Адамның дамуына, тұлға болып қалыптасуына оның ортасы, елдегі экономикалық, саяси жағдай мен рухани даму процесі əсер етеді. Психологтардың айтуынша, кез келген тұлғаның қалыптасуында оның балалық шағы мен жасөспірім кезеңі маңызды рөл атқарады. Адам баласы материалдық жəне рухани ортада тіршілік ететіндіктен өзі өмір сүріп жатқан қоғамның, ұжымның, ұлттың мүшесі ретінде ерекшеленуге, үздік болуға тырысады. Осыдан барып бəсекелестік, салыстыру ұғымдары пайда болады.

Материалдық жағдай, əлеуметтік теңсіздік тек ересектерге ғана емес, мектеп оқушыларына да əсер етеді. Əсіресе бастауыш сыныпты бітіріп, орта мектепке ауысқан оқушылар арасында əлеуметтік жағдайға немесе қызығушылығына байланысты топқа бөліну пайда болады. Кейде бұған бірыңғай мектеп формасының, ішкі тəртіптің, бақылаудың болмауы да себеп болады. Бір сыныпта біреудің əлпештеген жалғыз баласы да, көпбалалы отбасынан шыққан балалар да, толық емес отбасында тəрбиеленген ұл-қыз немесе жетім балалар да бірге оқиды. Соған сəйкес, оқу құрал-жабдықтарының түр-түсі мен сапасы, мектеп оқушыларының киіну стилі, өзін-өзі ұстауы, тіпті оқу үлгерімі де əртүрлі болуы мүмкін.

Сонымен, əлеуметтік жағдай оқушылардың психологиясы мен оқу үлгеріміне қалай əсер етеді? Балаларға əлеуметтік теңсіздіктің əсері болмау үшін не істеу керек? Педагог мамандар мен психологтан осы туралы сұрап көрдік.

Шынар ХОРАМБАЕВА, педагог (Түркістан облысы, Арыс қаласы):

Әлеуметтік жағдайы төмен балалар оқуға ынталы келеді

– Оқушының үлгеріміне əлеуметтік жағдайына қарағанда отбасылық жағдайы көбірек əсер етеді. 25 жылдық өтілі бар педагог ретінде осы тұжырым дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, оқушының отбасында жиі кикілжің, келіспеушіліктер мен ұрыс-керіс болса, бала тұйықталып кетеді. Оны ешкім шеттетпесе де өзін ыңғайсыз сезінетін болады.

Ал əлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға келсек, олар оқуға ынталы болады. Алдына нақты мақсат қоя біледі. Біздің қоғамда «сабақты жақсы оқысаң, білімді боласың, ал білімді адам бай болады» деген түсінік қалыптасқан. Бұл – оқушыларға жақсы мотивация.

Қазір мектептегі оқушылар арасында əлеуметтік теңсіздікті болдырмау үшін бірыңғай мектеп формасы мен ішкі тəртіп енгізілген. «Мектеп – оқушы – ата-ана» дейтін үш тұғыр бірігіп жұмыс істегенде, оқушылар арасында əлеуметтік жағдайға байланысты бөлініс мəселесі туындамайды. Мектеп ұжымы мен ата-ананың ойы, сөзі, тəрбиесі мен ұстанымы бір жерден шыққан кезде бала да осыған иланады. Сондықтан баланың мінез-құлқы мен тəрбиесін мектеп пен ата-ана бірігіп қалыптастыруы керек.

Жоғары сыныптағы оқушылардың қызығушылығы мен құндылықтары жиі өзгеріп отырады. Қымбат телефон, бренд киімге құштарлық, өзін-өзі ұстау ерекшеліктері пайда болады. Бір-бірін келеке ету, өзін басқалардан жоғары сезіну сияқты өзгерістер кездеседі. Өзінің қалағанына қол жеткізе алмаған оқушылар қоғамға агрессиясын, ішкі қарсылығын көрсете бастайды. Осы тұста мектеп əкімшілігі тарапынан телефон əкелуге тыйым салу, мектеп формасын киюді міндеттеу, боянуға, ерекше шаш үлгісін жасауға тыйым салу сияқты шаралар жүргізілуі керек. Ата-аналар əсіресе өтпелі кезеңдегі баласына көбірек көңіл бөліп, сырласып, дос болса екен дейміз.

Алма ИБРАЕВА, 27 жыл еңбек өтілі бар педагогзерттеуші (Шығыс Қазақстан
облысы):

Жақсылықты жария етудің соңы жамандыққа апармау керек

– Ересектер өздерінің бала болғанын ұмытып кетіп жатады. «Бала болған, оқушы болған рақат қой, ешқандай проблема жоқ» деп баласының өміріне қызыға қарайды. Кейде жұмыстан шаршап келген ата-ана баласына: «Осының бəрін сен үшін істеп жүрмін. Ел қатарлы киінсін, оқысын деумен-ақ шаршадым» деп өзінің күнделікті тұрмыстағы қиындықтары мен проблемасын баласынан көреді. Мұндай жағдайда бала психологиялық соққы алуы мүмкін екенін ойламайды.

Шындығында, қазіргі заманда оқушы болудың өзіндік қиындықтары бар. Балалардың барлығы бақытты ма? Балалармен етене жақын жұмыс істеп жүрген педагог мамандар бұл сұраққа нақты жауап беруге қиналады. Себебі күнделікті өмірде кездесетін қайшылықтар мен əлеуметтік жағдайдың əртүрлілігі балалардың өміріне де дендеп еніп, із қалдырады. Мысалы, күзде ата-аналар баласын мектепке дайындау кезінде біраз материалдық шығынға ұшырайды. Бір емес, бірнеше оқушы бағып отырған отбасына тіпті қиын. Қазір кішісі үлкенінің киімін киіп өсетін заман емес. Киюге келіскен күннің өзінде, тауардың сапасы қанша жыл қатарынан тұтынуға мұрсат бермейді. Осындайда көңілі қалаған дүниеге қолы жетпеген оқушы мектепке көңілсіз аттанады. Ал көңілі мен қарны тоқ болмаған адамның санасына сəуле құю – қиынның қиыны.

Қазір мемлекет тарапынан, кəсіпкер азаматтар тарапынан əлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіліп жатыр. Алайда мұндай игі істердің көпшілігі есеп беру үшін жасалып жатқаны қынжылтады. Киім-кешекпен, оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіп, қайырымдылық жасаған – жақсы. Алайда жасаған жақсылығыңды жұртты жинап алып, елдің көзінше жария ету немесе фотосуретке түсіріп алып əлеуметтік желілер мен баспасөз беттерінде жариялау – жақсы емес. Мұндай «жақсылықтың» арты баланың психологиясына жаман əсер беруі мүмкін екенін ескерсек екен. Баланың жаны – ең нəзік нəрсе. Оған салынған жараның салдары қоғам үшін қауіпті дерт болуы мүмкін. Сондықтан «Оң қолың жасаған жақсылықты сол қолың білмесін» деген ұстаным осы тұста маңызды деп ойлаймын.

Педагогтардың пікірі осындай. Орта мектепте бала психологиясының өзгеруін өтпелі кезеңмен байланыстырамыз жəне мұны қалыпты жағдай санаймыз. Ал психологтар өтпелі кезеңнен кейін де балалардың бойында агрессия, оқшаулану процесі сақталып қалатынын айтады. Әлеуметтік жағдай мен оқиғалар оқушы психологиясына қалай әсер ететінін психолог Айгүл Махатова айтып берді.

Айгүл ТҮЗЕЛБАЙҚЫЗЫ, дəрігер-псиxолог, DANALI Production орталығының
директоры:

– Əлеуметтік жағдай мен отбасылық жағдай – баланың психологиясына əсер ететін негізгі фактордың бірі. Ал оның оң немесе теріс əсер етуі əр баланың жеке дамуына, психологиясына байланысты. Əр адам – жеке тұлға. Сол сияқты балалар да əртүрлі қасиетке, қабілетке ие. Олардың сыртқы факторларды қабылдау деңгейі де бірдей емес. Сондықтан əлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балалар оқуда табысты не табыссыз болады деп нақты айта алмаймын. Баланың бойында күйзеліске төзімділік, мықты ерік-жігер болса, бұл қиындықты сəтті еңсереді. Танымал тұлғалардың өмір тарихын мысалға алып қарасақ, əлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан түрлі
кəсіпкерлер мен миллионерлерді табуға болады. Əлеуметтік жағдайы жақсы бола тұра, қылмыскер, нашақор атанып кеткендер де бар. Сондықтан əлеуметтік жағдайдың жетістікке немесе психологияға əсерін нақты критерий бойынша қарастыру мүмкін емес.

Ал оқушының оқу үлгерімі мен жетістіктеріне келер болсақ, əр адамда қабілеттің нышандары болады. Адамның оқу əрекетінде жетістікке жетуі осы қарым-қабілетін тану жəне дамыта білу деңгейіне байланысты.

Оқушылардың психологиясы оның ата-анасының ұстанымына тікелей байланысты. Ата-ана баласын «біздің жағдайымыз жақсы, сен өзіңді жоғары ұстауың керек» деп тəрбиелесе, баланың санасында осындай қағида қалыптасады. Керісінше, «біздің сені оқытуға, киіндіруге жағдайымыз жоқ, сенің оқуың бізге масыл болды» деп тəрбиелесе, баланың оқуға ынтасы төмендеуі мүмкін.

Ұлттық психологияда «жұрттың баласы» деген стереотип қалыптасқан. «Жұрттың баласын қарашы, сен неге сондай болмайсың?!» деп үнемі өз баласын басқамен салыстыру, жарыстыру баланың бойына бəсекелестік, озбырлық дарытады. Ол үнемі өзін дамытуды емес, басқаларды басып озуды, артық болуды қалап тұрады. Бұл түсінік тек оқу мен еңбекте ғана емес, сіз айтып отырған əлеуметтік жағдайға қатысты да өрбиді. Бала деген жас шыбық сияқты, қалай қарай исең, солай қарай өседі. Бала тəрбиесі ең алдымен ата-ананың жауапкершілігінде екенін ескеру керек.

Ұлан» газеті, №40
24 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз