Бұған дейін Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан әлем чемпионаты өтетінін және Қазақстан атынан кімдер қатысатынын жазғанбыз. Осы жолы қорытындысын ұсынбақпыз.

Әлем чемпионатынан жалғыз алтын

Қазақстан құрамасы бұл сыннан бір алтын, бір күміс және төрт қола медальмен оралды. Өзбекстан тағы да алдымызды орап кетті.

Командамыз осыдан екі жыл бұрын өткен әлем біріншілігінде де жалпы есепте алты медаль иеленген болатын, бірақ ол кезде күміс саны біреуге артық еді. Аса ауыр салмақта бокстасатын Қамшыбек Қоңқабаев бұл жолы да күміске қол жеткізді. Капитанымыз финалда Баходир Джалоловқа есе жіберді. Ал турнирде топ жарған – 81 келінің өкілі Бекзат Нұрдәулетов. Бекзат жолында кездескен мықтылардың мысын басып, өз салмағында үздік екенін дәлелдеді. Әсіресе жартылай финалда жеңілмейтін кубалық Хулио Сесар ла Крусты нокдаунға жібергені бокссүйер қауымды таңдантты. Ла Крустың Олимпиада ойындарының жеңімпазы, әлемнің төрт дүркін чемпионы екенін ескерсек, Бекзаттың бұл ерлігінің орны бөлек екені түсінікті болады. Ал финалда өзбек Дилшодбек Рузметовке амал қалдырған жоқ. Қола жүлдеге қол жеткізгендер қатарында Сәкен Бибосынов (52 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі) пен Василий Левит (91 келі) бар. Өкінішке қарай, 2017 жылғы әлем чемпионы Қайрат Ералиев (57 келі) пен Зәкір Сафиуллин (63 келі) жүлдесіз қалды. 33 жастағы Зәкірге жеребе жолдас болмай, кубалық Энди Круспен қолғап түйістірді. Әлем чемпионы, Панамерика ойындарының екі дүркін жеңімпазы біздің Зәкірден басым екенін байқатты. Ал Қайраттың жолының бөгелуіне төрешілер де әсер еткендей көрінді. Өзбекстандық Миразизбек Мырзахалиловпен айқаста қазақстандық боксшы жеңілген жоқ. Тек жұдырықтасып жатып қабағы жарылды. Осыдан соң төреші жекпе-жекті бірден тоқтатып, қарсыласын жеңімпаз деп тапты. Төрешілердің бокс ережесін белден басқан әрекетіне Василий Левиттің эквадорлық Хулио Кастильомен кездесуінде де куә болдық. Раунд сайын эквадорлықтан әлдеқайда жоғары екенін дәлелдеумен болған Левит тағы жеңіссіз қалды. Василийдің қарсыластарынан бәсі биіктігі өзіне таяқ болып тиюмен келеді. Бұл жолы Левиттің аяғын шалудағы мақсат ресейлік Мүсілім Гаджимұратовпен жолын түйістірмеу екенін түсіндік. Сондықтан шешімге қарсылық білдірудің нәтиже бермейтінін бапкерлер штабы да жақсы білді. Осылайша командамыз қорытынды есепте үшінші орынға ие болды. Көш басында әдеттегідей Өзбекстан тұр: үш алтын, бір күміс және бір қола медаль. Үш алтын және бір қоласы бар Ресей екінші орыннан көрінді.

Бекзат НҰРДӘУЛЕТОВ:

Чемпион атанамын деп барғанмын

Енді осы чемпионатта жұлдызы жанған, Қазақстан құрамасының жалғыз алтынын еншілеген жас боксшы Бекзат Нұрдәулетов туралы айтар болсақ.

Өткен ғасырдың 80-жылдары Серік Қонақбаев пен Серік Нұрқазов атой салғанда, қазақтың жаңа туған көп балаларының есімдерін Серік деп қойды. Олардың арасында 20 жылдан кейін Серік Елеуов пен Серік Сәпиев жарқырап шықты. Бұл екеуі де Олимпиада ойындарынан жүлде еншіледі. Ал 2000 жылы құйрықтай жұлдыздай ағып өткен Бекзат Саттархановтың есімін өшірмейтіндей тағы бір Бекзаттың өнеріне жақында куә болдық. Ол – Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының тумасы Бекзат Нұрдәулетов.

­– Әлем біріншілігіндегі әр кездесуім оңай болған жоқ. Ал ең қиын жекпе-жек деп жартылай финалды айтар едім. Төрт дүркін әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының жеңімпазы Ла Крузға қарсы шықтым. Бұл сында жеңіске жетуіме бапкерлердің дұрыс тактика таңдағаны себеп болды.Оның үстіне, өзімнің де жеңіске жетсем деген мақсатым бар. Жалпы, әлем біріншілігіне алтын аламын деп барғанмын. Сол ойым орындалды. Енді алдағы лицензиялық турнирлерге дайындаламын. Алдағы басты мақсатым ­– Олимпиада ойындарында алтын алу. Содан соң қалай боларын уақыт көрсетеді, ­– деп бастады әңгімесін Бекзат Нұрдәулетов.

 Финалда айқын жеңбесең, өзбек боксшысының қолын көтереді деген қорқыныш болған жоқ па? 

– Жоқ, қорқыныш болған жоқ.

Тәуекел болды ма? 

 Өзіме және жеңіске жететініме сенімді болдым. Жаттықтырушыларға нақты тактика көрсеткені үшін және бізге қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысымды айтамын.

– Босқа қалай келдің?

– Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында туып-өстім. Әкем ең алғаш он жасымда бокс үйірмесіне ертіп барды. Үйдің үлкені болғандықтан іні-қарындасыма қорған болсын деген ой ғой. Жекпе-жектің бұл түрі өзіме бірден ұнады. Міне, содан бері 11 жыл өтсе де, бокстан қол үзу туралы ойланған емеспін.
– Өзің үлгі тұтатын боксшылар деп кімді айтар едің?

– Мұхаммед Әли, Рой Джонс, Әділбек Ниязымбетов секілді мықтылардың боксын көріп өстік.

Маңғыстау халқы ерекше құрмет көрсетті

Бекзат және оның бапкерін Ақтау қаласындағы әуежайдан Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымовтың өзі күтіп алды.  Кездесу кезінде аймақ басшысы дүниежүзіне өзінің мықтылығын дәлелдеген былғары қолғап шебері Бекзат Нұрдәулетовке маңғыстаулықтардың атынан алғыс айтып, шын жүректен жеңісімен құттықтады. Бекзат Нұрдәулетов қарсы алуға келген барлық жанкүйер мен өңір басшысына ризашылығын білдіріп, бұл жеңісті Қазақстан халқына тарту ететінін айтты.

Одан кейін облыс әкімі боксшы мен оның бапкерлерін жеке қабылдады. Жиын кезінде Тұрымов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын оқып, құттықтауын жеткізді. Өңір басшысы Бекзат Нұрдәулетовке сәттілік тілей отырып, Ақтау қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Сондай-ақ, бапкерлерінің қосқан зор үлесін айрықша атап өтіп, Бекзатты кішкентай күнінен тәрбиелеген Жаңаөзен қаласындағы жаттықтырушысы Батырбек Жайлыбаевқа 3 миллион теңгелік сертификат табыстады. Ал осыған дейін әлем чемпионы атанған Ердос Жаңабергенов, екі дүркін олимпиаданың күміс жүлдегері атанған Әділбек Ниязымбетов сынды оғландарды тәрбиелеген, Екатеринбург қаласында өткен додаға Бекзатты дайындаған қазіргі бапкері Марат Жәкиевке алғысын білдіре отырып, 5 миллион теңгенің сертификатын сыйлады.

Ғалымбек Кенжебаев, бас бапкер:

Өзбекстан боксы озып тұр

Қазақстан құрамасының бас бапкері әлем чемпионатын қорытындылады. Ол бүгінгі таңда Өзбекстан боксы озып тұрғанын мойындады. 

– Әлем чемпионатына аттанар алдында команда ел намысын абыроймен қорғайды деп күттік. Жалпы, жақсы дайындық жүргіздік. Бұл – Олимпиада ойындарының алдындағы аса маңызды әлем чемпионаты. Екатеринбургке апарған 8 боксшы да сенімді ақтады деп айта аламын. Ешқайсысына тағар айыбымыз жоқ. Алтауы жүлдеге ілікті.

Әрине, Бекзат Нұрдәулетовтың тасы өрге домалады. Алты жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Команда сапындағы жас боксшы болса да, мінез бен рухының арқасында ерекше құлшыныс көрсетіп, чемпион атанды. Әсіресе, 4 дүркін әлем чемпионы ла Крузды жеңуі сөзсіз осы чемпионаттың басты сенсациясының бірі болды.

Василий Левит, Қамшыбек Қоңқабаев және өзге де жүлдегерлер Екатеринбург шаршы алаңында жақсы жұдырықтасты.

Олимпиада ойындарына уақыт аз қалды. Жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Кемшілігіміз жетерлік, оның бәрін ретке келтіргенше тыным таппайтынымыз анық.

–  Левит жайлы. Неге дер кезінде протест беріп үлгермедіңіздер?

– Қарапайым сылтау. Көп уақыт өткен жоқ, әрі кетсесанаулы секундтар шығар. Рингтен түсіп, қайта келсем қабылдамаймыз деп айтты. Бірақ қателіктен сабақ шығарамыз. Василийге мұндайға жол бермеуі үшін әлі көп жұмыс істеу керек. Әрине, ол лайықты жұдырықтасты. Жеңіліссіз жеңіс болмайды. Өздеріңіз көрдіңіздер, жартылай финалда негізі ұтқан еді.

–  Төрешілердің біліктілігіне қатысты не айтасыз?

­–  Біраз жағдай дұрысталған. Алайда, төрешілердің білігіне қатысты сұрақ жеткілікті. Боксы аса қатты дамыған елдерде төрешілер қандай критерийлер бойынша бағалайды? Мәселе өте көп. Бокс – жарақаты көп спорт түрі. Ереже жиі бұзылып жатыр, баспен және ашық қолғаппен де ұрғандар бар.

Нұрдәулетов алты жекпе-жекті шлемсіз өткізді. Осындай қиын кездесулерде жарақатсыз барлығын жеңіп шығу қиын. Бокстың сәні кетеді, ал бокс – өнер. Тіпті, кейбірі мүгедектер арбасына таңылуы мүмкін. Сондықтан төрешілер осының бәрін мұқият қарауы тиіс.

  Өзбекстан жалпыкомандалық есепте топ жарды. Олар бұрынғыдан мықты деп айтып жатқандар бар.

–Осының алдында Олимпиада ойындарында үш алтын алды. Өзбек командасы алдарына жан салмай тұр. Осы жолы жарыс қожайыны Ресейден де озып кетті. Біз де қарап қалмаймыз.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №40
1 қазан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз