Жаңа оқу жылы басталғанда оқушы, ата-ана, тіпті мұғалімде де күнделікті оқу режиміне бейімделу процесі болады. Себебі үш ай жазғы демалыстан соң ми да, ағза да басқа тəртіпке көшуі керек. Алайда мамандардың айтуынша, адаптация, яғни бейімделу кезеңі əр тұлғада əртүрлі деңгейде жүреді. Сондықтан кейбір оқушыларға каникулдан кейін сабаққа бірден кірісіп кету қиындық туғызады. Психологтың айтуынша, əсіресе, мектеп табалдырығын енді аттаған оқушылар мен бастауыштан орта мектепке көшкен оқушыларда жаңа жағдайға əлеуметтік психологиялық бейімделу ұзақ уақытқа созылады екен. Баланы жаңа оқу жылына əлеуметтік-психологиялық тұрғыдан қалай дайындау керек? Адаптация жылдам əрі нəтижелі болу үшін оқушы, ата-ана, мектеп психологы мен ұстаздар не істеуі керек? Бұл сұрақтарға мектеп психологы Махаббат Борашқызы жауап берді.

Махаббат Борашқызы: Жаңа оқу жылы басталғанда оқушының сабаққа зейін қоя алмауы оның күн тəртібінің бұзылғанынан болады. Үш ай жазғы демалыста баланың ағзасы да, санасы да, тəртібі де басқа жағдайларға үйреніп қалады. Кез келген іс- əрекет қайталана берсе, үш аптаның ішінде əдетке айналады. Ал үш ай баланың психологиясы үшін ауқымды уақыт. Сондықтан оқу процесіне бейімделу үшін де біраз уақыт керек. Алайда, бəрі уақыттың еншісінде деп қарап отыруға болмайды. Барынша мектеп тəртібіне қайта бейімделу шараларын жүргізу керек.

Ұлан: Мектепке алғаш келген оқушыда адаптация қалай жүреді?

Махаббат Борашқызы: Əрине, мектепке алғаш келген баланың бойында үрей басым болады. Ал жыл сайын мектепке барып үйреніп қалған оқушыларда бұл процесс оңай жүреді. Себебі мектеп тəртібі, сабақ оқу туралы бағдарлама оның миында бұрыннан бар. Тек қайта жаңғырту процесі жүреді. Ал мектеп табалдырығын енді аттаған оқушыларға ата-анасы мен ұстаздарының, мектеп психологының көмегі қажет. Əсіресе ата-анасы сабаққа бармас бұрын оның жақсы екенін, көпшілік ортада өзін-өзі қалай ұстау керек екенін алдын ала түсіндіруі керек.

Қандай баға алғанын емес, күні қалай өткенін сұрау керек

Ұлан: Өтпелі кезеңдегі оқушылармен жұмыс істегенде нені ескеру керек?

Махаббат Борашқызы: Сабаққа бейімделу процесі бастауыш сыныпты аяқтап, орта мектепке келген оқушыларда да қиындық туғызады. Себебі бастауышта тек бір ғана мұғалімнің қамқорлығында болған оқушы басқа ұстаздардың да солай назар аударғанын қалайды. Дəл осы жаста оқушыларда өтпелі кезең басталады. Мұндай жағдайда ата-ана мен мектеп психологы оқушыға ересек өмірге дайындық басталғанын, өз бетінше шешім қабылдап, тапсырма орындап үйренуі керек екенін түсіндіруі керек. Орта мектепте əртүрлі ұстаздың сабақ беру тəсіліне шағымданатын оқушылар саны көбейеді. Орта мектепте оқитын оқушы тек жаңа оқу жылына ғана емес, жаңа оқу жүйесіне де бейімделе бастайды. Осы тұста ата-ана баласынан бастауыштағыдай: «Неше алдың?», «Не жедің?» деп емес, «Бүгінгі күнің қалай өтті?», «Жаңа ұстазың ұнады ма?» деп сұрауы керек.

Ұлан: Жаңа оқу жылына ұстаздар қауымы қалай дайындалу керек?

Махаббат Борашқызы: Мұғалім оқушыға тек білім, тəрбие берумен шектелмей, қажет болғанда қолдау көрсетіп, ақыл-кеңес беру керек. Оқушы оның сабағына зер салып, зейін қою үшін түрлі əдіс-тəсіл, жаңа формат қолданғаны жөн. Ұстазда оқушыны өзіне баурап алу шеберлігі болса, оқушының үлгерімі де, оқуға бейімделуі де жоғары болады.

Ұлан: Мектеп психологы жаңа оқу жылында қандай шаралар жүргізеді?

Махаббат Борашқызы: Мектеп психологының шаралары оқу жылы басталмай тұрып жүргізіледі. Біз алдымен баланың қорқынышын, үрейін басуға тырысамыз. Оқуға алғаш келген балалармен жеке жұмыс жүргіземіз. Себебі бұрын мектепке келіп көрмеген кей балалар басқалардан сабақ, оқу жүйесі, ұстаздар туралы мифтерді естіп алып, соған сеніп қалады. Мектеп психологы ең алдымен баланың қорқынышын анықтап алып, кейін онымен күресудің жолдарын балаға үйрету керек.

Ұлан: Мектеп табалдырығын енді аттаған оқушыларды оқуға қызықтыру үшін қандай əдіс-тəсілдер қолданған жөн?

Махаббат Борашқызы: Бастауыш сыныпта көбінесе сабақ ойын түрінде өтеді. Негізі ақыл-ойы мен денсаулығы қалыпты кез келген оқушы мектеп бағдарламасын толық меңгеруі керек. Алайда, қазір 1-сынып оқушыларының деңгейі əртүрлі болғандықтан, сыныппен жұмыс істеу ұстазға қиындық туғызып отыр.

Кей оқушы негізгі пəндерді жылдам меңгеріп алса, кей оқушының деңгейі жетпей жатады. Сондай-ақ, ата-ананың қадағалауы жетіспейді. Баланың еркелігі мен шектен тыс еркіндігі, сабақтан себепсіз қалу, сабақ үстінде жылау немесе тапсырманы орындағысы келмеу алғаш мектепке келген оқушылардың бойында болады. Мұны ата-ана, ұстаз, мектеп психологы бірігіп шешу керек. Бірінші сыныптан бастап баланы бақылауға алып, қадағалап отырмасақ, кейін оның тəртібі мен түсінігін өзгерту қиынға соғады. Сондықтан дəл осы маңызды кезеңде барынша көңіл бөлу керек.

Ұлан: Оқушының сабақтан тыс уақытын ұйымдастыру кезінде неге мəн беру керек?

Махаббат Борашқызы: Баланың сабақтан тыс уақытын жоспарлаған кезде оның ағзасы мен миына салмақ түсіріп алмау керектігін естен шығармаған жөн. Қазір ата-аналар баласына ұнасын-ұнамасын түрлі үйірмеге апарады. Нəтиже шықпаса, баласын кінəлайды. Тіпті, өзінің бала күнгі орындалмай қалған арманын баласы арқылы жүзеге асырғысы келетін ата-аналар да кездеседі. Сабақтан тыс уақытты ұйымдастыру үшін алдымен баланың неге бейім екенін, икемін анықтап алу керек. Мəжбүрлеп сабақ оқыту, нашар баға үшін балаға ұрсу, оның əңгімесін тыңдамау, қызығушылығымен санаспау балаға психологиялық соққы əкелуі мүмкін. Ата-аналар осыны ескерсе екен дейміз.

Дана МАРАТОВА

Ұлан» газеті, №38
17 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз