Жемістердің піскені,
Жапырақтың түскені,
Шалшық судың жатқаны,
Түнде ептеп қатқаны.

Бұлттар көшіп, ауғаны,
Жиі жаңбыр жауғаны,
Қамбаға дән толғаны,
Күз мезгілі болғаны.

Тұман

Шыға келер құбылып,
Дегендей: «ал, сырымды ұқ».
Тұман басып, далаға
Ілінгендей шымылдық.

Қызық еді бұл нендей?
Көзім жолды тұр көрмей.
Көшедегі адамдар,
Бу ішінде жүргендей.

Ашылды күн қабағы,
Тұман лезде тарады.
Көліктері қаланың,
Енді зулап барады.

Күзгі күн

Сағат тілі ауыпты,
Алты болып қалыпты.
Жаңбыр құйып кетпесе,
Аспанды бұлт жауыпты,

Күтіп оны жүрген ем.
Жауғанша бұлт үлгерем.
Қолшатырын анамның
Алып шықтым үйден мен.

Күшік

«Бұлт аумайды» – десе де,
Жаңбыр жауды кеше де.
Келе жатты бір күшік,
Жалғыз өзі көшеде.

Қожайын ба ақырып?
Қойған мұңға батырып.
Бердім оған добымды,
Күшігім деп шақырып.

Көзінен күн көрінді.
Жалғыз емес ол енді.
Мен осылай дос таптым,
Сенімді, әрі көңілді.

Ұя

Тақтайды мен қашап,
Өз қолыммен ойдым.
Әдемі үйшік жасап,
Талға іліп қойдым.

Боран болса ығып,
Аяз болса тоңбай.
Ұшып, кіріп-шығып
Жүреді топ торғай.

Торғай

Туған жерде қыстап қалды.
Аяздарда тоңбай ма?
Достарым-ау, қыста қарлы,
Жем шашайық торғайға.

Ұя жасап ілейік біз,
Паналасын тоңғанда.
Қамқор болып жүрейік біз,
Ұшып-қонған торғайға.

Жезқазған қаласы

«Балдырған» журналы, №9
Қыркүйек, 2019

1 ПІКІР

  1. Ернұр, жарайсың! Керемет, тамаша екен өлеңдер жинағын. Еңбекте жемісті бол, отбасыңмен бақытты бол, еш қашан өлең жазудан қолың талмасын! Т/б: группаласың Махаббат, ТМ-02-1.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз