Сұлулыққа құштарлық – адамның табиғи қасиеті. Əсіресе, қыздардың əдемі көрінуге деген ынта-жігері ерекше болады. Бүгінде əлеуметтік желілерге кіре қалсаңыз болды, əртүрлі образ жасайтын, өз-өзіне кəсіби мамандай бояуды сауатты жаға білетін қыздардан көз сүрінеді. Макияждың күндізгі, кешкі, мерекелік түрлерін күнделікті өмірде жиі байқаймыз. Ал креатив макияж туралы
естулеріңіз бар ма?

Макияждың бұл түрі күнделікті өмірге арналмаған. Оны жарқын, ерекше, экстравагантты деген сөздермен сипаттауға болады. Қазіргі таңда креатив болу – сəнді болу, даралық пен эксклюзив дегенді білдіреді. Креативтерді оңай анықтауға болады, өйткені креатив – ең алдымен шығармашылықтың көрінісі. Макияждың бұл заманауи техникасы – сыртқы кемшіліктерді жасыруға жəне адамның табиғи əдемілігін ерекшелеуге ғана емес, шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік беретін өнер. Креативті макияждың арқасында əдемі ханшайымдардың, зұлым сиқыршылардың, сүйкімді жан-жануарлардың, бір сөзбен айтқанда, өзіңіз елестете алатын барлық ертегі, кино кейіпкерлерінің образын жасауға болады.

Бүгінгі кейіпкеріміз Ася Жүсіп – сондай креатив макияжбен айналысатын, ерекше образдар жасайтын бет əрлеуші маман, бьюти-блогер. Ася – Алматы қаласының тумасы, 15 жасынан шетелдерге шығып, Ұлыбританияда қаржы жəне бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша оқыған. Креатив макияжбен айналысып жүргеніне биыл екі жыл болыпты.

«Британиядан оралған соң 2 жылдай оқыған мамандығым бойынша жұмыс істедім. Алайда жүрек түкпірімде шығармашылыққа жақын адам екенімді сезетінмін.

Қыз болған соң сұлулыққа ұмтыламыз ғой. Өзімнің əдемілік əлемім болғанын
қаладым. Содан кейін Инстаграмдағы парақшамды белсенді жүргізуді қолға
алдым, аудиториямды қалыптастырғым келді. Блогымды қалай көргім келді?
Бастапқыда бұл ешқандай концепциясыз, əдемі фотосуреттерге негізделген контент еді. Ютубта шетелдік бьюти-блогерлердің жұмыстарын жиі қарап,
олардың жұмыстарын қайталай бастадым. Боянуды тек өзім үшін үйренгім келді,
осы мамандық бойынша жұмыс істеймін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті.
Қызығушылығымды жетілдіру үшін кəсіби макияж курстарына бардым. Мен ең дарынды жəне креатив шеберге тап болдым. Курстан кейін бірден визажистерді телешоудағы кастингке шақырды. Үш үміткердің ішінен мені қалдырды. Сол сəттегі қуанышымды сөзбен жеткізу өте қиын. Өзімді мақтан тұттым, жұмысымды одан сайын дамытуға үлкен мотивация болды. Бір ай ішінде күн сайын 24 адамға макияж жасадым. Қазіргі ерекше блогымның қалыптасуына сол жұмыс көмектесті деуге болады. Инстаграмдағы оқырмандарым макияж курстарына қабылдау туралы сұрай бастады. Маған адамдармен танысып, оларға білгенімді айту қатты ұнай бастады. Бірақ бұл қызмет өте көп күш-жігерді жəне уақытты талап ететіндіктен, оны жауып, бьюти-блогер ретінде өзімді дамытуға күш жұмсадым. Қазіргі блогым күткендегіден əлдеқайда көп пайда əкеледі: сүйікті іспен айналыса отырып, табыс табу. Бұл əуестікті кездейсоқ таптым деуге болады. Қазір макияж жасау мен үшін жай ғана мəнсіз əуестік емес, сүйікті
ісім, өмірімнің маңызды бөлшегі»,
– дейді Ася.

Əр визажистің макияж жасауда өзіне тəн ерекшелігі болады. Асяның макияждағы
өзіндік техникасы – cut crease, яғни азиялық көздерге ашық көзқарас жасауға мүмкіндік береді. Бұл техника арқылы Ася Disney кейіпкерлерінің көздерін анық қайталай алды. Ол бүгінгі күнге дейін 100-ден аса образ жасаған. Ең сүйікті жұмысы – Гарри Поттер мен Дейенерис Таргариеннің бейнелері. Ал бьюти саладағы кумирі – америкалық визажист Мишель Фан.

«Визажист деген – суретші. Тек ол қағазда емес, адам бетінде жұмыс істейді.
Əрбір креатив макияж – нағыз өнер туындысы. Оқырмандарым Қазақстанда
мен сияқты креатив макияжбен айналысатын блогерлер жоқ екенін жиі айтады. Сондықтан өзімнің техникамды «арнайы құрал» деп санаймын, мен бəріне таныс кейіпкерлер мен жұлдыздардың бейнелерін қайталаймын, сондықтан
жұмыстарым көп адамға қызық. Бастапқыда ең қарапайым сəндік косметиканы қолдандым. Қазір арнайы гримді қолданамын. Креатив макияж жасау үшін
əртүрлі материалдар мен əшекейлер қажет: жылтыр, қауырсын, бинди, жапсырма кірпіктер, стразалар, фольга, мақта тілімдері, тіпті, кеңсе түймелері сияқты экстремал құралдар да болуы мүмкін. Қазіргі уақытта ТМД елдеріндегі ең басты тренд – табиғи макияж. Ал АҚШ-та стразалар, жылтырлар сəнде. Соңғы жылдары Қазақстанның бьюти индустриясы қарқынды дамып жатыр. Қаланың əр бұрышында сұлулық салоны бар, бірақ ең бастысы саны емес, сапасы»,

дейді визажист.

Кейіпкеріміздің айтуынша, макияжбен икемі бар, қиялына ерік бере алатын, креатив ойлай алатын адамдар айналыса алады.

Ақерке ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі
(Суреттерде Асяның өзі)

Ұлан» газеті, №38
17 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз