Ақмарал Маратқызы – Қазақ экономика, қаржы жəне халықаралық сауда университетінің мемлекеттік жергілікті басқару мамандығында 4-курста оқиды. Жиырма жастағы бойжеткен дзюдодан Қазақстанның он екі дүркін, ал Азияның екі дүркін чемпионы. Еуропа чемпионаттарында бірнеше рет топ жарған. Қазір қазан айында Марокконың Марракеш қаласында өтетін Əлем чемпионатына қызу дайындалып жүр. Осындай жауапкершілігі мол жарыс алдында Ақмаралмен əңгімелескен едік.

– Бірінші сыныптан бастап каратэмен айналыстым. Алматыға көшіп келген соң,
спортты тоқтатуға тура келді. 6-сыныпта оқып жүргенде қазіргі жаттықтырушым мектепке келіп, дзюдоға жарнама жасады. Спортты сағынып жүрген соң, таэквондо немесе каратэ бар-жоғын сұрадым. Бар екенін айтты. Бірақ мен барған күні каратэнің жаттықтырушысы жоқ екен. Содан дзюдоны таңдап кеттім, – дейді Ақмарал.

Биыл Ақмаралдың жастар құрамасындағы соңғы жылы екен. Жиырма бір жастан бастап ұлттық құрамаға мүше болатынын айтып, спортқа келгендегі алғашқы сəттерін күліп еске алды:

– Анам спортты жақсы көреді. Бірақ дзюдомен айналысып жүргенімді алғашында оған айтпадым. Бір күні жарысқа ақша керек болған соң айтуға тура келді. Басында қыз балаға лайық спорт емес екенін айтты. «Өсе келе дене бітімің өзгереді. Өзіңнен үлкен қыздармен шығып қалсаң не істейсің?» – деп уайымдап, қарсы болды. Жарыстардан орын алып, жақсы нəтиже көрсете бастаған соң сеніп, қолдау білдірді.

– Дзюдоға келген алғашқы күнің есіңде ме?

– Дзюдодан не күтетінімді білмедім. Қыздар жиналған соң, денемізді қыздыра бастадық. Сол кезде жаттықтырушым бірден маған назар аударды. Оған дейін каратэмен айналысқан соң, спортқа қабілетімді байқады. Үлкен спорт қыз бала үшін өте қиын. Физикалық тұрғыдан көп күш қажет. Бірақ, жақсы көріп айналысқаннан кейін қиындық ұмытылып кетеді екен. Кей спортшылардың бойы мен салмағы сəйкес келген соң, салмақ қуу деген болмайды. Ал маған жарыстың алдында 1-2 келі салмақ тастауға тура келеді. Тез қалыпқа келемін.

Ақмаралдың дзюдоға деген шексіз махаббаты оны тоқсан мəрте жеңіс тұғырына шығарған. Тоқсан рет қазақ елінің туын желбіретіп, əнұранын əуелеткен. Марапаттау сəтінде «Қазақстанның əнұраны ең əдемі» деген ойда болады екен. Спортшылар үшін ең ғажап сəт туралы Ақмарал былай дейді:

– Жеңіс тұғырына шыққан кезде ең алдымен өзіме мақтау айтамын. «Сенің қолыңнан келді, сен бұл биікті де бағындырдың!» – деймін. Марапаттау рəсіміне дейін анама хабарласып, қуанышымды бөлісемін. Анамның қуанғанын көріп, одан əрі ерекше толқып, сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімде боламын. Содан соң бүкіл елдің алдында туымыз көкке көтеріліп, əнұран шырқалғанда, бойымды мақтаныш сезімі билейді.

– Ақмарал, жеңіске жеткенде бəрі ұмытылады. Бірақ жеңіске дейін қаншама
қиындықты бастан өткересіңдер, солай емес пе?..

– Иə, дұрыс айтасыз. Сенбі, жексенбіден басқа күндері күніне екі рет жаттығу болады. Ешқандай жарыс болмаса да, күнде дайындық. Əрдайым формада болуымыз керек. Жеңіске жеткеннен кейін де босаңсуға болмайды, барлық эмоцияны ұмытып, одан əрі жаттығамыз. Кей кезде алаңда басыңмен қатты соғылып қалатын кездер болады. Төреші берген 3-4 секундтың ішінде жиналып, əрі қарай жеңіс үшін күресу керек. Сондай сəтте ойыңда тек жеңіс тұрады. Жеңіске жеткен кезде бəрінің ұмытылатынын білесің. Басыңнан өткен кішкентай қиындықтар маңызды болмай қалады.

– Арнайы диета ұстайсың ба?

– Суды көп ішеміз. Суды тоқтатуға мүлде болмайды. Қуырылған тамақ, фастфуд
өнімдерінен мүмкіндігінше алыс болуға тырысамыз. Сорпаны көп ішемін. Күш-қуат жинау үшін аздап ет жеуге болады.

– Қандай елдерде болдың?

– Франция, Ресей, Германия, Түркия, Польша, Грекия, Германия, Италия, Испания, Гонконгте болдым. Дзюдо маған көп елде болу мүмкіндігін сыйлады. Франция мен Ресейде дзюдо жақсы дамыған. Барлық елдің спортшылары мықты, қарсыластарымның осалы жоқ.

– Қазақстанда қалай?

– Барлық жағдай жасалған. Қалғаны адамның жеңіске талпынысы мен құштарлығына байланысты. Жыл өткен сайын бізде де дамып келе жатыр. Дзюдоға қызығатын жастар көп. Инстаграмда он сегіздегі қыздардың өзі: «Біз қатыссақ кеш емес пе?» – деп сұрап жатады. Меніңше, кеш емес. Себебі бəрі адамның өзіне байланысты. Қазақстан Дзюдо федерациясы, Олимпиада комитеті құрамаға кірген соң барлық жауапкершілікті өз мойындарына алып, қолдау білдіреді. Барлық жарыста жағдай жасайды. Жол шығынын, басқа да қаражатты федерация төлейді. Бір сөзбен айтқанда, қалтамыздан ақша шығармаймыз. Бізден тек жеңіс болса болды.

– Дзюдоға қандай талаптар бойынша алады?

– Негізгі дзюдоға 5-6 жастан бастап алады. Ата-анасынан медициналық анықтама сұрайды. Себебі жаттықтырушы қалай күш салу керек екенін анықтауы керек. Жылына екі рет тексеруден өтіп тұрамыз.

– Бос уақытыңды қалай өткізесің?

– Ата-анаммен, достарыммен бірге киноға барған ұнайды. Кей кезде ештеңе
жасамай, үйде кітап оқып, жай ғана демалғым келеді.

Əңгіме барысында Ақмарал ұстаздарына алғыс білдірді. Олар тапсырманы пошта арқылы орындауға, сессияны жарыстан келген соң жабуға мүмкіндік беріп, түсіністікпен қарайды екен.

– Спорттан шаршайтын кездер бола ма?

– Иə, болады. Ондай кезде мотивациялық видеолар көріп, танымал адамдардың тарихын оқып, жетістікке жету жолынан күш аламын.

– Күніне қанша сағат ұйықтайсың?

– Сегіз сағат ұйықтауға тырысамын.

– Дзюдо деген…

– Дзюдо – өмір, керемет сəттер, адал достар, естеліктер, шет елдер, үздіксіз жаттығу, алға ұмтылыс пен жеңіс. Осы уақытқа дейін тоғыз жылымды дзюдоға арнадым, алда қанша жыл айналысатынымды білмеймін.

– Рақмет, Ақмарал! Əлем чемпионатынан кейін өзіңнен тағы бір мəрте сұқбат алу бұйырсын!

– Рақмет.

Сұқбаттасқан
Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №39
24 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз