Есей Жеңісұлы «Ұлан» газетін басқарып тұрғанда, балалар айналасына шүпірлесе кететін. Есей ағаға қарап бой түзеген балалардың қарасы да көп. Əлі күнге дейін «Есей аға не дейді екен? Есей аға не жазыпты?» деп жүреді. Ескі де жаңа оқырмандарына Есей Жеңісұлынан су жаңа əңгіме ұсынамыз. «Ұсқынсыз қонжық» балаға ұқыпты болуды, үлкенді тыңдауды, еркелеп шектен шықпауды үйретеді.

Бала кезде оқып, есіңде қалған шығарма – ең ұлы шығарма. Кейін біраз оқырманның «менің өміріме «Ұланда» шыққан Есей Жеңісұлының əңгімесі
əсер етті» деуі де мүмкін ғой.

Аяғын біреу қытықтағандай болды. Ұйқылы-ояу көзін сығырайтып: «Су-у…» – деді Марал. Ешкім үн қатқан жоқ, су да әкеп бермеді.

Табаны тағы жыбыр ете қалды. Марал аяғын бауырына тартып, ыңғайланып жата бермек еді, «тс-с-с!» деген дауыс естілді. Жастықтан басын жұлып алды. Қараса… қараса, бір беті ісіп кеткен, бір құлағы шолақ қонжық қарап тұр. Маралдың ұйқысы шайдай ашылды. Қатты қорықты. Жан-жағына қарап еді, әкесі мен анасы қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр.

Қонжық кішкентай тырнағын мұрнына тақап, тағы да «тс-с-с!» деді. Басын изеп, асүй жақты көрсетті. Қонжықтың өзін жемейтініне, үйдегілердің ешқайсысына тиіспейтініне көзі жетіп, Марал төсектен ақырындап түсті. Сонда да сақтанып, ата-анасына жаутаңдай қарап, түсі емес, өңі екеніне көз жеткізіп, қонжыққа ерді. Қонжық осы үйді бұрыннан білетін секілді, қорбаңдай басып, асүйдің есігін ашты. Жарықты қосты. Графиннен алып су құйып, Маралға ұстатты. Марал аң-таң. Ішер-ішпесін білмей, бір қарағанда қонжыққа да, күшікке де ұқсайтын жұмбақ қонағына таңырқай қарап тұрып қалды.

Осы қонжықты бір жерден көрген сияқты. Қайдан көрді? Зообаққа былтыр барған. Бірақ онда қонжық жоқ еді. Нән-нән үш аюды шарбақ сыртынан тамашалап, олардың күннің ыстығында ырс-ырс демалғанын аяп, үйге мұңайып қайтпап па еді?

Әлде цирктен көрді ме? Бірақ Ресейден келген цирктің қонжығы бұдан ірілеу болатын. Түсі де шымқай қоңыр сияқты еді. Ең бастысы, оның аузында тұмылдырық болатын. Ыңырсыған дауысы құмығып шығып, қожайынының айтқанын бұлжытпай орындап, әрбір табысты қимылы үшін қант жеп, соңында ортада томпаң қағып биледі емес пе?

Бұл қонжық соның біріне ұқсамайды. Ең бастысы, бұл сөйлей алатын сияқты. Марал суды тауысқанша күтіп тұрды да, жан-жағына барлай қарап алып:

– Мен саған ренжідім! – деді.

Марал қолындағы ыдысты түсіріп ала жаздады. Таңданғаны сонша, аузы ашылып, жаңа ішкен суының тамшылары езуін бойлай ағып жатыр.

– Бәсе, біліп едім! Менің үстіме бояуды қалай болса солай жаққаның да осыдан ғой. Салақ екенсің!

Марал бірдеңе сезгендей жанары жарқ ете қалып, қонжыққа анықтай қарады. Иә, дәл сол! Соның өзі!

– Сен қайдан келдің? – деді ақыры тілге келіп.

– Қайда қалдырсаң, сол жерден!

Марал шыдап тұра алмады, кең залдағы үстел үстінде жатқан альбомын дереу әкеле қойып, парақтай берді.

Мәссаған! Кеше кешке салған суреті орнында жоқ!.. Дәлірек айтқанда, бар, тура қарсы алдында тұр!

Міне, керемет! Ағасы мен әпкесіне айтса сенбейді-ау… Марал балалар бөлмесіне ұмтыла бермек еді, қонжық жолына тұра қалды.

– Оларды оятпа! Екеуінің сенсіз де тапсырмасы көп. Одан да мені неге сонша ұсқынсыз ғып салдың, соны айтшы!

Марал ұялып жерге қарады. Кеше кешке әкесіне «қонжықтың суретін салып бер» деп еді, жұмыстан шаршап келгенін айтып, ерте жатып қалды. Анасының қолы ешқашан босаған емес. Оның үстіне, анасының сурет салғанын көрген де емес. Медицина қызметкері ғой, жазуын адам түсініп болмайды. Сурет салса, тіпті бүлдіретін шығар. Ал төртінші сыныпта оқитын ағасы суретті тәп-тәуір өрнектейді. Тәуіріңіз не, айнытпайды. Бірақ кеше ол бір пәннен «екі» алып, бұрышқа тұрған. Қарындасына сурет салып беретін жағдайы болған жоқ.

Балабақшада тәрбиеші апай үй тапсырмасына қонжық салуды тапсырған-ды. Әпкесі мен ағасының қасына отырып, алдымен түрлі-түсті қарындашпен, артынша бояумен әлектеніп, қонжықты бейнелеп шыққан. Бірақ икемі жоқ па, бары сол ма, қонжығы ұқсамай қалды.

Міне, бір беті екіншісінен үлкен, бір құлағы шұнақ, бір саусағында – үш, бір саусағында төрт тырнағы бар, қарны жуан, аяғы жіңішке кейіпкері алдында тұр.

– Қара қонжық, сен кешірші мені… – деді Марал шын өтініп.

– Мен қара емес, қоңыр қонжықпын.

– Иә, қоңыр қонжық, кешірші. Сен… альбомнан қалай шығып кеттің?

Қонжық тоңазытқыш тұрған бұрышқа барып, шөкелеп отыра кетті. Мөп-мөлдір көздерімен Маралға мұңая қарады.

– Сенің ойыңша, осы түріммен альбомда тұра бергенім дұрыс па? – деді сосын сыбырлай үн қатып.

– Мен осыған дейін қанша сурет салдым, бірақ олардың ешқайсысы маған келген емес қой… – Марал әлі де сенбей тұрғанын осылай білдіріп қойды.

– Олар келмесе, сені кешіріп келді. «Кішкентай ғой, қолы жаттықсын, әлі-ақ ұқсатып салып үйренеді» деді. Сен қайдағы кішкентайсың, осы жазда беске толасың ғой?

– Иә.

– Беске толатын бала мектептің даярлық сыныбына баруға дайындалады. Ертең мектепке барып, қолыңа қарындаш ұстай алмай отырсаң, мұғалім апайдан ұят емес пе?!

Марал бәрін білгіш қонжыққа тағы таңырқай қарады. Анасы айтатын сөзді бұл қайдан естіп алған? Бәрін қойшы, о заманда бұ заман, суреттегі қонжық тірілетін бе еді?

– Ал мен сені кешіре алмадым, – деді қонжық сөзін жалғап. – Өзің өскенде суретші боламын дейсің. Бірақ балабақшада апайды мүлде тыңдамайсың ғой. Ол кісі қарындашты қалай ұстауды, бояуды қалай жағуды үйретіп жатқанда, өз ойыңмен әуре болып, ыңылдап ән айтып, бәрін құлағыңның сыртынан өткізіп жібересің. Соның кесірін біз тартып жатырмыз. Әлем-жәлем болып…

Марал қатты ұялды. Қонжықтың айтып тұрғанының бәрі рас. Үйдегі еркелігін балабақшаға барғанда да істейді. Апайды тыңдамайды.

– Енді мен не істеуім керек? – деді қонжыққа үміттене қарап.

– Біріншіден, – қонжық тырнағының бірін бүкті. – Апайды мұқият тыңдап, айтқанын бұлжытпай орындау керек.

– Иә.

– Екіншіден, үйге келгенде, бауырларыңа, ата-анаңа «сурет салып бер» деп қиғылық салғанды қою керек. Басқа біреудің сен үшін еңбектенгені бірден білінеді.

– Иә.

– Үшіншіден, нақты ненің суретін салатыныңды таңдап алуың керек. Бір нәрсені салып бітпей жатып, екіншісіне ауысып кетуді қою керек.

– Иә…

– Мысалы, маған қарашы. Қонжыққа ұқсаймын ба? Жоқ. Сен бейнелеген жануарлардың бәрі өзіне ұқсамайды. Альбомның бетінде бірінің құйрығы шолақ, екіншісінің аузы-мұрны жоқ, үшіншісінің қарны дәу, аяғы жіңішке, төртіншісінің құлағы ұзын… Сондықтан нені бастасаң да аяғына жеткіз.

– Сонда…

– Немене сонда?

– Мен салған жануарлар бір-бірімен сөйлесе ала ма?

– Сөйлескенде қандай! Сендер ұйықтап қалғасын, біз де ойнаймыз. Альбомның ішінде өміріміз қайнап жатады. Бір-бірімізге қонаққа барамыз, жарысамыз, өздерің сияқты жасырынбақ ойнаймыз.

Маралдың аузы ашылып қалды. Үш ұйықтаса түсіне кірмеген жағдай болды бұл.

–Бірақ… – деді қонжық терең күрсініп. – Бірақ сен ешқайсымызды ұқсата алмағандықтан, біреуіміз сылтып басып, біреуіміз құйрығымызға шалынып, біреуіміз жасырынбақ ойнағанда, құлағымыз көрініп қалып, ойынымыз ойын болмайды…

Таң ағарып келе жатыр екен. Қонжық терезеге көз салып, қорбаңдай көтерілді.

– Барып ұйықта. Бірақ біздің қиналып жүргенімізді ұмытпа, – деді залға қарай кетіп бара жатып.

Марал күндегісінше анасының еркелете иіскегенінен оянып кетті. Керіліп жата түспек еді, жаңа ғана болған оқиға есіне түсіп, орнынан атып тұрды. Әй-шайға қарамай залға барып, альбомын парақтады. Қоңыр қонжық орнында тұр. Ешқайда кетпеген.

– Мам, түнде үйге мына қонжық келді, – деді анасына альбомын көрсетіп. – «Мені дұрыс сала алмапсың, ренжіп жүрмін» деді.

Тісін тазалап тұрған анасы альбомға көз салып, жайлап езу тартты. Аузына су алып шайқап алды да:

– Қашан келді? – деп сұрады.

– Бағана, мен шөлдеп оянғанда.

– Тағы не деді?

– «Салақ болма, бастаған ісіңді аяқта» деп ұрысты.

– Әні, көрдің бе, менің де, апайыңның да айтып жүргенін қонжығың да біледі екен.

Марал анасының сенбегеніне ренжіді. Альбомын сөмкесіне салып, анасына үнсіз ілесті. Балабақшаға дейін үнсіз барды. Суретін апайына көрсетіп жатып та жұмған аузын ашқан жоқ. Апайы төртбұрыш белгі соғып берді. Әлі «беске» жетпейді деген сөз.

Кешке үйге келе сала, Марал сурет салуға отырды. Ағасы мен әпкесінің сыртқа ойнап келуге шақырғанына да қараған жоқ. «Әліппедегі» сүйкімді қонжық суретіне ойлана қарап біраз отырды. Бір-екі рет сызып көріп еді, ұқсай қоймады.

Жоқ, бәрібір ақыл сұрамаса болмайды екен. Ағасы үйге ойынын қандырып келгенше әзер шыдады.

– Барысхан, сен менің әйбәт қыз болғанымды қалайсың ғой, иә? – деді «Балапанның» тілімен сөйлеп.

– Әрине. Қашанғы жөнсіз еркелей бересің?

– Онда… мен ерке емес, ақылды қыз болсын десең, сурет салуды үйрет!

– Әні, тағы еркелеп тұрсың.

– Еркелеп тұрған жоқпын. Шын айтам. – Маралдың көзіне жас үйіріле қалғанын көріп, Барысхан әбігерленіп кетті. «Жалғыз қарындасыңа қарай алмайсың» деп анасы тағы ренжитін болды-ау…

– Не істейін? Мамамнан кәмпит сұрап берейін бе? – деді асты-үстіне түсіп.

– Кәмпитіңнің қажеті жоқ. Сен маған сурет салуды үйрет.

– Ненің суретін?

– Қонжықтың!

– О-ой, сол үшін жылап тұрсың ба? Жүр, мен саған ең оңай жолын көрсетейін.

Ағасы залдағы ноутбукты қосып, You-Tube-ке кірді. Іздеу жолына «қонжықтың суретін салуды үйрену» деп жазып, нүктені басып қалды.

Мәссаған! Мынау шынында да оп-оңай ғой! Өзі сыртынан түсіндіріп жатқан адам қолына кішкентай кесе алып, сыртынан дөңгелектеп сызды. Содан кейін бөтелкенің қақпағынан екі құлақ жасай салды. Бұл қақпақ қонжықтың мұрнын бейнелеуге де жарады. Қарнының орнын қарындаштың сыртқы қорабынан сызып, төрт бұрышын көлбей қосты. Екі қолы мен екі аяғын сәл сопақтау ғып салып еді, қонжық пайда бола кетті.

Барысхан мен Марал осы көргендерін енді қағаз бетіне айна-қатесіз қайталады. Ас үйден біресе кесені, біресе бөтелке қақпағын тасып жүрген Маралға анасы таңдана қарағанмен, сөге қойған жоқ. Бәрібір Марал сүйкімді қонжығының аяғы мен қолын аса ұқсата алған жоқ. Барысхан ерінбей, қарындасының қолының сыртынан ұстап сыздырып, бір кезде ретке келтірді-ау…

Қоңыр қонжықтың кеуде жүнін әппақ қып қалдырып, бір кезде ағасы мен қарындасы суретті аяқтады. Марал ағасының бетінен сүйіп алды. Қандай ақылды бала өзі!

Бірақ сол түні қоңыр қонжық келген жоқ. Таңға жуық өзінен-өзі оянып алып, Марал елегізіп күтіп жатты. Тіпті болмағасын, «су-у!..» деді өтірік ұйқысырап. Анасы әкеліп берген суды да ықылассыз ішті.

Әпкесі мен ағасына айтып еді, олар өзін мазақтады. «Көрген түсіңді өңің екен деп қалғансың ғой» деді олар.

«Ұсқынсыз қонжық маған қатты ренжіпті» деп ойлады Марал. Балабақшада да көңілсіз жүрді. Альбомын ашып қарағысы келмеді.

Кешкісін анасына томпаңдап еріп келе жатып:

– Мам, біреуді ренжітіп алсам, қалай көңілін табуға болады? – деді ересектерше ойлана сұрақ қойып.

Енді анасы ойланды. Екеуі үн-түнсіз ұзақ жүрді. Зәулім үйдің ауласына кірген кезде ғана:

– Біреуді ренжітіп алсаң, іштей «мені кешірші» деп қайтала. Ренжіген адам сенің іштей қиналғаныңды сезінеді, – деді анасы.

Марал түсінген жоқ. Айтатынын ішінен айтса, оны қоңыр қонжық қалай естиді? Үлкен адамдар қызық осы…

Сонда да «мені кешірші, қоңыр қонжық, енді сені ренжітпеймін» деп қайталай берді. Үйге келген соң, тәрбиеші апайы берген тапсырманы ықылассыз орындай бастады. Бұл жолы мысықтың суретін салу керек еді. Ыңылдап отырып, Барысхан үйреткен әдіспен біресе кесені, біресе қорапты, біресе өшіргішті айналдыра сызып, мысыққа ұқсатып шықты. Манағы реніштің бәрі ұмытылып, көңілі көтеріліп қалғанын өзі де байқамады.

Қоңыр қонжық бұл түні тағы келген жоқ. Сірә, кешірмейтін болғаны ғой…

Марал таңертең балабақшаға кетер алдында альбомын парақтай бергенде… мысығының орнында жоқ екенін байқады. Қайда кетті? Өшірілген із де білінбейді. Кері қарай парақтай қалып… Марал аңқайып қалды. Парақ үстінде қонжық пен мысық бірін-бірі қуалап жүр! Таңырқап тұрған Маралға қоңыр қонжық көзін қысып қояды.

«Мам, естіпті! Қонжық мені кешіріпті» деді ол анасына алақайлай жүгіріп. Анасы қызының қолындағы альбомға еріне қарап, қонжық пен мысыққа самарқау көз тастады. Кішкентай баланың қолынан шыққан кәдімгі сурет. Ерекше ештеңесі жоқ.

Сәлден кейін анасының қолына жармасқан Марал өзінің қоңыр қонжығы секілді қорбаңдай басып, ауладан шығып бара жатты. Қазір ол достарына бәрін айтып береді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз