Елімізде тұңғыш рет өткізілген күрес түрлерінен әлем чемпионатында алдымен грек-рим шеберлерінің көрсеткен өнерін қорытындылауды жөн көрдік.

Көптен күткен әлем чемпионатында бірінші 55, 63,72, 82 келі салмақтағылар бақ сынады. Бір қызығы, бұл салмақтар Олимпиада бағдарламасына енбеген. Дегенмен, балуандар әлем чемпионы деген атақ үшін таласты. Осы төрт салмақтың біреуінде ғана қазақ балуаны финалға шықты. Ең жеңіл салмақтағы Қорлан Жақанша финалға дейін жолына тұрғандардың бәрін жеңді. Алдымен, алжирлік А.Фергатты, одан кейін АҚШ мықтысы М.Фергаттың осал тұсын тапты. Жартылай финалда әзірбайжандық әлем чемпионы Эльдениз Азизлиді ұтты.

Ал финалда оны Грузияның жас таланты, 23 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы Нугзари Цурцумия күтіп тұрған болатын. Күллі қазақ халқы Қорлан ұзақ уақытқа созылған серияны бұзып, жанкүйерлердің арманын орындайды деп күткен еді. Өйткені, күрес түрлерінен әлем чемпионы шықпағанына 20 жылдан асқан.

 

Өкінішті! Алаш жұрты сағына күткен алтын медаль тағы да сусып кетті. Парижде де бұйырмай кетіп еді. Қап тауынан келген оғлан біздің Қорланды алып ұрды. Осылайша Қорлан Жақанша әлем чемпионатының күміс жүлдегері деген атаққа қол жеткізді. Жерлесіміз финалда асығыс танытқан айтты.

«Шыны керек, финалда тым асығып кеттім. Тезірек алтын алсам, тезірек тұғыр биігінде тұрсам деген ой ғана болды. Осының салдарынан қарсыластың құрсауына тез түсіп қалдым. Өйткені, финалға шыққан спортшының жалғыз арманы – алтын алу. Сол себепті, өз қателігімнен жеңілдім. Жалпы, турнир мен үшін оңай болған жоқ. Қарсыластарымның бәрі қарымды. Әсіресе, былтырғы әлем чемпионы, әзірбайжандық Азизлиді жеңгенім үлкен рух берді. Тіпті әлем чемпионатының финалына шыққаныма сене алмадым. Өз-өзіме келе алмай, сенбей ұзақ жүрдім. Мүмкін, осының бәрі маған қосымша жүк болған шығар. Егер бапкерлерімнің нұсқауымен күрескенімде, бәрі басқаша болушы ма еді?! Олар асықпауды, төрт тағаннан ұпай алып бастауды тапсырған еді. Асығыстығымнан ұтылдым», – дейді Қорлан Жақанша финалдан кейін.

Жалпы, осы әлем чемпионатында «классиктерден» алтынды бір алса, Алмат Кебіспаев алатын шығар деп ойлағандар көп болған. Өйткені, оның салмағы да Олимпиада бағдарламасына енбеген. Кейбір мықтылар өзге салмаққа ауысып кетті. Оның үстіне, Алматтың да тәжірибесі толысты. Ұлттық құрамада жүргеніне – 10 жыл. Жанкүйерлерінің алдында ел мерейін асырады деп үміттендік. Бірақ Алмат қоланы қанағат тұтты.

Алмат әлем чемпионатында 63 келіде өнер көрсетті. Нұр-Сұлтанда үндістандық Сагардан, қытай балуаны Туо Эрбатудан, түркиялық Рахман Билиджиден басым түсті. Жартылай финалда 2018 жылғы Азия ойындарының чемпионы жапониялық Синобу Отаға шамасы жетпеді (1:10). Кебіспаев бұл балуаннан Рио олимпиадасында да ұтылған еді. Дегенмен, кіші финалда отандасымыз қырғыз Тынар Шаршенбековтен 9:0 есебімен басым түсті.

Сөйтіп, Алмат әлем чемпионаттарындағы төртінші жүлдесін иеленді. Бұған дейін 2011 жылы Стамбулдағы әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанса, 2010, 2015 және 2019 жылғы әлем чемпионаттарында қола жүлдеге ие болды.

«Әлем чемпионатындағы кезекті медальмен барша жанкүйерді құттықтаймын. Белдесуде бар күшімді салдым. Өз жерімізде өтіп жатқан, жанкүйерлеріміздің қолдауын сезінген әлемдік сында медаль алмау әбестік болар еді. Қиқу қосып, дем берген барша жанкүйерге алғыс айтамын.  63 келі салмақ дәрежесі Олимпиада бағдарламасына енбеген. Ағаларымның өтініші бойынша салмақ қуып, 63 келіде белдескен болатынмын. Алты келідей салмақ қуу оңай болған жоқ. Дегенмен, олимпиадалық салмаққа оралып, жолдамаға таласатыным сөзсіз.  Кешегі жартылай финалға келер болсақ, жапон балуаны мықтылығын дәлелдеді. Дегенмен, қоржынға жүлде салғаныма қуаныштымын»,дейді Алмат Кебіспаев. 

Грек-рим күресінен осы чемпионаттағы тағы бір қола жүлдені Ақтөбе облысының тумасы, 60 келідегі Мейрамбек Айнағұлов сыйлады. Жерлесіміз  жартылай финалға дейін Латвия, Хорватия балуандарын жолынан ығыстырды. Тек жартылай финалда 2018 жылғы әлем чемпионы ресейлік Сергей Емелинге 0:8 есе жіберді. Сосын қола жүлде үшін тартыста украиналық Ленур Темировті алып ұрды. Айтпақшы, грек-рим күресінен чемпионат бойы ең әдемі әдіс істеген де осы Мейрамбек. Ол ширек финалда Хорват балуанын 5 балға тастады.

Мейрамбек грек-рим күресінен алғаш болып 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама алды.

Әлем чемпионатының үшінші күнінде жанкүйерлерді желпінткен 77 келідегі Асхат Ділмұхамедов. Алматы облысының балуаны үшінші айналымда 2 дүркін Олимиада, 2 дүркін әлем, 4 дүркін Еуропа чемпионы ресейлік Роман Власовпен кездеседі дегенде көпшілік үмітін үзе бастаған-ды. Бірақ бозкілемде қағаз жүзіндегі фавориттің бәрі жеңе бермейтінін Асхат дәлелдей алды. Тактикалық тұрғыда сауатты белдескен Ділмұхамедов қарсыласын 3:0 есебімен ұтып кетті. Власовтың өкініштен өзегі өртенді. Ал залға жиналған жанкүйерлердің қуанышында шек болмады. Сосын ширек финалда 2017 жылғы әлем чемпионы сербиялық Виктор Немешпен белдесті. Власовтың осал тұсын тапқан соң отандасымыз қайратына мініп, сербиялық балуанды да жарыс жолынан ығыстырды.

Өкінішке қарай, екі мықтыны жеңгенімен, жартылай финалда венгриялық  Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері Тамаш Лоринцке есе жіберді. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Алайда, соңғы ұпайды иеленген венгриялық спортшы финалға жолдама алды. Кейіннен Лоринц осы салмақта әлем чемпионы атанды.

Екі бірдей әлем чемпионының жауырын жер иіскеткен Ділмұхамедов тіпті, жүлдесіз қалады деп кім ойлаған. Қола жүлде үшін жарыста өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовтан ұтылып, әлем чемпионатын бесінші орынмен аяқтады. Әйтеуір, ең бастысы, Олимпиада ойындарының жолдамасын иеленді.

Ал өзге салмақтағы балуандардың барлығы да жүлдесіз қалды. Атап айтсақ, Мейіржан Шермаханбет (67 келі), Демеу Жадыраев (72 келі), Мақсат Ережепов (82 келі), Азамат Құстыбаев (87 келі), Ерұлан Ысқақов (97 келі), Мансұр Шадукаев (130 келі).

Грек-рим күресінен Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

55 келі
1. Нугзар Цурцумия (Грузия)
2.Қорлан Жақанша
(Қазақстан)
3. Шота Огава (Жапония)
3. Эльданиз Азизли
(Əзербайжан)
60 келі
1. Кенихиро Фумита
(Жапония)
2. Сергей Емелин (Ресей)
3. Мейрамбек Айнағұлов
(Қазақстан), Əли-Риза
Неджати (Иран)
63 келі
1. Шинобу Ота (Жапония)
2. Степан Марянян (Ресей)
3. Алмат Кебісбаев
(Қазақстан), Славик Галстян
(Армения)
67 келі.
1. Исмаэль Борреро (Куба)
2. Артем Сурков (Ресей)
3. Фрэнк Штеблер (Германия),
Мате Немеш (Сербия)
72 келі
1. Абуязид Манцигов (Ресей)
2. Арам Варданян (Өзбекстан)
3. Балинт Корпачи (Венгрия),
Айк Мнацаканян (Болгария)
77 келі
1. Тамаш Лоринц (Венгрия)
2. Алекс Кессидис (Швеция)
3. Жалғасбай Бердімұратов
(Өзбекстан), Мохаммадали
Гераеи (Иран)
82 келі
1. Лаша Гобадзе (Грузия)
2. Рафик Гусейнов
(Əзербайжан)
3. Саид Абдвали (Иран),
Хайтао Киан (Қытай)
87 келі
1. Жан Беленюк (Украина)
2. Виктор Лоринц (Венгрия)
3. Рустам Ассакалов
(Өзбекстан), 3. Денис Кудла
(Германия)
97 келі
1. Муса Евлоев (Ресей)
2. Артур Алексанян (Армения)
3. Ченк Илдем (Түркия)
3. Михаил Каджая (Сербия)
130 келі
1. Риза Каялп (Түркия)
2. Оскар Пино (Куба)
3. Якоби Каджая (Грузия),
Хейки Наби (Эстония).

Осылайша, грек-рим күресінен қазақ балуандары әлем чемпионатын алтынсыз аяқтады. 20 жыл күткен алтын медаль арманымыз тағы екі жылға шегерілді.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №40
24 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз