Бүгінгі кейіпкеріміз Шынар Батырбекқызы – Алматы облысының Сарқан ауданына қарасты Лепсі ауылының тумасы. Мектеп бітіргеннен кейін Шет тілдер жəне іскерлік карьера университетіне дінтану мамандығына оқуға түседі. Бөлінген 50 гранттың бірін жеңіп алған білімді қыз бүгінде Түркияда оқиды. Ал дəл қазір Дубайда демалыста жүр. Шынар саяхаттағанды қатты жақсы көреді екен. Бізге білім жолындағы белсенділігі мен саяхат барысындағы қызықты əңгімелерін айтып берді.

– Үшінші курста оқып жүрген кезімде университеттегі арнайы бағдарлама бойынша Түркия елінде білім алғым келіп, құжаттарымды жинай бастадым. Түркияның Кастамону қаласындағы Кастамону университетіне дінтану мамандығына оқуға түстім. Екінші жартыжылдықтан бастап өзім армандаған Түркияда оқи бастадым. Ол жаққа барардың алдында университетте үш ай түрік тілі курсын оқып, сертификат алдым. Өйткені бұл сертификат өте маңызды еді. Кастамону университетінде сабақ оңай болды дей алмаймын. Бірақ, маған түсіністікпен қарады. Оқытушылары мықты. Қазақстандағы университетімнің ректорын таниды екен, сəлем жолдады. Үш-төрт айда сабағым бітіп, сессиямды тапсырдым. Шет елге табан тиген соң, қалай қыдырмай, саяхаттамай кетуге болады? Келесі жоспар жұмыс істеп, қыдыру болды. Өзім ел көріп, жер көргенді, қыдырғанды ұнатамын, – дейді Шынар.

Шынар бізге сұқбат беруге қуана келісті. Елді сағынғанын айтты. Оқуға тапсыру барысы туралы да кеңінен əңгімелеп берді.

– Шет тілдер жəне іскерлік карьера университетіне түскен кезде Түркияда бір семестр білім алу мүмкіндігі бар екенін айтты. Сол кезде-ақ қызығушылығым оянып, мақсат қоя бастадым. Бұл мен үшін үлкен мотивация болды. Түркияға тобымыздан жалғыз өзім бардым. Армандап, мақсат қойған соң, мүмкіндіктер ашылды.

Ыңғайы келіп тұрғаннан кейін артқа шегіне алмадым. Əрине, басында біраз қиындық болды. Түрік тілін жетік білмеген соң, сабақты мүлдем түсінбей, біраз қиналдым. Оқытушылар топтағы қыздарға өтініш айтып, маған көмектесуді тапсырды. Мені жатсынбай, бəрі қолдап, көмектерін аямаған соң, үйренісіп кету аса қиынға соқпады. Сөйтіп жүріп топтағы қыздармен де жақсы араласып кеттім. Бастапқыда қаражат жағынан да қиналдым. Кейін ақшаны ұқыпты, үнемді пайдалануды да үйрендім.

– Осыған дейін басқа мемлекеттерде болып көрдіңіз бе?

– Ең алғаш 9-сыныпты бітіргеннен кейін Малайзияға барғанмын. Ол кезде интернатта қыздар арасындағы жарыста бірінші орын алып, 1 айға жолдама ұтып алғанмын. Өте-өте керемет ел екен. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қатты ұнады. Болашақта тағы барамын деп үміттенемін. Содан кейін көрші Қырғызстанда болдым. Білім қуып Түркияны көру бұйырыпты, енді міне, дəл қазір Дубайдамын. Дубайға аз күнге демалысқа келдім.

– Қалай демалып жатырсыз? Дубай қандай екен?

– Адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасында айырмашылық бар дер едім. Барған елдерімде адамдар өте сыпайы. Кез келген жерде көмек сұрай аласың. Ешқайсысы қабақ шытпай, жадырап жауап береді. Қолдан келген көмегін аямайды. Қазақстанда кішкене басқаша сияқты. Əлде өзім көмек сұрауға батпаймын ба, білмеймін. Дубайда тазалық өте жоғары деңгейде екен. Туристерге, қонақтарға қызмет көрсету деңгейі жоғары.

– Түркияның білім беру жүйесі туралы не айтасыз?

– Білім алу үшін студенттерге барлық жағдай жасалған. Тек оқысаң болды. Қазақстандағы сияқты семинар деген болмайды. Бірақ сессия уақытында өліп-тірілесің. Сессияны тек жазбаша өткіземіз. Қатты қадағалайды. Көшіріп басу, сұрау, айналаңа қарау дегенді мүлдем ойламайсың. Тек басыңдағы біліміңе, оқығаныңа сүйенесің. Көп студент келесі жылға қалып қойып жатады. Ол жақта студенттік өмірді қызықты етіп өткізуге болады. Сондай əдемі елдің бірі.

– Дінге көзқарас қалай екен?

– Діни ұстанымдар бəріне ортақ ғой. Дегенмен Түркияда көзқарас орташа деңгейде деген болар едім. Ол елде екінің бірі темекі тартады. Орамал тағып жүрген қыздар да шылым шеге береді. Жылқы етін жемейді. Жұмыстарын, шаруаларын адал істейді. Қыздарын кешкі алтыдан кейін далаға шығармайды.

– Шет елде оқығыскелетін жастарға айтарыңыз?

– Арман мен мақсат болу керек. Ең бастысы – осы.

– Рақмет, Шынар! Демалысыңыз ойдағыдай өтсін.

Сұқбаттасқан
Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №38
17 қыркүйек 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз