Елімізде тұңғыш рет күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында грек-рим күрес шеберлері жарыс жолын аяқтады. Балуандарымыздың белдесуін тамашалап, қолдау көрсету үшін арнайы Елордаға бардық. Әлемнің ең үздік балуандары бас қосқан дүбірлі дода жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Дегенмен кемшіліктер де жоқ емес. Жарыстың алғашқы күндері грек-рим күрес шеберлері бақтарын сынап, әлем чемпионы атағы үшін жан алысып, жан берісті. Дәулет Тұрлыханов Қазақстан құрамасының атынан сынға түскен балуандардан 60, 63, 67, 77 келідегі спортшылардан медаль күтетінін, соларға үлкен сенім артатынын айтты. Расында, бұл салмақта белдесетін балуандарымыз алтын жүлдеге басты үміткерлердің бірі еді. Дегенмен 55 келідегі Қорлан Жақанша айды аспанға шығарып, әлем чемпионатының финалына дейін жетті. Қорлан өз жолында небір мықты қарсыластардың жауырынын жер иіскетіп, тамаша күресімен көрермендерді тәнті қылды. Тіпті жартылай финалда 2018 жылғы әлем чемпионын оң жамбасқа да, сол жамбасқа да алып ұрып, әзірбайжан балуаны Элданиз Азизлидің жауырынын жер иіскетті. Бұл жеңістен кейін Қорланның әлем чемпионы атанарына ешкім күмән келтірмегені анық.

Қорланның өзі де: «Осыншама халық қолдау көрсетіп жатқанда жеңілуге қақым жоқ. Бозкілемге тек жеңіс үшін шығамын», – деп әлем чемпионы атану үшін барын салатынын айтты. Өкінішке қарай финалда балуанымыз 23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионы, грузиялық Нугзари Цурцумияға есе жіберіп, күмісті қанағат тұтты. Бір ғана қателік Қорланды әлем чемпионы атағынан айырды. Қорланның финалдағы жеңілісін Алмат Кебіспаевтың қола жүлде үшін белдесудегі жеңісі жуып-шайып кеткендей болды. Жалпы Кебіспаев үйреншікті 67 келіде емес, жаңа салмақта (63 келіде) белдесті. Бапкерлер мен федерация басшыларының айтуымен 63 келіде күрескен Алмат чемпион атануы керек еді. Сол үшін де оны 63 келіге күресуге мәжбүрледі десек болады. Өйткені 63 келі олимпиадалық салмақ емес және бәсеке де аса жоғары емес болатын. Жартылай финалға дейін небір қарулы қарсыластардың мысын басқан отандасымыз ақтық айқас үшін белдесуде жеңіліс тапты. Алмат Рио Олимпиадасында есе жіберген жапониялық Шинобу Отаның осал тұсын таба алмай, екінші рет жеңіліп отыр. Дегенмен қола жүлде үшін белдесуде Алматтың әлі де бір қағары бар екенін байқадық.

Қырғыз балуаны Тынар Шаршенбековті айқын басымдылықпен ұтып, төртінші мәрте әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Кебіспаев бұған дейін  2010 жылы Мәскеуде қола, 2011 жылы Түркияда күміс, 2015 жылы АҚШ-та қола жүлде алған болатын. Алмат жарыстан кейін 63 келі салмақ қуу қиындық тудырғанын, сондай-ақ 67 келіге қайта көтеріліп, Токио ойындарына жолдама үшін күресетінін айтты. Ал 67 келідегі Мейіржан Шермаханбет алғашқы белдесуінде-ақ америкалық балуанға есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Бұл салмақтан Қазақстан құрамасы Токио ойындарына жолдама ала алмады. Алтын жүлдеге үміткерлердің бірі Мейрамбек Айнағұлов та жартылай финалда былтырғы әлем чемпионы Сергей Емелинге есе жіберіп, алтыннан қағылды. 60 келі салмақта белдескен отандасымыз 2020 жылы өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алып, грек-рим күресінен құрама қоржынына алғашқы лицензияны салды. Мейрамбек кіші финалда украиналық Ленур Темировты айқын басымдықпен ұтып,  екінші рет әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Ол 2017 жылы Парижде өткен әлем біріншілігінде күміс жүлдеге қол жеткізген еді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы дүбірлі додада басты сенсация жасаған Асхат Ділмұхамедов болды. 77 келіде белдескен отандасымыз екінші кезеңде екі дүркін Олимпиада чемпионы және бірнеше дүркін әлем чемпионы, осы салмақтың басты фавориті, ресейлік Роман Власовтың жауырынын жер иіскетті. Сондай-ақ ширек финалда 2018 жылғы әлем чемпионы Виктор Немешті де ұтты. Өкінішке қарай, жартылай финалда венгр балуаны Томаш Ларинцке есе жіберді. Өз жерімізде өтіп жатқан байрақты бәсекеде төрешілердің де біздің балуандарға бүйрегі бұрмады. Асхат Олимпиада ойындарына жолдама алғанымен қола жүлде үшін белдесуде өзбек балуаны Жалғасбай Бердімұратовтан жеңіліп қалды. Асхаттың небір мықты балуандарды ұтып, жүледеге іліне алмағаны көңілімізге қаяу салды. Қалған балуандарымыз алғашқы және екінші айналымнан аса алмай, артқан сеніммен үмітті ақтай алмады.

Демеу Жадыраев 72 келіде неміс балуанына ұтылды, 82  келіде Мақсат Ережепов күрес барысында ауыр жарақат алып, белдесуді жалғастыра алмады. Азамат Құстыбаев 87 келіде ширек финалда сүрінсе, 97 келідегі Ерулан Искаков та ұзаққа бармады. Ал аса ауыр салмақтағы Мансур Шадукаев екінші белдесуінде қырғыз спортшысына ұтылды. Осылайша балуандарымыз елімізде өткен әлем чемпионатында да алтын жүлде ала алмады. Дәл осы дүбірлі додада чемпион атанбаған спортшылар енді қашан чемпион атанары белгісіз…

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз