Кəсіби суретші портретіңізді салып берсе, қандай сезімде боласыз? Picasso кубизміндегі бейнеңізді көру немесе поп-арт стиліндегі суретіңізді тамашалау қызық болар ма еді? Қазір көркем суреттер, портреттер əркімге қолжетімді жəне
жақыныңызға жақсы сыйлық бола алады.

Жақында сондай ерекше портрет салатын суретшімен таныстым. Дияра Шукбарова – жас суретші, портретист, монументалист, муралист. Ақтөбе қаласының тумасы. Жұмыстары сұлулығымен жəне авторға тəн қайталанбас жеке стилімен көз тартады.

«Бала кезімнен сурет салуды ұнатамын, мектепте басқа сабаққа қарағанда бейнелеу өнеріне көбірек уақыт бөлетінмін. Бейнелеу өнері, музыка жəне неміс тілі сүйікті пəндерім болды. Бірақ сурет салуға хобби ретінде ғана қарайтынмын. Ол кездегі басты мақсатым фортепианода жақсы ойнауды үйрену еді. Бейнелеу өнеріне қызығушылық 17 жасымда пайда болды. С.Бəйішев атындағы колледжде интерьер дизайнері, одан кейін Қ.Жұбанов атындағы университетте графикалық дизайнер мамандығында оқыдым. Шығармашылық – эйфория.
Бұл жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Алғашқы 5 жылда көптеген сурет салып, түрлі техникамен тəжірибе жасадым. Тапсырыс бойынша суреттер салып жүрдім. Бейнелеу өнері тарихын зерттей келе, оның өзге де түрлерін практикада
пайдалана бастадым. Бірақ əлі күнге дейін ақ-қара портретке жететін, жүрегімді баурап алған техника таппадым. Портрет – өнердің жеке түрі. Адамдарды жақсы көремін. Олар маған əдемі жұмыс істеуге көмектеседі. Менің ойымша, суретші – нағыз құбылысыңды тауып, қағазға жазып отырған адам»,
– дейді Дияра.

Дияра тек адам бейнесін ғана емес, олардың ішкі жан дүниесін де суреттеп жеткізе алады. Жұмыстары өзгеше.

«Мені бейнелеу өнерінде реализм қызықтырады. Сондықтан аэрография техникасын үйрендім. Бұл техника жұмыстың ауқымын өзгертуге тамаша мүмкіндік береді. Кейін қабырғаға сурет сала бастадым. Масштаб кез келген суретшіге өзінің барлық дағдылары мен шеберлігін көрсетуге ерік береді. Қазір аралас техниканы қолданамын: аэрография жəне қылқалам.
Аэрография – өнердегі жаңа бағыт, арнайы аспаптың көмегімен сурет бетін бояу.
Осы уақытқа дейін аэрография техникасы автомобильдерді бояуда қолданылды. Бірақ көп адам осындай ерекше суреттерді үйіне, қабырғаға, жиһазға, тіпті
ноутбукқа салғыза бастады. Сүйікті материалдарым – қарапайым эмульсия, колер жəне аэрографтарға арналған бояу. Ақтөбе қаласында бірнеше шағын көрмем болған. Алғашқысы – 2010 жылы Элина Жакуповамен бірге өткізілген көрме. Жұмыстарым əлі халықаралық деңгейдегі көрмелерге жеткен жоқ, бірақ
бəрі алда»,
– дейді суретші.

Дияра екі ауқымды жұмысын ерекше атап өтті. Біріншісі – Evrikum ғажайыптар саябағына салынған жұмыстар. Интерактивті-танымдық Evrikum ғажайыптар саябағын білмейтін бала жоқ шығар. Бұл жерде балалар ғылым саласындағы түрлі ақпараттан хабардар болып, арнайы саябақта бөлінген аймақтарды: Айналы
лабиринт, айналмалы жерасты өткелі, гравитациялық бөлме, 90-градустық бөлме, IQ-аймақтары, фото-бөлме, Эймс бөлмесін тамашалай алады. Сол таңғажайып əлемнің 13 қабырғасына Дияра бір ай бойы сурет салған. Суретшінің еңбегі ақталды. Өйткені Дияраның жұмыстарынан саябаққа келген кез келген адамның эстетикалық лəззат алады. Бірақ бұл тапсырыс Ақтөбедегі Fly Time үшін жасалған жұмыспен салыстыруға келмейді. Биіктігі 9 метрге жететін 700 шаршы бұлт, экстремал жағдайда бір жарым ай сурет салу, осының бəрі таңғаларлық дүние емес пе?!

«Кəсіби суретке шабыттандырған алғашқы суретші – Леонардо да Винчи. Оның жан-жақтылығы мен суреттерінің түс ерекшелігіне ғашықпын. Сондай-ақ, голландиялық Рембрандты жақсы көремін. Қазір маған XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр қызықты. Импрессионистерден басталып, заманауи өнермен аяқталады. Сүйікті суретшілерімнің арасында Климта, Шиле, Моне, Ван Гог, Дима Ребус бар. Суретші мен бағытты зерттеуге тырысамын, бұл менің шығармашылығыма жəне бірегейлігіме көмектеседі», – дейді Дияра.

Қазір суретші коммерциялық жобамен айналысады. Болашақта тек өз картиналарынан тұратын көрме жасағысы келеді. Дияраның ерекше жұмыстарын оның Инстаграмдағы @artdiyara парақшасынан көруге болады.

Ақерке
ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі

Ұлан» газеті, №39
24 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз