Жақында ғана дзюдодан әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасының көрсеткіші көңіл көншітпеді. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметов қана құрама қоржынына қола жүлде салды. Әлемнің ең үздік балуандары белдескен бәсекеде үздіктер қатарынан көрінген спортшымен сұқбаттасудың сәті түсті.

– Елдос, жеңіс құтты болсын! Жанкүйерлердің алтын медаль күткенін, басты үміткер өзің екенін сездің. Дегенмен бұйырғаны қола жүлде болды. Нәтижеңе көңілің тола ма?

– Шыны керек, «жеңісіме жүз пайыз қуаныштымын, көңілім толады» деп айта алмаймын. Өйткені басты мақсатымыз әлем чемпионатының алтын жүлдесін иеленіп, көк туды желбірету болған. Токиодағы турнир өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Дайындығымыз да ойдағыдай өтті. Тек жартылай финалдағы қателік өзегімді өртеп, көңілімді құлазытты. Дегенмен әлемнің ең үздік балуандары сынға түсетін додада осал қарсылас болмайды. Спортшының барлығы тек әлем чемпионы атануды мақсат тұтып келеді. «Қуған жетпес, бұйырған кетпес» демекші тағдырымызға жазылғанға көнеміз.

– Жартылай финалда Нагаямамен болған белдесуге сараптама жасадың ба? Ақтық айқасқа шығуға не жетпей қалды деп ойлайсың?

– Негізінен жапон балуандары менімен күрескенде тек қарсы әдіске жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін талай турнирде белдескен Таката да тек қарсы әдісті ұтымды пайдаланып, жеңіп жүрді. Расымен де мықтылығын, бір бас жоғары екенін көрсетіп, таза өзінің әдісімен жеңген емес. Нагаямамен әлем чемпионатында алғаш рет кездестік. Күрес барысында асығыстық танытып, қарсы әдіске күтетінін біле тұра әдіс жасағаным қателік болды. Дегенмен белдесу барысында қарсыласымнан әлеуеттік тұрғыдан да, техникалық тұрғыдан мықтырақ екенімді сезіндім. Дзюдо жапондардың ұлттық күресі болғандықтан, оның қыр-сырын, философиясын бізге қарағанда жақсы біледі. Кез келген сәтте қарсы әдісті қолданудың хас шеберлері. Бастысы Олимпиадада мұндай қателіктерге бой алдырмай, мүлде басқаша күрес көрсетемін.

– Қола жүлде үшін белдесуде командаласың Ғұсманмен кездестің. «Медальді кім алса да, қазақ елінің қоржынына түседі» деген жайбарақат көңіл-күймен күрестің бе? Әлде бұл сен үшін принципті кездесу болды ма?

– Қола жүлде үшін Ғұсманмен болған белдесу көпшілік арасында біраз әңгіме тудырды. Әлеуметтік желіде: «Сенде әлем чемпионы деген атақ бар ғой, жеңісті жерлесіңе бере салмадың ба? Ол да әлем чемпионатының жүлдегері атағын иеленер еді», – деген хаттар көп келді. Шыны керек, кім жеңіске жетсе де, қола жүлденің қоржынымызда қалатынына қуандым. Бірақ бозкілемде достық, бауыр деген әңгіме жоқ. Жылдар бойы төккен терің мен еңбегіңді жеңіске жетіп қана ақтайсың. Ал жай ғана жеңіле салу спортта ешқашан кешірілмейді. Сондықтан қарсылас жерлесің болса да, тіпті туғаның болса да, жай ғана беріле салуға қақың жоқ. Ал бозкілемнен тыс кезде аға-бауыр ретіндегі сыйластығымыз өзгермейді. Кез келген жарыста кіммен шықсам да, жеңіске жетуге барымды салып күресемін.

– Өзіңнің жалғыз қола жүлдең көңілге медеу болды. Командаластарыңның сәтсіздігі туралы не айтасың?

– Әлем чемпионатында күрескен балуандарымыздың барлығы алтынға лайық жігіттер еді. Осы додада топ жару үшін күн-түн демей еңбектенді. Сәтсіздігінің себебі туралы ештеңе айта алмаймын. Бәлкім бабы мен бағы қатар келмеген шығар. Командаластарыма әрқашан қолдау көрсетіп, үлкен жетістікке жетуіне тілекшімін.

– Әлемнің ең үздік балуандарының қатарындасың. Қандай балуандармен күресу сен үшін ыңғайсыз, қай балуан қиындық тудырады?

– Кез келген балуанға бірдей дайындаламын. Қарсыластарымды мықты, осал деп бөліп-жармаймын. Мен үшін ыңғайсыз, қиындық тудыратын балуан жоқ. Кіммен күрессем де, намысты қолдан бермеуге тырысамын.
– Жарақатың бола тұра белдесіп, жеңіске жеткен сәтіңді әлеуметтік желіден көпшілік көрді. Сондай қиын-қыстау кезеңде жеңіске жетуге не итермелейді?
– Жарақат пен жеңіліс қатар жүретін үлкен спортта неше түрлі жағдай болады. Бірақ алға қойған мақсатыңа жету үшін қандай жағдай болса да, соңына дейін күресуің керек. Еліңнің үміт артқанын сезіну – жарты жолда сынуға жол бермейді. Мойныңа алған үлкен жауапкершілік әрқашан жеңіске жетуге итермелейді. Ешнәрсенің оңайлықпен келмейтінін, ерік-жігері мықтылар мен мақсатының жолында табандылық танытқандар ғана арманына жететінін білеміз.
– Спортта тек Олимпиаданың алтыны үшін қалдым деген едің…
– Иә, үлкен спортта қалуымның басты себебі – Олимпиаданың алтын жүлдесі. Менде Олимпиада ойындарының алтынынан басқа барлық ірі турнирдің алтын жүлдесі бар. Алла қаласа, Олимпиада ойындарына 100 пайыз дайындықпен келіп, алтын жүлде алуға барымды саламын. Ойымда тек Олимпиаданың алтын жүлдесі тұр.
– Спорттық мансабыңды аяқтағаннан кейін өзіңді қай салада көргің келеді?
– Шыны керек, бұл туралы мүлдем ойлаған емеспін. Қазіргі бар ойымыз Олимпиада ойындарында көк туды желбіретіп, қазақ спортының тарихын жаңарту. Спорттан кейінгі өмірім жайлы ештеңе айта алмаймын.
– Өзіңді үлгі тұтатын, еліктейтін жастарға айтар ақылың…
– Жастарға айтарым, қандай саланың маманы болса да, әрқашан еңбектенуден, ізденуден жалықпау керек. Алға қойған арман-мақсатының жолында қандай қиындық кездессе де, мойымай алға баса берсін. Еліне, жеріне қызмет ететін жастарымыз көп болсын!
Әңгімелескен
Дәурен ТҮЛКІБАЙ
Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз