Стив Джобс. Бұл есімді естімеген адам кемде-кем шығар. Дүниежүзіне өнімі кең тараған, көп сатылатын Apple корпорациясының негізін қалаушы. Қарапайым
отбасынан шығып, бизнес əлемінде өзін мойындатып, əлемге танылған тұлға. Ешқандай жоғары оқу орнын бітірмесе де, əлемдік компания құра білген адам. Ол мұндай жетістікке қалай жетті? Ол қандай бала болған? Біз бүгін Стив Джобстың балалық шағы мен мектептегі өмірі жайлы сыр шертеміз. Осы материалды оқып отырған бала ертеңгі Стив Джобс болмасына кім кепіл?!. Ендеше, жақсыға қарап
бой түзейік, қазақ баласы!

Стив – мұғалімдерін қақсатқан бұзық бала

Стив Джобс 1955 жылы 24 ақпанда АҚШ-тағы Сан-Франциско қаласында дүниеге
келген. Стивтің биологиялық əкесі Абдулфатта Джандали, ал анасы – Джоан Шибле. Туған əке-шешесі университетте оқып жүріп көңіл жарастырған еді. Алайда шаңырақ көтерулеріне қыздың əкесі Артур Шибле қарсы болған. Əкесінің қаһарынан қорыққан қыз туған баласын басқа біреуге асырап алуға береді. Сəби Стивті Пол Джобс пен Клара Агопян деген ерлі-зайыптылар асырап алады. Бір қызығы, олар кішкентай кезінен асырап алғандарын баладан жасырмайды. Əрине, өзінің асыранды бала екені Стивтің жан дүниесіне ауыр тиген. Сонда да асыранды екеніне көндігіп өскен. Ата-анасы туған баласындай жақсы көретінін, өздеріне Стивтен артық бала жоқ екенін жиі айтқан. Мектепке бармай тұрып анасы Клара əріп үйреткен. Стив мектепке барғанда оқи алатын. Дегенмен бұл артықшылығы кішкентай Стивке зиянын тигізген. Өзімен қатарлас оқушылар əріптерді енді үйреніп ежіктеп оқып отырғанда, Стивтің іші пысып, зерігіп кететін. Балалық сотқарлығы да бар еді. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде Рик Феррентино деген досымен талай нəрсені бүлдірген. Оған бір мысал – мектептің алдына «ертең барлығы мектепке бір-бір үй жануарын əкелсін» деген хабарлама іліп қояды. Бұған сенген оқушылар ертеңінде шынымен де үйлеріндегі жануарларын алып келеді. Нəтижесінде иттер мысықтарды қуып, мектеп іші быт-шыт болып, мұғалімдер ашудан жарыла жаздайды. Ол ол ма, тағы бірде мұғалімнің орындығының астына бомба қойып қояды да, сынып жетекшісінің төбе шашын тік тұрғызады. Оқушы Стивтің сотқарлығын көріп мектеп əкімшілігі оны талай мəрте оқудан шығарып жіберуге тырысқан. Бұл əңгіме ата-анасының да құлағына жеткен. Алайда… Əкесі Пол Джобс баласының дарынды, қабілетті екенін айтып бой бермеген. Түк кінəсі жоқ екенін алға тартып, керісінше, мұғалімдерді баланың оқуға ынтасын аша білмегеніне кінəлаған. Анасы Клара да баласын дарынды деп есептеген. Ата-анасының баласы жайлы көзқарасы бір жерден шыққан. Джобс бала кезін еске алғанда өзінің сотқарлығы үшін
əкесінен бір рет болсын шапалақ жемегенін айтады. Джобстың мектептегі алғашқы үш жылы осылай бұзықтық жасап, мұғалімдерді қақсатумен өткен.

Стив – мұғалімдер қабілетті деп мойындаған бала

Төртінші сыныпқа көшкенде мұғалімдер өзара ақылдаса келе, екі бұзықты (досы Рок екеуін) екі сыныпқа бөлуді ұйғарады. Дəл сол жылы Джобстың сынып жетекшісі ауысып, орнына жаңадан Тедди (Имоджен Хилл) есімді жаңа мұғалім келеді. Тедди сымбатты, жас еді. Сыныбында айтқанға көнбейтін бұзық бала бар екені оның да құлағына жетеді. Бастапқы уақытта аты жер жарған бұзық баланың мінез-құлқын, қабілетін бірнеше апта бойы бақылайды. Нəтижесінде Стив атты оқушының табиғатынан біреуге мойынсұнып бағынбайтынын, сондықтан мұғалімдердің айтқанын орындамайтынын аңғарады. Енді не істеу керек? Баланы қалай тəртіпке салу жағын ойланып, тілін табудың амалын табады. Стивті айтқанға көндіріп, үй тапсырмасын орындату үшін онымен «келісім жасасу керек» деп шешеді. Бір күні мұғалімі Стивтің жанына келеді де, математикадан үй тапсырмалары жазылған парақты ұстатып, басынан аяғына дейін орындап келуді тапсырады. Дегенмен, ешкімге бағынбайтын Стив оның сөзін онша елемейді.

Сол кезде жас мұғалім егер орындап келген жағдайда оған үлкен балмұздақ беретінін жəне қосымша бес доллар ұстататынын айтады. Бұл ұсыныс Стивке бірден жағады. Арада екі күн өткенде Джобс бүкіл тапсырманы орындап келеді (Стив Джобс бала кезінен есеп-қисапқа қабілетті болған). Осы əдіспен оған үй тапсырмасын орындатумен бірнеше ай өтеді. Осы уақыт аралығында сабақ оқуға ынтасы ашылып, Тедди мұғалімін жақсы көріп кетеді. Сүйікті мұғалімін қуанту үшін үй тапсырмасын өздігінен-ақ орындайтын болады. Енді Джобсқа ақшаның немесе басқа нəрсенің керегі болмай қалады. Тедди ұстаз да басқа оқушыларға қарағанда, Стивке көп көңіл аударатын. Теддидің арқасында Стив қабілетті екеніне сенеді. Арада ұзақ жыл өткен соң бала кезіндегі сол мұғалімін ыстық ықыласпен еске алған бизнесмен Джобс: «Мен одан басқа мұғалімдерге қарағанда көп нəрсе үйрендім. Егер ол болмағанда түптің-түбінде түрмеге түсер ме едім», – дейді. Төртінші сыныптың аяғында оқушылардың бəрі емтихан тапсырады. Стив сол емтиханда оныншы сыныптың оқушысы көрсететін нəтижені орындап шығады. Емтихан нəтижесіне қарап, мектептегі бүкіл мұғалім
қайран қалып, оның дарынды екенін бірауыздан мойындайды. Мектеп ұжымы Стивті төртінші сыныптан бірден жетінші сыныпқа көшіруді ұйғарады. Осылай баланың оқуға ынтасын жоғалтпаймыз деп сенеді. Алайда ата-анасы баласының қамын ойлап тек бір сынып қана ілгерілегенін жөн көреді, яғни ьалтыншы сыныпқа ауысады.

Жасөспірім Стив – электроникаға қызығу

Жоғары сыныпта Стив үздік үлгерімімен көзге түспеген, нашар болып елдің артында да қалмаған. Жоғары сыныптың оқушылары (мектепке пышақ əкеліп дегендей) неше түрлі тəртіпсіздік жасап түрмеге түсіп жататын. Стив бұзықтық жасап, елді шулатпаған. Сондықтан да жиі мектеп ауыстырған. Тоғызыншы сыныпта тыныш аудандағы Хоумстед мектебіне ауысып, сол мектептен достар тапқан. Оқушы Стив гуманитарлық ғылымдарға қарағанда жаратылыстануға бейім еді. Оны математика мен электроника қызықтыратын. Достарымен бірге электроникаға қатысты əртүрлі нəрсе жасап көрген. Одан бөлек əкесі сабақтан тыс уақытта жанына ұлын ертіп алып, инженерлік білімін бөлісетін (Əкесі Пол Джобс механик болған). Ұлының бойындағы қызығушылығын байқап, оны Hewlett Packard (HP компаниясы) зерттеу тобының үйірмесіне ертіп апарған. Үйірмеде əр сейсенбі күні кешке кафеге жиналып, бір компанияның инженерін шақырып, дəрісін тыңдайтын. Стив іші пыспай, дəрісті бар ынтасымен тыңдайтын. Бір күні үйірме қатысушыларына ғылыми жоба жасап келу тапсырылады. Стив цифрлық жиілік өлшегіш (частометр) жасайын деп, қажетті құрал-жабдықтар іздестіре бастайды. Қажетті детальдардың HP (Hewlett Packard) компаниясында жасалатынын білген соң, бірден сол компанияның президенті Бил Хьюлетке телефон соғады (Президенттің нөмірін анықтамалық кітапшадан тауып алған). Баланың бойында бір компанияның президентіне қоңырау шалып тұрмын-ау деген қобалжу, қорқыныш болмаған. Президент баламен 20 минуттай сөйлесіп, оған қажетті детальдарды жіберетінін айтып, жұмысқа шақырады. Солай мектепте оқып жүргенде небəрі 12 жастағы Джобс электроника жасайтын HP компаниясына аяқ астынан жұмысқа орналасып кеткен. Стив əлі бала болғандықтан оған ұсақ-түйек жұмыстарды тапсырған.

Дегенмен, ол жұмысын жақсы көрген. Сондай-ақ компаниядағы инженерлермен əңгімелесу Стив үшін қызық болған. Ал жазғы демалыста Haltek электроника дүкенінде жұмыс істеген. Онда электроника өнімдерімен танысқан. Ол дүкен электрониканы сүйетіндер үшін нағыз жаннат мекені деп есептеген. Солай Стив 15 жасында жеке автокөлікке қол жеткізген. Иə, əкесінің көмегінсіз алған. Аса қымбат емес, арзандау болса да, Стив оны өз еңбегімен алғаны үшін дəн риза болады.

Стив Джобстың Стив Вознякпен достасуы

Стив Хоумстед мектебінде соңғы жылы сабаққа ден қойып оқиды. Соның арқасында жаратылыстану ғылымдарын ғана емес, гуманитарлық бағыттағы пəндерді де меңгере алатынына көз жеткізген. Əртүрлі поэма мен хикая оқиды. Сонымен қатар, түрлі үйірмеге қатысқан. Соның бірі – Джон Макколлумның электроника курсы. Ол мұғалім кезінде əскери адам болғандықтан, сыныпта əскери тəртіп орнатқысы келеді. Алайда Стив оған бағынбайды. Сол себепті мұғалімімен тіл табыса алмайды. Бірақ осы курста ол өзінен жасы үлкен, электроника десе ішкен асын жерге қоятын достар табады. Досы оны Вознякпен таныстырады (Apple компаниясын Стив Джобс өзімен аттас осы досы Стив Вознякпен бірге құрған). Екеуі бірден тіл табысып кетеді. Джобстың электроникаға деген қызығушылығы Вознякты қайран қалдырады. Ал Стив Джобсты Возняктың инженерлік қабілеті таңғалдырады (Стив Возняк Стив Джобстан бес жас үлкен əрі оның əкесі жоғары оқу орнында инженер факультетін бітірген еді). Екеуі бір-бірін толықтырып, қызығушылығы бір жерден шығады. Солай екі Стив айырылмас дос болып кетеді.

Алғашқы стартап

1971 жылы қыркүйек айының жексенбісінде Возняк таңғы ас ішіп отырып Esquire
журналындағы бір мақалаға көзі түседі. Ол Рон Розенбаумның «Көк қораптың құпиясы» атты мақаласы еді. Мақалада хакерлер мен телефон алаяқтарының халықаралық жəне қалалық байланыс желілерін «көк қорап» арқылы алдап, қалай тегін қоңырау шалғаны бастан-аяқ баяндалған. Мақаланы оқып болмай жатып Возняк бірден Стивке қоңырау шалып, материалдан үзінді оқып береді. Бұл оқиға екеуіне де ерекше əсер қалдырып, байқап көруге талпыныс жасайды. Мақалада алаяқтардың керек деректерді қай кітаптан алғаны да қамтылған. Бұлар сол кітапты кітапханадан іздемек болады. Алайда жексенбі күні кітапхана жабық. Дүйсенбіге дейін күте алмаған олар кітапхананың үнемі ашық тұратын жасырын есігі арқылы ұрланып кіріп, керек құжатты іздеп табады. Құжатта телефонды (телефон операторларын) алдау үшін қолданылатын əуеннің жиілігі мен аты толыққанды жазылған болатын. Одан əрі керек құрал-жабдықтарды кешке дүкен жабылмай тұрып сатып алып үлгереді. Екеуі бірігіп түн ортасына дейін отырып жасайды. Міне, енді жасап біттік дегенде бір деталі кем болып, дұрыс істемей қалады. Ерте жалғастырайық десе, Вознякқа университетке бару керек (Джобс мектептің соңғы сыныптарында оқып жүргенде, Возняк университетке енді түскен 1-курс студенті еді). Джобс Вознякпен келіседі. Возняк үйге қайтқанда міндетті түрде бұл құрылғыны аяқтап жасап келу қажет. Ақыры бір күні үйіне оралғанда Возняк құрылғыны аяқтап, Стив екеуі өнертабысты сынақтан өткізіп көреді. Құрылғы шынымен де жұмыс істейді! Өз көздеріне өздері сене алмаған олар өзге қалада тұратын туған-туыстарына қоңырау шалады. Тіпті Рим папасына да. Өздерін Генри Киссинджер деп таныстырып, папамен сөйлеспек болады. Ватикандағы өкіл оларда таңғы 6:30 екенін, сондықтан Рим папасының ұйықтап жатқанын айтады. Кейін осы жағдайды күліп еске алып, ақыры папамен сөйлесудің реті келмегенін айтады. Құрылғыларының шынымен жұмыс істейтініне көздері жеткен соң, Стив оны сатуға əрекет жасайды. Қалай жарнамалап, тұтынушыға қандай бағада ұсыну жағын ойластырады. Осылайша олар «көк қораптың» жарнамасын жатақхана студенттеріне жасайды.

Одан əрі алады-ау дегендердің бəріне таныстырған. Бір қорапты 150 доллардан есептеп, жүзге жуығын сатқан. Кəсіптері табысты жүріп жатқан еді. Бұдан да көп сату үшін Стив алғашында тек студенттер мен көрші-қолаңға ғана жарнамаласа, кейін көшедегі, кафедегі адамдардың бəріне жарнамалайды. Бір күні Возняк екеуі кафеде пицца жеп отырғанда, Стив көрші үстелде отырған жігіттердің жанына барып құрылғы туралы айтады. Олар қызығып сатып алмақ болады алайда, ақшаларының машинада қалғанын айтып, бірге жүруге ұсыныс жасайды. Джобс олардың соңдарынан ереді. Көлікке барғанда əлгі адам пистолет алып шығып, құрылғыны беруін бұйырады. Өмірінде бірінші рет суық қаруды көріп тұрғандықтан Джобс сасып қалады. Дегенмен, қолын қағып қашып кетейік пе деген де ой келеді. Бірақ олар атып үлгереді ғой деп ойлайды да қолына ұстата салады. Осыдан кейін олар кəсіптерін тоқтатуға шешім қабылдайды. Дегенмен, бұл кезде олар өздеріне жеткілікті қаражат жинап алған еді. Бұл олардың ең алғашқы бірігіп іске асырған «шағын бизнесі». Екеуінің басы қосылса, бірдеңе ойлап табатындарына сенеді. Ол кезде Стив 16-17 жаста болатын. Мектептегі соңғы жылы. Сөйтіп, мектеп бітірген соң Стэнфорд университетінің Рид колледжіне оқуға түседі.

Достар, міне, əлемге əйгілі Стив Джобстың балалық шағы осындай болған. Ал
сендер қазір немен айналысып жүрсіңдер? Бір сəт өздеріңе есеп беріп көріңдерші…

Қания ТАБЫС,
СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №40
24 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз