Жыл сайын күз мезгілінде Алматы қала күнін атап өтеді. Биыл да осы мерекеге орай түрлі шара ұйымдастырылды. Соның бірі – АLMATY FILM FESTIVAL. Фестивальдің ашылуы Mercure city center қонақүйінде өтті. Шараға отандық режиссер Ақан Сатаев, «Тайна печати дракона. Путешествие в Китай» фильмінің продюсері Алексей Петрухин, ресейлік театр жəне кино əртісі Анна Чурина, «Тайна печати дракона. Путешествие в Китай» фильмінің режиссері Олег Степченко қатысты. Ең қызығы, Арнольд Шварценеггер, Джеки Чан, Джейсон Флеминг, Чарльз Дэнс жəне Рутгер Хауэрдің қатысуымен түсірілген көптен күткен «Тайна печати дракона. Путешествие в Китай» фильмінің ALMATY FILM FESTIVAL-2019 II Халықаралық кинофестивалінің шымылдығын ашуы болды. Бұл ауқымды фантастикалық туындыны біздің отандасымыз Олег Степченко түсірген. Фильм – саяхатшы жəне картограф Джонатан Гриннің шытырман оқиғалары туралы көркемдік франчайзингтің екінші бөлімі. Киноға Ресей, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания актерлері түскен. Жобаның басты мақсаты – екі ұлы мемлекеттің, Ресей мен Қытайдың мəдениеті мен тарихын көрсету. Фильмнің Қазақстандағы ресми дистрибьюторы –Meloman Entertainment серіктестігі. Осындай əлемдік деңгейдегі тарихи, танымдық фильмдер фестиваль аясында Алматы қаласының кинотеатрларынан көрсетіледі.

Фестивальдің бас продюсері Ернар Курмашев: «Біз екінші ALMATY FILM
FESTIVAL ашылуында көпшілікке осындай керемет туынды ұсынғанымызға
қуаныштымыз. Бұл фильм екі ел арасындағы бірлескен өндірістің нəтижесі. Аlmaty film festival-дің басты мақсаты да сол – бірлескен өндірісті дамытуға қолдау көрсету. Біз Қазақстанда осы бағытта алғаш рет қадам жасап
жатқанымызбен, барлығы сəтті орындалды деген ойдамын»,
– деді алғы сөзде.

Ал Meloman Entertainment серіктестігінің бас директоры Вадим Голенко: «Мұндай
ауқымды туындыны жай ғана шығара салуға болмайтынын түсіндік. Сондықтан кинофестиваль басшылығына «Тайна печати дракона» фильмін фестивальдің ашылуында көрсету туралы ұсыныс білдірдік. Бастамамызды фестивальдің бағдарлама жетекшісі Елена Ларионова, ALMATY FILM FESTIVAL президенті Ақан Сатаев жəне бас продюсер Ернар Курмашев қолдағанына қуаныштымыз. Сондай-ақ, осы көрсетілімге байланысты барлық ұйымдастыру жұмысын тез арада аяқтау үшін «Біздің Кино» жəне «РФГ» студияларымен келіссөздер жүргіздік»,
– деп атап өтті.

Айта кетейік, ALMATY FILM FESTIVAL халықаралық кинофестивалі алғаш рет 2018 жылы Астана киностудиясы Алматы қаласы əкімдігінің бастамасымен Қала күні аясында ұйымдастырылған. Фестивальдің биылғы ұраны – мəдениеттерді жақындастыру, ал мақсаты – Қазақстанның киноиндустриясын дамыту, көпшіліктің кино өнеріне қызығушылығын арттыру жəне халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Фестиваль еліміздің мəдени астанасын Орталық Азия аймағының дамыған туристік орталығы ретінде таныстыруға бағытталған. Фестивальдің ұйымдастырушылары мен қатысушылары халықаралық кино қауымдастығын Қазақстандағы киноөндірістің артықшылықтары мен жаңа мүмкіндіктерімен таныстырады.

Бір аптаның ішінде қаладағы үш негізгі алаңда 80 көрсетілім мен шара өтеді. Киносүйер қауымды керемет фестивальге қатысуға шақырамыз.

Гүлнар БУРИБАЕВА,
Абылай хан атындағы Қазақ
Халықаралық қатынастар
жəне əлем тілдері
университетінің студенті.

Ұлан» газеті, №39
24 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз