Алматыдағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Мерей Əбдікəрім, Майра Тасмағамбетова, Айжар Күденова жəне Нұрай Қаблуллина мүмкіндігі шектеулі оқушылардың сабақ оқуына көмектесетін мобильді қосымша жасапты.

Қыздар мектепішілік «Үйден тыс оқу» жобасында ерікті болып жұмыс істейді екен. Ерекше балаларға ұстаздарымен бірге жүріп, жазу-сызуына көмектесіпті. Мобильді қосымшаны да осы себептен құрастырыпты. Бұл туралы Мерей былай дейді:

– Қосымшаны IKID деп атадық. Балалар математика, орыс тілі, грамматика сынды сабақтарға ойын түрінде дайындалады. Кейде жағдайға байланысты сабаққа бара алмай қалады ғой. Сол кезде IKID қосымшасын пайдалануға болады.

Майра: Топтағы төрт қыз қосымшаның əр бөлігін жасады. Қазір екінші нұсқасын дайындап жатырмыз. Сабақты ойын түрінде түсіндіруден бөлек, анимация, аудиодыбыс жазуды қостық. Мысалы, Математика бөлімінде қосу, алу амалдары бөлек тұрады. Орыс тілі бөлімі: тыңдау, оқу жəне айтылу. Ойында мультфильм көріп, сурет құрастырады.

Біздің мақсатымыз – ерекше балалардың қатарынан қалмай, сабақ оқуына мүмкіндік беру. Оларға қолдау көрсетіп, өз бетінше оқуына көмектесу.

Ұлан: Нақты қандай балаларға көмектесесіңдер? Мерей: Есту, сөйлеу қабілеті нашар, өз бетінше мектепке бара алмайтын балаларға арналған. Оқуға ниеті бар кез келген балақайға көмектесуге тырыстық. Қосымшаны өзі немесе ата-анасының көмегі арқылы қолданады. Мысалы, ағылшын тілінде əріпті ұмытып қалды делік. Қосымшаның «Тіл бөлімі» батырмасын басса, əріп, сөз, сөйлем де бар.

Ұлан: IKID секілді мобильді қосымша бар ма екен?

Майра: Идея ойға келгенде «Осындай қосымша басқа елдерде бар ма?» деп іздедік. Əзірге жоқ екен. «Үйден тыс оқу» жобасы аясында 7-14 жас аралығындағы оқушыларды мектеп психологтары оқытатын. Біз де көмектесіп, ұстаздардан қалмайтынбыз. Балалардың тапсырманы, санды, əріпті ұмытып қалатын кездері болатын. Сонда балақайларға көмек керегін түсіндік. Ол қандай болуы керек? Қазір кез келген адамда ұялы телефон бар. Демек, телефон секілді жанында жүретін жеңіл зат болғаны жөн. Біздің жоба осылай дүниеге келді.

Ұлан: Қосымшаны қолданысқа шығаруға көп қаражат қажет пе?

Майра: Жоба жұмысы аяқталып қалды. Жыл соңына дейін жүктейміз. Қаржы жағын есептеген жоқпыз. Мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында Technovation-2019 байқауына қатысып, алғаш рет жобамызды таныстырдық. Қазылар алқасы риза болып, одан əрі дамытуға кеңес берді. Сыйлықтар ұсынды. Байқауда тəжірибеден бөлек, еліміздің əр өңірінен келген мықты оқушыларды көрдік, таныстық. Мақсаты биік құрбыларымызды көріп, ойландық.

Ұлан: IKID-ті пайдаланған балалар бар ма?

Мерей: Жақында «Үйден тыс оқу» жобасында қолданамыз. Балалардың қуанатынына сенімдіміз.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

Ұлан» газеті, №38
17 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз