«Қазақстанның солтүстік өңірі жаппай немесе жартылай орыстанып кеткен, мұндағы ел ұлттық салт-дәстүрін, тілін ұмытқан» деген теріс көзқарас кешегі кеңес дәуірінде қалыптасқан болатын. Қызылжар, Ақмола мен Көкшетауда тың көтеру науқанында өзге ұлттардың үлес салмағы басым түсіп, көптеген қазақ мектебі жабылды. Алайда бұл елдің рухы ассимиляцияға ұшырап, түп-тамырын ұмыту, басқа моральдық сапаға түсу үрдісі үстем шықпағанын ақтаңгер ұлдарынан, ұлттық асыл қасиеттерін сақтаған, ұлтына қызмет еткен тұлғалардың аз болмағанынан көруге болады.

Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық қазақ драма театрының іргетасын қалаған режиссер Жақып Омаров Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Д.Попов атындағы күміс медальдың иегері. Биыл туғанына 80 жыл толады. Көкшетау облысы, бұрынғы Еңбекшілдер, қазіргі Бурабай ауданы, Мәдениет ауылында дүниеге келген. Бұл ауылдың ескі атауы Үлгі, колхоздандырған соң өзгерген. Ақан сері әнге қосқан руы Атығай, оның ішінде Аққошқар. Ертеректе қазақ дүниетанымы үшін руы «паспорт» сияқты рөл атқарған. Жақып Омаров туралы белгілі театр сыншысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әшірбек Сығай тың өлкесі атанған, қазақы мәдениеттен алшақ қалған тақыр жерден ұлттық театр ашқанын айта келе: «Қазақ
топырағында дала театрының жоба-жүйесін салып беруде Жақып төккен тер аз еді деуге ауыз бармайды. Отыз жылдан астам Қазақстан театрларының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан еңбекқор азамат. Қарағанды, Шымкент сияқты үлкен облыстардың театрларын ұзақ жыл басқарған, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрымызда режиссерлік қызмет жасаған», – деп жазады.

1991 жылы 15 қарашада Ақмолада ашылған театрға Қалибек Қуанышбаевтың атын беруге Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекова күш салған көрінеді. Қуанышбаев театрын ауызекі тілде Қаллеки театры деп атайды. Қорғанбек Аманжол «Ақиреттік аманат» атты кітабына енген «Сахна серкесі Сераға» атты көркем очеркінде Серке Қожамқұловтың әріптестеріне әзілмен ат қоятын мінезін жазады. Бұл туралы авторға Серағаңның туған күйеубаласы Ахмет Оспанұлы былай деп әңгімеледі: «Мысалы, әнші Шабал Бейсекованы өзі сияқты кішкентай көзді болғандықтан «көзқұрдас» дейтін. Бір кездері Жұмат Шанинді – Мәтаға, Қалибекті – Қаллеки, Елубайды – Еллеки деп, кейін Бикенді – Бикман, Сәбираны – Сапсұби, Шаханды – Шаханский, Тұңғышбайды – Тұңғышбаевский деп еркелете қалжыңдағаны қазір тарихқа кірді».

13 жасында байталмен қасқыр соққан

Ағасы Айтқожа Жақыпты туған баласы сияқты өсірген. Ағалы-інілі екеуінің арасы 20 жас. Әкелері Омар 1939 жылы, анасы Қапиза 1940 жылы қайтыс болады. Балалары Айтқожа, Бекқожа (1945 жылы Венгриядан соңғы хат келген, соғыста қайтыс болған), Мәклаш (құжатта солай кеткен), Сәйкөн, Бопи, шын аты Бикеш, ал Жақып алты баланың ең кенжесі, ата-анасынан бір жасында қалған. Туған ағасы Айтқожаның арқасында жетімдік көрмейді. 1938 жылы туған, құжатта 1939 жыл деп жазылып кетеді. Сол уақытта баланың туған жылын қате жазып жіберу жиі кездескен. Ағасы Айтқожа 1942 жылы үйленген, еңбек армиясында болған. Қиын кезең, жетім-жесір көп, Айтқожаны елге қайтарған. Жақып өте ерке бала болып өскен. Омар бес ағайынды кісі, Ахметсалық, Дайыр, Көпен немере інілері Жақыпты ата-анасынан тым жас қалды деп қатты еркелеткен. Жақып Омаровтың немере інісі, Айбек Айтқожаұлының айтуынша, 1952 жылы Жақып 13 жасында байталмен қасқыр соққан. Жаздыгүні қасында дос баласы бар,
қуып жүріп соғып алған.

«Әкем ауылда той жасады. Ол уақытта көп дүние жетіспейді. Төрт жасында Дайыр атамыз Жақыпқа былғарыдан аяқ киім тігіп берген ғой. Кішкентай бала, ауылда бұлақтың басында қозы-лақпен ойнап жүріп, аяқ киімін ешкінің мойнына іліп жіберген. Шешем жалаңаяқ жүргенін көріп: «Кебісің қайда?» – деп сұраса, – Ешкіден беріп жібердім ғой», – дейді. Былғары кебіс ешкінің мойнында тұрмайды, жоғалып қалған. Ағам бала кезінен жылқықұмар болып өскен. Бертінге дейін ауылға келсе, ат дайын тұрмаса ренжиді. Жақып ағам етті бабымен, жапырақтап турайтын. Әр мүшені кімге қалай бөлуді біледі, өте қонақжай адам болатын. Қонақ келмесе отыра алмайды. Міндетті түрде үйіне бір кісі ертіп келетін. Түймехан жеңгеме бір сағат қалғанда қоңырау шалады. Түймехан шыр-пыр етіп қалады. Мен 1990 жылдан бастап қасында болдым. Айран, қымызды керемет жақсы көреді. Ауыл десе жанымен үздігіп, аңсап тұрады. Түн демейді, күн демейді, бала-шағасын машинаға отырғызып, елге салып-ұрып ерте жөнеледі. Ауылға барғанда үйде ақ болмаса, келін-жеңгелері басқа үйден сұрап әкелуге жүгіре жөнеледі. Ауылға өте сыйлы. Келгенде той жасап кететін. Құрдастарын, достарын жинап алады, қой сояды, көлігінің жүк салғышы толып жүреді. Құрдастары қой бақты, олармен ойнап алысады, жақсы көреді. Біздің ауылдан әйгілі филолог ғалым Есмағамбет Ысмайлов шыққан. Айтыскер ақын Арман Бердалин көрші ауылдан.

1993 жылы режиссер Сламбек Тәуекел «Батыр Баян» атты фильмді біздің ауылда түсіріп жатыр екен. Каникул, студентпін, елге қарай ағам, шопыр үшеуміз машинамен кетіп бара жатырмыз. Ағам бала кезінде өзі мал баққан жерлермен жүргенді ұнатады, тақтайдай төселген асфальтпен жүрмейді. Жолда кино тобы кездесті. Совхоз директоры Егінбай деген ақсақалға Жақып ағам: «Ауылда киношыларды біреу қонақ қылды ма? Түсіру тобына аттар жетіспейді екен. Неге қонақ қылмайсыздар?» – дейді. Ауылдың үлкені Дулат шалды шақырып алып, түсіру тобын тегіс мейман қылуды тапсырды. Түсіру тобында жиырма шақты адам бар. Сонымен әр күн сайын бір қой сойылады. Ағамның айтуымен түсіру тобын біздің ел 25 күн қонақ қылды. Қазақ ауылы, бәріміз ағайынбыз, 300-ден аса түтін бар. Қонақтар бір жырғады… Жақып ағам үйде
мінезі жұмсақ, ақкөңіл, құшақ жайып тұрады. Қоластында жұмыс істедім. Кабинетте мүлде өзгеріп кетеді, талапшыл. «Көңіл-күйі қалай?» – деп әуелі хатшы Гулядан сұрап аламыз. Орыс тіліне жетік болды. Ағамның бірінші келіншегі өз ауылымыздың қызы, қалаға келген соң өзгеріп, төркінін танымай кетті. Одан бір ұл, бір қызы бар. Ағам дәм-тұзы жараспай ажырасқаннан соң да балаларына мейлінше көмектесті. Қызын Америкада оқытты. Екі баласы орысша тәрбиеленді. Ағам өте балажан кісі еді. Түймехан жеңгемнен төрт ұлы бар. Балалары бүлдіріп жатса, түк ұрыспайды. Ауылға кеттік дейді, артынша «күн боран екен, бармайсыңдар» дейді. Балалары бақырып жылайды. Шығып кетеді де, 15 минуттан соң қайта кіріп: «Түймехан, киіндір!» – дейді. Бәрін қалдырмай, алып кетеді. Астанадан Көкшетауға дейін әрі кетсе үш сағаттық жол. Балалары қазақша сөйлейді. Есік алдына шығып қазақша боқтап жүреді. Ауланың бәрі орыстар. «Боқтай берсінші, қазақша боқтап жатыр ғой!» – депті бір көрші кісі, сүйсініп тыңдап отырып. Төртеуі де қазақша оқыды, қала баласы қашанда орысшаға жетік. Ең кенжесі Бауыржан КВН-да ойнайды, мінезі, бәрі әкесіне аумай тартқан. Түймеханның атын атамайтын, «Атымтаева» дейтін. Репетицияда аузы үйреніп қалған ғой. Қосылып ән салғанды жаны сүйетін еді. Ағам актер болып бастаған. Біржан сал мен Ақан серінің әндерін ерекше сүйіп айтатын. Түймехан жеңгеммен әй-шай дескен жоқ, өте тату тұрды. Ағам «сюрприз» жасағанды жақсы көретін. Жеңгем 1995 жылы 40 жасқа толғанда өзіне айтпай, театрда бутафорлық цехта 50-60 адамға үстел жасап жіберді. Асты тапсырыспен кафеден алдырды. Туған күніңді атап өтеміз демеген, «сюрприз» деп құпия ұстаған, жеңешемді қуантқысы келгені ғой. Түймеханды алғаш келін қылып ауылға алып келгенде неше күн тойладық. Бурабайға жалғас Көктау – ауылдан төрт шақырым жер. Таудың басында той тойладық. Жақып ағам келсе, ауылда күнде той жасап кетеді. Тіпті
араға бір-екі ай салып келсе де ел шақырады. Жақып ағам өте таза киінетін, үстінде қыры сынбаған костюм-шалбар, галстук, қырынып жүретін. Үйде спорт костюмін киеді. Үйге таңғы 5-6-да келсе, сағат 8-де жұмысқа кететін, таусылмайтын. Үйде бір бөлме толық кітапхана болды.

1996 жылдың 1 маусым күні әулетімізге суыт хабар жетті. Әуежайға мәйітті әкеліп
қойыпты. 10 мың долларға ұшақ жалдадық, қаражат жағы тез шешілді. Уфадан Жақып ағамның сүйегін әкелуге өзім бардым, үш адам ұштық. Фестивальге барған труппа сол ұшақпен келді. Жақып ағамды Қаллеки театры ешқашан ұмытпайды», – дейді Айбек Айтқожа.

Қуыршақ театрын ашпақ болды

Режиссер Жақып Омаров Қ.Қуанышбаев театрын 1991 жылы 15 қарашада ашты. Қазіргі театр ғимаратын өр мінезімен алыпты. «Театр ашу үшін алдын ала бүкіл колледжді аралаған Жақаң ешкімнен қорықпайтын, бауырмалдық қасиетін жоғалтпаған, досқа адал. «Өнерім ғана өзіме жолдас» дейтін. Мәмбетовтің тоқпағынан өткен, ең сүйікті шәкірті, Жақаң: «Жинақылықты ұстазым Әзірбайжан ағадан үйрендім», – дейтін.

Әзекеңнің тура баласы сияқты. Басына қиыншылық түскенде Жақаң ұстазын қызғыштай қорғайтын. Орыс театрындағы досы Тарасовқа айтып, Әзекеңе «Жас Абайды» қойғызды.Жақаң ән салса, неше тілде салады. Эстет болатын. Дұшпаны көп. 1996 жылы Уфада, Башқұртстанда өткен II халықаралық фестивалінде Жақаң жүректен құлады. «Ол елін сүйетін ұлтжанды азамат, ең сүйікті шәкіртім», – деген Әзекең Жақаң қайтыс болған қаралы шеруде. Жақаңның арманы синтетикалық театр жасау еді. Филармония жабылғанда таланттар далада қалмасын деп театрға жинады. Марқұм күйеуім қуыршақ театрын да ашпақ болды. Әзекеңнің, Мәмбетовтің мектебі өлген жоқ. Театр елге ортақ дүние», – дейді режиссердің сүйікті жары, төрт ұлының анасы, Қазақстанның Еңбек сіңірген актрисасы Түймехан Атымтаева. 1996 жылы жас театр түркі тектес халықтардың халықаралық театр фестиваліне Шахмет Құсайыновтың «Алдар Көсе» атты комедиясын алып барған болатын.

Режиссер Жақып Омаров негізін салған қазіргі Қаллеки театры Қазақстандағы ең мықты өнер ордаларының қатарынан ойып орын алғаны даусыз. 2018 жылы 10 желтоқсанда Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық қазақ драма театры XVI халықаралық «Золотой витязь» театр фестивалінде Гран-При сыйлығын иеленді.

Үздік шыққан Шекспирдің «Отелло» трагедиясын ҚР Халық артисі, кино және театр режиссері Талғат Теменов сахналады. Театрдың көркемдік жетекшісі Талғат Теменов қойған драматург В.Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырналар» атты лирикалық драмасы «Золотой витязь» халықаралық театр фестивалінің Гран-при сыйлығын алғаш рет 2015 жылы алған болатын.

Осы театрдың артисі, «Құрмет» орденінің лауреаты Нұрзада Тәшімова: «Жақып ағаның «Бөлтірік пен құлыншақ» деген ертегісі бар. Алматы қуыршақ театрында қойды. Ішегіміз қатып күлдік, жан-жануардың психологиясын сондай дәл бергені ғажап!» – деп сүйсіне айтты. Жақып ағамыз тірі жүрсе, ол жол салған қуыршақ театрының да жұлдызы жарқырар ма еді?

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА

Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз