Жақында оқушылардың мектептегі тазалық жұмысына көмектесу мəселесі қоғамда резонанс туғызды. Бұған «Нұр-Сұлтандағы №80 мектептің оқушылары еденді өзі жуады» деген ақпарат себеп болды. Осы оқиғадан кейін адвокат Жангелді Сүлейменов оқушыларға еден жуғызбауды талап етті. Ол Facebook
парақшасында Білім жəне ғылым министрлігі бұған тыйым салмаса, ведомствоны сотқа беретінін жазды.

Бұл оқиғаға қатысты əлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі оқушылардың еден жуып, мектептің тазалық жұмысына көмектесуіне қарсы болса, енді біреулер мұны қолдап отыр. Ал ҚР Білім жəне ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушыны еңбекке баулумен отбасы да, мектеп те айналысуы тиіс екенін айтты. Бірақ ол оқушыларға еден жуу міндеттелмейтінін мəлімдеді. Асхат Аймағамбетовтың өзі мектепте оқығанда еденді де, партаны да жуыпты. Ол мұны тəртіп деп қабылдаған, сондықтан Асхат Аймағамбетовке жууға болмайды деген ой келмепті.

ҚР Ақпарат жəне қоғамдық даму министрі Дəурен Абаев та бұл мəселеге қатысты пікір білдірді. Ол «Хабар» телеарнасындағы «Открытый диалог» бағдарламасына берген сұхбатында оқушылардың тазалық жұмысына араласуынан ешқандай жаман нəрсе көріп отырмағанын айтты.

«Мен балаларды еңбекке тартудан ешқандай жамандық көріп тұрған жоқпын. Əрине, мұнда бірнеше маңызды нюанс бар. Біріншіден, мұндай жұмыстар оқуға кедергі келтірмеуі тиіс. Қазір балалардың сабағы көп екенін, сабақ біткен соң олардың түрлі үйірме мен секцияға, қосымша сабаққа баратынын жақсы білеміз. Екіншіден, бұл оқушының өз еркімен болуы керек, қазір солай ұсынылып жатыр. Мектеп мұндай шешімді ата-анамен, оқушымен бірге қабылдауы керек. Егер əлдекім қолына шүберек алу қадір-қасиетімді кемсітеді, ата-анамның салығы онсыз да тазалық қызметкерлерінің айлығына кетеді деп ойласа, онда мұндай оқушыны тазалық жұмысына мəжбүрлеудің керегі жоқ. Бірақ мемлекет балалардың есебінен үнемдеуге немесе өздерінің кейбір проблемасын шешуге тырысып жатқан жоқ. Тазалық қызметкерлерін ешкім жұмыстан шығармайды», – деді Дəурен Абаев.

Ал Нұр-Сұлтан білім басқармасының басшысы Əнуар Жанғозин əлеуметтік желідегі парақшаларына еден жуып, шаң сүртіп тұрған фотосын жүктеді. Оның айтуынша, мұндай жұмыстар балаға өзге адамның еңбегін құрметтеуді жəне қоршаған ортаға күтіммен қарауды үйретеді.

«Бұл – əр оқушы еден жууы керек деген сөз емес, бірден осыны айтқым келеді. Бұған асханадағы ыдыстарды жуатын жерге апару немесе сабақтан кейін жұмыс орнын таза ұстау, кей жағдайда сынып пен дəлізді жинауға көмектесу сияқты
қарапайым жұмыстар жатады. Əрине, мұның бəрі балалардың қалауы бойынша іске асатын шара екенін ескертеміз»,
– деді ол.

Əнуар Жанғозин Нұр-Сұлтандағы білім беру ұйымдары басшыларына #Өзіңненбаста эстафетасын ұсынды. Ол эстафета арқылы мұндай жұмыстың қиын əрі ұят емес екенін көрсеткісі келіпті.

Сонымен, оқушылардың мектептегі тазалық жұмысына көмектесіп, сенбілікке қатысуы қаншалықты дұрыс? Бұл мəселеге қатысты мектеп басшылары мен мұғалімдердің пікірі бір жерден шығатыны айтпаса да түсінікті. Ал оқушы мен ата-ана не дейді?

Мерейлім Əшірбай Нұр-Сұлтандағы №48 мектеп-лицейдің 11-сыныбында оқиды. Оның айтуынша, сыныпты сыпыру, еденді жуу сияқты жұмыстар оқушының міндетіне кірмейді. Мұндай жұмыстарды мектептегі тазалық қызметкерлері істейді.

«Сыныпта кезекшілік бар. Кезекшінің күн сайынғы міндетіне тақтаны, терезенің жақтауын сүрту, гүлдерге су құю, сабақ біткен соң қоқысты шығару сияқты жұмыстар кіреді. Əр тоқсан біткенде сыныпта тазалық күні болады. Мұндай кезде сыныпты түгел тазалаймыз. Қабырғаны, партаны, терезені жəне сыныптағы
басқа да заттарды сүртіп, жуамыз»,
– дейді ол.

Мерейлімнің айтуынша, мұндай жұмыстарды істеу сыныптағы барлық оқушыға бірдей ұнамайды.

«Мұғалімдер мен мектеп басшылығы кезекшілікті дұрыс атқарыңдар деп ескертеді. «Бұл кабинетте өздерің отырасыңдар», «Таза жерде отырғандарың өздеріңе жақсы емес пе?» дейді. Бірақ сыныптастарымның көбі кезекші атқаратын жұмысты мұғалімдердің сөзінен құтылу үшін ғана істейді. Мұндай жұмысты оқушылардың істеуі қаншалықты дұрыс екенін білмеймін. Бірақ үйде де ата-анамызға көмектесеміз ғой», – дейді 11-сынып оқушысы.

Нұр-Сұлтан тұрғыны Жанар Медешованың мектепте оқитын үш баласы бар. Ол ата-ана ретінде мектептің тазалық жұмысына баланың көмектесуін қолдайды.

«Мұнда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Өйткені бұл – баланы еңбекке баулудың бір түрі. Баланы жастайынан еңбек етіп, жұмыс істеуге үйрету қажет. Өзім де оқушы кезде мектептің жұмысына көмектестім. Одан жаман болып қалған жоқпын. Сол себепті балаларымның қоғамдық жұмысқа араласуын қолдаймын», – дейді ол.

Психолог Камила Мергенбаеваның айтуынша, қоғамдық жұмысқа араласуды əр бала əртүрлі қабылдайды. Бірі «Неге мен мұны істеуім керек?», «Мемлекет менің оқуымды жəне басқа да қажетімді қамтамасыз етуге міндетті» деуі мүмкін. Балада мұндай ойдың қалыптасуына үлкендердің немесе айналасындағы өзге адамдардың көзқарасы əсер етеді. Тағы бірі «Неге көмектеспеске?» деп ойлайды.

«Сыныптағы күн сайынғы кезекшілік немесе айына бір рет болатын тазалық жұмыстары мен сенбіліктер балалардың бір-бірімен қарым-қатынасқа түсіп, жақсырақ араласуына ықпал етеді. Өйткені олар бірігіп жұмыс істейді. Егер бала мектептің жұмысына көмектессе, оның ешқандай зияны жоқ деп ойлаймын. Керісінше, баланың денесі шынығады, қоғамға пайдасын тигізеді. Өзгенің еңбегіне құрметпен қарауды үйренеді. «Судың да сұрауы бар». Балада «Мектеп маған
білім мен тəрбиені қатар беріп жатыр, оған алғыс ретінде көмектескенде тұрған ештеңе жоқ» деген ой болуы керек»,
– дейді психолог.

Психологтың айтуынша, балаға бұл ой есейгенде де көмектеседі. Өйткені үнемі оның айтқаны орындала берсе, балада «тек менікі болса екен» деген ой қалыптасуы мүмкін.

Ал сендер мектептегі тазалық жұмысына көмектесесіңдер ме?

Мейірман ІЛЕС

Ұлан» газеті, №40
24 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз