Барбара Оакли – инженерия ғылымының профессоры. Əйгілі «Математик секілді ойлан» бестселлерінің жəне «Үйренуді үйрену» онлайн-курсының авторы. Coursera порталының ең көп қаралған онлайн сабағы да Барбара ханымға тиесілі, 2,5 миллионнан астам адам «Үйренуді үйрену» сабағын онлайн тыңдаған екен.

Балалар, бəлкім бұл ақпаратты естіп, шетелдік көптеген автордың бірін айтып отырған шығар, бізге оның не қатысы бар деулерің мүмкін. Бірақ мектепте əйтеуір бір пəннен қиналып жүрген шығарсыңдар? Əсіресе, математикаға келгенде бас қатырамыз. «Есепті шемішкеше шағу үшін аса қабілетті болу керек» деген де түсінік бар, тіпті. Кез келген адам қаласа математик те, химик те немесе шығармашылық адамы да бола алады десек, сенесіңдер ме? Ал Барбара ханымның мектеп кезінде шығармашылықты жақсы көріп, тоқыма тоқығанын, тіпті математиканы жек көргенін айтсақ, «менде де тап солай» деп бас изеп отырған боларсыңдар кейбірің… Иə, Барбара Оакли математиканы 26 жасынан бастап меңгеріп, нəтижесінде инженерия профессоры атанған. Қалай? Білім беру саласында нейробиология ғылымының жетістігі адамды таңғалдыруы мүмкін. Осы тұрғыда Барбара ханымның онлайн сабақтары сен мүмкін емес деп ойлаған нəрсені мүмкін етеді.

Жақында Қазақстанға Барбара мен жолдасы Филип Оаклимен келіп, ашық дəрістер өткізіп, білімін бөлісті. Барбара мен Филип «Үйренуді үйрену» курсын алғаш жасай бастағанда камераны қосу тетігінен басқа ештеңе білмейтін. Жертөлеге кіріп алып, камераны, компьютерлік бағдарламаларды шұқылап жүріп үйренді. Өздері мұны еске алып күлгенде, біз де ойланып қалдық. Иə, жаңа нəрсені, жаңа ғылымды, жаңа кəсіпті үйренуден қорықпау керек екен. Алайда, үйренуден қорықпау керек екенін білсек те, үйренуді қалай үйрену керек екенін біле бермейміз. Тоқта. Осы орайда сендерге жақсы жаңалық айтайын. Əйгілі сабақты қазақ тілінде тыңдап, қарауға болады! Edgravity жəне academia.kz ұжымы қазақшаға аударып, порталға салып қойды. Academia.kz порталына кірсеңдер, «Үйренуді үйрену» дəрісін қарап шығу үшін 1 сағат 20 минут қана уақыттарың кетеді. 16 сабақтан тұратын курстан өздеріңе көп нəрсе аласыңдар. Қазақша жобаның авторы Нартай Əшім мырза: «Курсты барынша қазақшалауға тырыстық. Мысалдарды қарастырғанда өзіміздің ұғымымызға жақын етіп алдық», – дейді. Иə, шынында солай. Мысалы, есте сақтау амалдары көбімізге қажетті. Əсіресе, мен сияқты сандарға шатаса беретін адамдарға керек. Ə, сен де ҰБТ-ға дайындалғанда қиналып жүрсің бе? АҚШ-та есте сақтау чемпионатынан 4 дүркін чемпион болған Нельсен Деллис деген адамды естулерің бар шығар? Сол Нельсонның бала кезде есте сақтау қабілеті өте нашар болыпты. Ұмытшақ болғаны сонша, қазір кездескен адамның атын, тіпті пештің үстінде пісіп тұрған тамақты алып жеуді ұмытып кететін. Бірақ ол 31 жасында есте сақтау бойынша чемпион болады. Тағы да қалай деген сұрақ туады. Адамның миы қысқа мерзімді жəне ұзақ мерзімді жады болып бөлінеді. Қызық, қысқа мерзімді жады ретінде сөмкені, ұзақ мерзімді жады ретінде шкафты алсақ, көз алдарыңа мидағы ақпаратты қабылдаудың қаншалықты екенін көз алдарыңа елестеткен боларсыңдар. Суреттегі бейнені елестету арқылы есімізде көп нəрсе сақтай аламыз. Мəселен, шкафта тұрған тіс пастасы қалбырындағы пастаны сығып тастап, оны қайта тура солай салып қою мүмкін бе? Ал шкафтың қабырғасында жабыстырылып тұрған суретті қайта орнына қоя салу ше? Əрине, екіншісі оңай. Дерек – көзге елестетуі қиын, абстрактілі дүниелер. Сол себепті де есте сақтау пастаны тіс пастасының қалбырына қайта салғандай қиын. Мысалы, Абай Құнанбайұлының туған жылын есте сақтау үшін не істеуге болады? Сурет күйінде ақпарат сақтау жадыға оңай. «Абай Құнанбайұлы1845 жылы туған» деген ақпаратты есте сақтау үшін бір қолында «18» деген саны бар торт ұстаған Абайды елестет. Екінші қолында 45 қарасөзі жазылған кітабын ұстат. Міне, бір емес, екі бірдей ақпарат жадыңа оп-оңай сақталып қалды! Онлайн сабақтағы осындай бізге жақын ұғымдар ғылымды оңай түсінуге көмектеседі.

Адам миы кез келген нəрсені екі түрлі жолмен үйренеді: біріншісі – зейінді режим, екіншісі – зейінсіз режим. Зейінді режим – бір затқа мұқият назар аударып, бар зейініңді салу. Ал зейінсіз режим – нақты ештеңе ойламайтын жайбарақат күйіңіз. Үйрену дегеніміз дəл осы екі режимді кезек-кезек алмастырып отыру. Екінші режимнің мəселені кеңінен, басқа қырынан көруге мүмкіндігі бар. Бұл режимге өту үшін мəселені ойлауды тоқтатып, демалу, серуендеу, қажет болса ұйықтап алған пайдалы. Ми демалғанда идеялар мен ой туады. Əдетте ұйқыдан тұрған соң миымыздың қабылдауы жақсы болатыны баршамызға аян ғой. Өйткені біз ұйықтасақ та ми ақпаратты үздіксіз өңдеумен айналысады екен.

Оқуды бастамас бұрын мəтінге, кітапқа соңына дейін бір көз жүгіртіп шық. Жалпы не оқитының туралы негізгі идеяны түсініп алу керек. Жаңа мəліметті оқу кезінде ойдың жан-жаққа бөлініп кете бермеуі маңызды. Мысалы қайта-қайта телефонға үңіліп, əлеуметтік желіден келген хаттарды оқу немесе өзгемен əңгіме айтуға болмайды. Бұлай оқысаң, уақытың да, зейінің де босқа кетеді. Ісің өнімді болу үшін не істеу керек? Барбара Оакли деректерді есте сақтау үшін помодоро əдісін қолдануды ұсынады. Бұл əдіс – уақытты дұрыс жоспарлау, яғни тайм-менеджмент. Яғни, кез келген дүниені оқығанда, қабылдау қиын болып жатса, 25 минут оқып, 5 минут үзіліс жаса. Оны əр 25 минут сайын қайталап отыр. Демалған 5 минутта не істеймін десең де өз еркің, ұйықтарсың, серуендерсің, мүмкін музыка тыңдарсың. Үзілістен кейін миың жақсы қабылдайтын болады.

Досым, газет бетіндегі қысқаша шолуды осы жерден тоқтатуды жөн көрдім. Өйткені онлайн-курсты қарау менің жазғанымнан гөрі жақсы түсіндіреді. Əдетте көп онлайн-курстарда камера алдына бір ғана адам шығып, оны тыңдау жалықтырып жібереді. Барбара ханым курсының аудиторияға кең таралу себебін түрлі мысалдармен, суреттермен түсіндіретінінде шығар деп ойлайды. Ол тіпті қазақ тіліндегі курс оригинал нұсқадан да жақсы шыққан деп бағалады. Себебі, қазақша жүргізген жастар тартымды, харизмасы бар дейді.

Олай болса, курс бағдарламасы қандай? Сендер одан не білесіңдер? Төмендегі бөлімдерге назар аударыңдар:
– Неге тым қатты талпыныс кейде проблема болуы мүмкін?!
– Істі кейінге қалдырмау үшін қызанақты қалай қолданамын?
– Құмарлықты кеңейту
– Ми байланыстары мен өзгеғаламшарлықтардың қызықтары
– Қалай ақылдырақ оянуға болады?
– Біз метафораны жақсы көреміз!
– Еске түсіру
– Мектеп сөмкелері, шкафтар жəне зейінді сегізаяқ
– Жадында сақтау амалдары
– Таңғалдырарлық есте сақтау амалдары
– Не үшін ми байланыстары сондай маңызды?
– Ақпараттық жүктеме мəселелері
– Миды қалай шынықтыруға болады?
– Тосын сый: Кемшілігіңіз артықшылығыңыз бола алады!
– Емтиханды қалай жақсы тапсыруға болады?
– Қорытынды: оқудағы жетістіктің кілті

Жас дос, саған өмір орында тоқтап тұрмайды. XXI ғасыр əр сəт жаңа дүниені үйрену дəуірі. Курсты қарап болғасын Абай аталарыңның «үйрен де жирен» деген сөзінің мағынасын түсінесіңдер. Ендеше, іске сəт!

Жадыра АЙМАХАНҚЫЗЫ

Ұлан» газеті, №40
1 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз