеп жүргеніме жарты жылдай болды. Мен
электромотордың дизайны, атап айтқанда механикалық дизайны бойынша командада істеймін. Өзіміз электрлі мотор жасаймыз.

– Жұмысыңыз жайлы ашып айта аласыз ба? Компания сіздерге қандай жағдай жасайды?

– Жұмыс уақытым, қызметім жайлы ашып айта алмаймын. Бұл компанияның құпия мəліметтеріне жататындықтан, айтуға болмайды. Компания қызметкерлеріне жақсы жағдай жасайды. Егер компания немесе стартап Кремний алқабында орналасса, онда міндетті түрде қызметкерлеріне жақсы жағдай жасайды. Бұл – стандарт. Себебі мұнда бəсеке тым жоғары. Мұндағы компаниялардың бəрі дерлік талантты адамдарды жұмысқа алуға тырысады. Ал мұнда талантты адамдар көп.

– Ал Lucid Motors қандай компания?

– Жоғарыда айтқанымдай, ішкі талаптарға сəйкес компания жайлы ашып айта алмаймын. Сондықтан жалпы мəліметтерді ғана қысқаша айтайын. Компания Tsinghua Holding инвестициялық компаниясының қолдауымен 2007 жылы құрылған. Электрокар жасаумен айналысады. Алғашқы электр көлігін 2014 жылы жұртқа таныстырды. Өткен жылы Сауд Арабиясының инвестициялық қорымен 1 млрд доллар тұратын келіссөздер жасады. Lucid Air моделін 2020 жылы іске қоспақ.

– Машина жасау саласын оқымасаңыз, машина жасауды қалай үйрендіңіз?

– Шынымды айтсам, көп оқыған жоқпын. Бостон университетінде оқып жүргенде үйірмеге қатыстым. Онда өзге студенттермен бірге өзіміздің кішігірім электрокарларымызды жасадық. Осы үйірмеге қатысу арқылы біраз нəрсені білдім. Жалпы, көлік жасау үшін машина жасау саласын күшті білу керек деп айтпас едім. Сенен талап ететін ең басты нəрсе – инженерлік база. Инженерлік машығың маңызды. Инжинирингті қалай түсінесің жəне айналаңда болып жатқан өзгерістерді физика заңдылығы мен инженерлік тұрғыдан қалай түсіндіресің? Инженерліктің қай саласында да жақсы инженер болсаң, инжинирингтің бір саласынан екінші саласына ауысу қиын емес. Себебі негізі ұқсас.

– Осындай компанияларға жұмысқа орналасу үшін қандай талаптарға сай болу
керек?

– Жұмысқа тұру оңай емес. Іріктеу өте қатал. Менің ойымша, ең бастысы – қызығушылық. Өзіңді қызықтырған нəрсемен айналысу керек. Немен айналыссаң да түбінде жетістікке жетесің. Өз дегеніңе жетесің. Егер өзіңе қызық салаға бар күш-жігеріңді салып істесең, тіпті 100% емес, 120% өзіңді дамытуға жұмсасаң, бүкіл жол ашық. Əрі қарай қажетті машықтар, таныс-тамырлар саған өздері келеді. Қызығушылығың болса, əрине. Шынымен қызық болса, өзің əрекет жасайсың, өзіңді сол салада дамытасың, өз бетіңше де оқисың, адамдармен араласып, шығар жол табасың, уақытыңның басым бөлігін өзіңе қызық салаға жұмсайсың. Солай қалағаныңа қол жеткізесің.

– Қазіргі уақытта электрокар саласы əлемде қарқынды дамып жатыр. Кейбір мемлекеттер электрокарды қолданады. Алайда біздің елімізде жоқ. Неге? Не үшін біз қолданбаймыз? Қалай ойлайсыз?

– Электрокарлардың болашағы бар. Бұл – жаңа технология. Жаңа технология
болғандықтан адаптация жасалуы үшін уақыт керек. Сондай-ақ, бүкіл əлемге таралуы үшін де. Қазақстанға да келеді. Бірақ уақыт керек, кішкене күту керек. Бəрі бірден болмайды. Себебі технология енді ғана дамып жатыр. Электрокар саласын дамытып жатқан компанияларға АҚШ, Қытай жəне басқа да дамыған мемлекеттердің нарығында болу тиімді. Тек содан кейін ғана дамушы елдер нарығына жайлап көшуге болады. Қазір электрокар саласы Қазақстанда мықты дамымаған. Бұл проблема емес, қалыпты жағдай. Уақытымен технология бізге де келеді. Сол кезде адамдардың электрокар мініп жүргенін көресіздер. Ол кезде елімізде электрокөліктерге арналған қуаттау бекеттері пайда болады. Мезгілі жеткенде солай болады. Бірақ дəл қазіргі уақытта бұл саланы Қазақстанда дамыту қиын. Себебі бір толық қуатпен шектеулі қашықтыққа дейін ғана бара аласыз. Ал əрі қарай машинаңыздың қуаты бітіп қалса, оны қуаттайтын бекеттер жоқ. Орта жолда далада қаласыз. Сондықтан арнайы электрокарларға арналған бекеттер болуы қажет. Мұндай қуаттау бекеттерін еліміздің барлық қаласында салу керек. Осы жағынан əзірге Қазақстанда бұл мəселе бойынша инфрақұрылымды дамыту қиын.

– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Кəсіби тұрғыдан даму, өсу керек. Мен əлі жас маманмын. Қайда, қалай дамуға болатынына қатысты көптеген мүмкіндік бар. Дəл қазіргі уақытта өзіме ұнайтын іспен шұғылданып жүрмін. Қолымнан келетін істі жасап жүрмін. Бұған көңілім толады. Ризамын. Шынымды айтсам, нақты жоспарларым жоқ. Қазір əлемде мүмкіндік көп. Сондықтан бұдан да көп қызықты нəрселерді байқап көруге болатынына сенімдімін. Бəріне ашықпын.

– Шетелде қаласыз ба?

– Жоқ, ондай ойым жоқ. Шетелге кеткім келеді немесе шетелде қалғым келеді дегендей ой болған жоқ. Реті солай болды. Америкаға Қазақстаннан кету үшін немесе АҚШ-та тұру үшін барған жоқпын. Мұнда сапалы білім алу үшін келдім. Жақсы білім алғың келсе, осында оқу керек деп білдім. Сосын PhD маған онша ұнамады. Оқудың жартысында кетіп, өзіме ұнайтын іспен шұғылданайын дедім. Ал маған ұнайтын сала – электрокар, ол Америкада тез дамып жатыр. Электрокар бағытында жұмыс істегім келсе, дəл осы уақытта АҚШ-та болуым керек екенін түсіндім. Өзімді Кремний алқабынан көргім келді. Себебі Кремний алқабында өте жақсы кəсіби ортадан көп нəрсе үйреніп, дами аламын. Осындай себептермен Америкадамын. Қазақстанға жиі келіп тұрамын.

– Əңгімеңізге рақмет!

Əңгімелескен
Қания ТАБЫС,
СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №40
1 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз