«Мұның бəрі – қате. Мен қазір мұнда емес, мектепте отыруым керек еді. Сіздер бос сөзбен арманымды жəне балалық шағымды ұрладыңыздар. Адамдар қиналып жатыр, өліп жатыр. Тұтас экожүйе құрыды. Біз жаппай қырылудың алдында тұрмыз. Ал сіздердің бар айтатындарыңыз – тек ақша мен экономика өсімі туралы ертегі. Қалай дəттеріңіз барады?!».

Бұл – Грета Тунберг есімді оқушының БҰҰ саммитінде сөйлеген сөзі. 16 жастағы оқушы қыздың эмоцияға толы сөзі əлем халқының назарына бірден ілікті.

Көп медиаресурс пен əлеуметтік желі қолданушысы 16 жастағы оқушының бір-ақ күнде əлемге танылып кеткені туралы жазды. Бірақ Грета бұған дейін де өз елінде, Швецияда экология проблемаларын көтеріп, пикетке шығып жүрген. Біз оның осыған дейін сөйлеген сөздерін, жасаған мəлімдемелерін жəне интернеттегі ашық деректерді пайдаланып, оқушы туралы материал дайындадық.

Экобелсенді 2003 жылы 3 қаңтарда Стокгольмде туған. Толық аты-жөні – Грета Тинтин Элеонора Эрнман Тунберг. Оның анасы Малена Эрнман – опера əншісі, ал əкесі Саванте Тунберг – актер.

Грета сегіз жасында адамдардың кесірінен климаттың өзгеріп жатқанын білген. Ол TEDx Talks конференциясында адамдардың бұл проблемаға бас қатырмайтыны туралы айтты.

«Энергияны үнемдеу үшін менен жарықты сөндіруді, ресурсты үнемдеу үшін макулатураны жинауды сұрады. Егер осы проблеманың кесірінен əлемде соғыс болса, бар еститініңіз де, оқитыныңыз да сол болар еді. Өйткені теледидар да, радио да, газет те тек осы жаңалықты айтады. Бірақ, неге екені белгісіз, бұл туралы ешкім айтпайды. Егер жанармайдың жануы біздің өмір сүруімізге зиянын тигізсе, біз қалай бұрынғыдай өмір сүре береміз? Неге ешқандай шектеу жоқ? Неге бұл нəрсеге заңмен тыйым салмайды? Міне, осының бəрі менің басыма сыймайды», – деді ол.

Грета 11 жасында ауырып, депрессияға түскен. Ол сөйлеуді, тамақ ішуді қойған, екі айда 10 келі салмақ тастаған. Кейін оған Аспергер синдромы диагнозы қойылған. Бұл синдром медицинада обсессив-компульсив күйзелісі жəне селектив мутизмі деп аталады. Оның айтуынша, бұл дерттен зардап шегетіндер айналасындағының бəрін ақ немесе қара түсте көреді.

«Біз өтірікті шебер айта алмаймыз жəне барлығына ұнайтын ойындарды ойнамаймыз. Менің ойымша, біз, аутистер, көп нəрсені дұрыс қабылдаймыз. Барлығы климаттың өзгеруі біздің өмір сүруімізге зиян тигізіп жатқанын жəне оның əлемдегі маңызды проблема екенін айтады да, бірақ бұрынғыша өмір сүре береді. Мен мұны түсінбеймін, өйткені шығынды азайту үшін біз мұны тоқтатуымыз керек. Бұл нəрсе де не ақ, не қара сияқты. Мəселе өмір сүруге қатысты болғанда ешқандай сұр нəрсе көрінбейді. Біз өркениет көшінде өмір сүре береміз немесе мүлдем өмір сүрмейміз», – деді Грета Тунберг TEDx Talks конференциясында сөйлеген сөзінде.

Грета Тунберг əр аптаның жұма күні сабаққа барудан бас тартқан. Оның орнына көшеге шығып, экология, климат проблемаларын айтып, наразылық білдіреді.

«Кей адамдар маған мектепке бару керек екенін айтты. Ал басқалары маған климат проблемасын шешу үшін климатолог мамандығына оқуға түсу керек екенін айтты. Бірақ бұл проблема əлдеқашан шешіліп қойды. Бізде қазір нақты факті мен проблеманың шешімі бар. Бізге бар болғаны ояну жəне өзгеру керек. Мен жақын арада құритын болашақ үшін, келешекті сақтау ешкім ештеңе істемейтін қоғам үшін неге оқуым керек?» – деді ол.

Гретаның айтуынша, экология проблемаларымен дəл бүгіннен бастап күреспесек, кейін мүлдем кеш болады жəне болашақ ұрпақ бізді кешірмейді.

«Егер мен 100 жыл өмір сүрсем, 2103 жылға тап боламын. 2078 жылы өзімнің жетпіс бесінші туған күнімді тойлаймын. Егер балаларым мен немерелерім болса, олар осы күнді менімен бірге өткізеді. Олар менен: «Неге бəрі кеш болмай тұрғанда ештеңе істемедіңдер?» – деп сұрауы мүмкін. Біздің дəл қазір бүлдіріп немесе елеусіз қалдырып жатқан нəрсеміз менің жəне балаларым мен немерелерімнің өміріне кесірін тигізеді. Біздің дəл қазір істеп немесе істемей жатқан əрекетімізді мен жəне менің ұрпағым болашақта мүлдем өзгерте алмауы мүмкін», – деді оқушы.

Оқушы адамдарға үміттен бұрын əрекеттің керек екенін де айтты.

«Əдетте адамдар күн батареясы, жел энергиясы жəне басқа да нəрселер туралы үмітпен айтады. Мен олар туралы айтпаймын. Өйткені 30 жылдан бері ұрандаған сөз бен позитив идея туралы естіп келе жатырмыз. Бірақ, өкінішке қарай, олар жұмыс істемейді. Жұмыс істесе, дəл қазіргідей жағдай болмас еді. Иə, бізге үміт керек. Бірақ бізге үміттен де керек нəрсе бар, ол – əрекет. Біз қалай əрекет етуді бастаймыз, сонда ғана үміт пайда болады. Сол себепті қол қусырып, үміттенудің орнына əрекет ету керек. Біз бүгін əр күн сайын 100 миллион баррель мұнайды пайдаланамыз. Мұны өзгертетін саясат жоқ. Мұнайды сақтап қалуға көмектесетін ереже де жоқ. Сондықтан біз қазіргі ережені қолданып əлемді құтқара алмаймыз. Өйткені оны өзгерту қажет. Барлығын өзгерту керек жəне оны бүгін бастауымыз қажет», – деді экобелсенді.

Гретаны өз елінде Бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығына ұсынған. Ол Швецияның «Жыл əйелі» атағын алды. 2018 жылы Time журналы оны жылдың ең беделді 25 адамының тізіміне қосты. Журнал оқушыны 2019 жылы беделді 100 адамның да тізіміне енгізген. 2019 жылы мамыр айында ол Time журналының мұқабасына шықты.

Ал 2019 жылы 7 маусымда оқушы мен Fridays for future (Жұма болашақ үшін) қозғалысы Ар-ождан елшісі атағын алды. Грета бұл сыйлық климатты қорғауға атсалысқан барлық адамға тиесілі екенін айтты. Ол шілде айында Францияда «Бостандық сыйлығын» жеңіп алып, 25 мың еуро сыйақыға ие болды. Бұл қаржыны экобелсенді климат проблемаларымен айналысатын төрт ұйымға беретінін айтқан.

2018 жылдың желтоқсан айында жəне 2019 жылдың мамыр айында Грета БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті. Бас хатшы: «Менің замандастарым климаттың өзгеруі проблемасын шеше алмады. Жастар мұны сезеді. Олардың ашулануы таңданатын нəрсе емес», – деп жауап берді.

2019 жылы қаңтар айында Грета Тунберг Давос форумына барды. Бірақ оқушы ол жерге ұшақпен емес, пойызбен жеткен. Оның айтуынша, ұшақтар тым үлкен көміртек ізін қалдырады. Экобелсенді саясаткерлерді, бизнесмендерді нақты əрекетке көшуге шақырды.

Биыл 29-31 наурыз күндері ол Берлинге барып, Бранденбург қақпасына жиналған 25 мың адамның алдында сөз сөйледі. 30 наурызда Грета немістің «Алтын камера» сыйлығына ие болды.

Ал сəуірде Страсбургтегі Еуропа парламенті өкілдерімен кездесуде ол қатысушыларды климаттың жəне қоршаған ортаның бұзылуына байланысты шұғыл саммиттің бірін де өткізбей, Брексит үшін үш бірдей шұғыл саммит өткізіп жатқанын сынады. Грета сөйлеп болған соң зал оған ұзақ қошемет көрсетті.

Мейірман
ҚАЛДЫБЕКҰЛЫ

Ұлан» газеті, №40
1 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз